Алматыда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында «ашық есік күні» өткізілді. Кішкене балғындар ғылыми орталықтағы әр саладағы жетекші мамандардың тексеруінен тегін өтіп, бүлдіршіндердің ата-аналарына кеңес берілді.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы директорының педиатрия жөніндегі орынбасары, медицина ғылымының докторы Риза Боранбаеваның айтуынша, республикалық мекеме болғандықтан мұнда емделу тек квотамен және ақылы жүргізілетіндіктен орталықтағы кәсіби жоғары деңгейдегі педиатр, кардиолог, уролог, хирург, гастроэнтеролог, гемотолог мамандарға алматылықтардың қолы жете бермейтін көрінеді. Сондықтан шығар, «ашық есік күні» ғылыми орталықтың емханасында бұрын-соңды болмаған кезек болып, кейбір ата-аналар бір емес, екі-үш балаларын жетектеп әкеліп, дәрігерлерге көрсетіп жатты. Мұндай шаралар жыл сайын өткізіліп тұратынын ескерсек, әрине, өз кезегінде ата-аналар балаларын кәсіби маманға көрсетіп, кеңес алғандарына өз ризашылықтарын білдіруде. Оның себебі ауруды неғұрлым ерте бастан анықтау қашанда маңызды.
Жыл сайын Қазақстанда орта есеппен 130 бала мен жасөспірім ақ қан дертіне шалдығады екен. Өкінішке қарай, бұл кеселдің пайда болу себебі әлі күнге анықталмай отыр. Алайда, бұдан бұрынғы жылдары ақ қан ауруына шалдыққандар өмірмен қош айтысатын болса, қазіргі кездегі жаңа емдеу тәсілінің нәтижесінде олардың 70-75 пайызы құлан таза айығып шығады.
– Осыдан екі ай бұрын баламның денесі бөртіп, дене қызуы түспей қойды, – деді бізге онкогематологиялық бөлімшеде емделіп жатқан үш жасар Сұлтан Әкімжановтың анасы. – Сөйтсек, осындай жаман ауруға шалдығыппыз. Ауруханада жатқанымызға екі ай болды. Екі аптадан кейін баламды демалуға жібереді. Дәрігерлердің айтуынша әлі алты ай емделетін түріміз бар. Бүгінгі ашық есік күніне бұрын ауырған балалардың өздері, ата-аналары келіп, мән-жайды түсіндіріп, бұл кеселден құлан-таза жазылуға болатынын естіп, жүрегіме үміт оты ұялап, көңілім аз да болса тыншығандай. Әрине, мұндай ауруды жеңуде ата-анаға да, балаға да үлкен күш-жігер керек. Балапаным үшін қандай жағдайға да көніп, аурумен күресуді тоқтатпаймыз.
Терезе жақта момақан отырған жас жігітке көзіміз түсіп, оны да сөзге тарттық. Өзін алматылық Құмарбек Тәтенов деп таныстырған ол бүгінде колледж студенті екен.
– Ауырғаныма бес жылдан асты. Ол кезде он екі жаста болсам, қазір он жетіге толдым. Маған ақ қан диагнозы қойылған соң бір жыл ауруханада жатып емделдім. Біраз демалыстан кейін бір жыл гепатиттен емделдім. Әсіресе, химиятерапия емі өте ауыр өтті. Қиналасың, бірақ мамам жанымда болған соң, бәріне шыдадым. Соның арқасында жазылдым деп ойлаймын. Ем, дәрінің бәрін тегін, бірақ кейде керек кезінде дәрілер болмай, өзіміз сатып алуға тура келді. Науқасымның ауырлығына байланысты бес жылға мүгедектік берген болатын. Алдағы мамыр айында арнайы комиссиядан өтемін. Ары қарай созса көреміз, созбаса шығарып тастауы мүмкін. Енді жасымның кәмелетке толуына байланысты ересектерді емдейтін дәрігердің есебіне тұрамын. Қазір ешқандай ем алып жатқаным жоқ. Денсаулығым жақсы. Ауруханаға ата-анамсыз өзім келіп, тексеріле беремін. Қазір анам жұмыста. Мені емдеп, сауығып шығуыма көмектескен барлық дәрігерлерге, медбике апайларға көп рахмет. Ол кісілер қай уақытта болмасын, күндіз-түні көмектерін аяған емес. Қазір өзімді толық емделіп, аурудан толық айықтым деп ойлаймын, – деді бізге Құмарбек.
Бүгінде орталықтағы екі онкогематологиялық бөлімше 60 төсек-орынға есептелінген. Алайда, соңғы үш-төрт жылда бөлімшелерде 90 баладан жатып емделуге тура келген. Үлкен палаталарда бес-алты науқас баланың жанында бес-алты ананың бірге жататынын ескерген, ондағы жағдайды көзге елестету қиын бола қоймас. Тек, осыдан бір ай бұрын Астанада Бала мен ана Ұлттық орталығында отыз төсектік онкогематология бөлімі ашылғаннан бері ғана, бөлімшелер аз да болса жеңілдеп, дәрігерлердің тынысы ашылған.
– Мәселен, шетелде бір дәрігер дәл осындай лейкозбен ауыратын бес науқас баланы емдесе, – дейді Риза Зұлқарнайқызы, – ал бізде жалпы бұйрық бойынша бір дәрігерге он екі баладан келеді. Бізде былтырғы жаз айында жүзге тарта бала емделгенде, әр бөлімшеде екі-ақ дәрігерден жұмыс істеді. Сонда әрқайсысына жиырма бес баладан келді. Әрине, бұл медбикелерге физикалық жағынан қандай ауыр болды десеңізші. Сондықтан біздер балаларды аналарымен жатқызуға тырысамыз. Қанша айтқанмен, қай ана да өз баласын күтуге тырысады. Ал оларға не төсік-орын, не тамақ берілмейді. Тек бір жасқа дейінгі аналарға ғана тамақ қарастырылған.
Бүгінгі күнде орталықтағы екі бөлімшеде жеті дәрігер, ауысыммен жиырма медбике, бес-алты кіші медбике жұмыс істейді. Бұрынғы ақылы бөлімнің орнына гепатиттен емделетін бөлімше ашылған. Онда гепатит ауруы асқынған науқастар көшіріледі. Әрине, еліміздегі қай емдеу орнында маман жетіспеушілігі орын алуда. Дегенмен, күрделі емді қажет ететін онкогематология бөлімшесінде кадр мәселесінің неше жылдан бері шешілмей келе жатқаны, әсіресе, бүгінде жаны ауырып, қиналып қан дертімен ауырып жатқан балаға да, жанын шүберекке түйіп отырған анаға да оңай тиіп отырған жоқ. Ал кадрдың келмеуінің бірнеше себептері бар. Мамандар көбінесе, гематология бөлімінде жұмыс істеу моральдық жағынан да, физикалық жағынан да ауыр екенін, ең бастысы, жалақының төмендігін алға тартады. Риза Зұлқарнайқызы қазір резидентурадан бір дәрігерді өздері баулып жүргенін, қыркүйек айынан жұмысқа кірісетінін айтып, соған да қуанып отыр.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Алматы.