• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2011

Қазіргі ауыл жастары неліктен дәрменсіз?

686 рет
көрсетілді

Ауыл азаматымен танылады Сонау ерте заманда бір бай селтеңдеп алаңсыз жүрген жігіт жасындағы келген баласын шақырып алып сенделіп бос жүр­генше, еңбек етіп табыс тап. Өмірдің қиындығына тө­сел, деп талап қояды. Жал­қау­лыққа әбден салынып, жеңіл өмірге үйреніп алған әлгі ерке баланың жұмыс істуге көңілі соқпайды. Оның бұл пейілін ұқ­қан шешесі, “кешке өз ең­бе­гіммен таптым деп әкеңе бер“, дейді де қолына бір ділдә ұс­та­тады. Кешке үйге оралған бетте бала шешесінің ақылы бой­ынша манағы ақшаны әкесіне береді. Ал, әкесі болса ділдәні ала сала жанып жатқан отқа лақтырады. Келесі күні бала шынымен де өз еңбегімен ақ­ша тауып тағы да әкесіне ұсы­нады. Әкесі кешегі әдетімен ол ақшаны да отқа лақтырады. Сол кезде бала қолының күй­геніне қарамай, әлгі ақшаны оттан жұлып алады. Сонда әкесі балам, мына ақшаны ра­сымен де өз еңбегіңмен тапқан екенсің, деп өз ризашылығын білдіреді. Бұл – халық арасында кө­неден келе жатқан аңыз әңгіме болса да, өмірдің нақ орта­сы­нан ойып алынған терең фило­софиялық мәні бар, саналы адамды ойға жетелейтін дүние. Ең­бектің парқын білмеген адам, оны шын бағалап, қаді­рін біле бермейді, еңбекті құр­мет­темейді. Таза еңбек қана адамды бақытқа кенелтіп, ра­хатқа бөлеп, мәнді өмір сый­лайды. Жеңілдің астымен, ауыр­дың үстімен жүретін, беріліп еңбек етпей-ақ өмір сүр­гісі келетін жандар қазіргі мына қоғамда көбеймесе азаяр емес. Қазір біреуге иек сүйеп, өмір сүрушілер көбейді. Ауыл­ға бара қалсаң жұмыссыз, мақ­сатсыз көшеде топ-топ болып сенделіп жүрген жастарды көресің. «Не істеп жүрсіңдер?» деген сұраққа, бірінің аузына бір түкіріп қойғандай олар жа­мырап: «Ауылда жұмыс жоқ қой. Басқа жаққа баруға зауқы­мыз тартпайды. Туған жерді, атамекенді қимаймыз. Оның үстіне қолымыздағы ата-ана­мызды кімге қалдырамыз. Олар біздің бетімізге қарап отыр емес пе?» деген уәж айтады. Өздері сол қарттардың зейнетақысы мен жас бала­ларына мемлекет ай сайын беріп жатқан жәрдемақыны нәпа­қа етіп, күнелтіп жатқандарын жасырып қалады. Шындап кел­генде, ой таразысынан өт­кізер болсақ, істеймін деген кісіге ауылда жұмыс бастан асып жатқан жоқ па? Жаздағы мүмкіншілікті пайдаланып егін егіп, бақша салып, шөп шауып дегендей, біраз тірлік жасауға болады емес пе? Тіпті ол қолы­нан келмесе, мал өсіріп, оның басын көбейтіп күнделікті тіршілігін алға бастыруға болады ғой. Алысқа бармай-ақ қоялық, өзіміздің Мерке өңірінен өтіп бара жатып, үлкен жолдың бойында ара балының нешебір түрін қысы-жазы сатып тұрған басқа ұлт өкілдерінің (орыс, украин және де басқалар, тек қазақ емес) төзімділігіне, еңбек­қорлығына қайраң қала­сың. Ойласаң, солар өздері кә­сіп еткен омарта арқылы бүкіл отбасының нәпақасын өтеп, күнделікті қажеттілігін қамта­ма­сыз етіп отыр емес пе? Ал, біздің қандастарымыз, ондай іске баспайды, тіпті, аштан ілмиіп, сіңірі созылып жүрсе де оны намыс көреді. Еріншектік, жалқаулық, селқостық, енжар­лық, тоғышарлық, берекесіздік, дауасыздық көп жастар­дың (әсіресе, біздің қазақ аза­маттарының) бойын қатты билеп алған тәрізді. Басын ауыр­тып, бұлшық етін сыздатып, терлеп еңбек еткісі келетіндері шамалы. Марғау өмір, жігерсіздік, бейжайлық, сірә, қанға сіңіп кеткендей. Бұл дүрбелең­ге толы заман көшінен қалып, баянсыз өмір сүріп жатқандар­ды көріп, кеудем қарс айрыл­ғандай болады. Біреуді біреу асырайтын уақыт баяғыда-ақ өтіп кеткенін әлгілердің ұқпай­тыны мені мазалап, ызалан­ды­рады. Бүйте берсе олар біреулерге ертең құл болатынын неге тү­сінбейді. Қайдам, басқалар қан­дай екенін, ауылға барсам ішкі дүнием әлем-жәлем болып, көңі­лім құлазып, жүрегім езіліп, күңі­реніп қайтамын, дейді кезінде ауылда өсіп, жоғары білім алып, көптеген жылдар облыс­тық мекеменің бірін басқарған, қазіргі зейнеткер Әлібек деген таныс кісім. Ауылдағы көптеген үйлердің маңында бау-бақша мүл­дем жоқ, жағалай арамшөп басып, есік алды қаңсып бос жа­тыр. Сол маңнан ағып жатқан Талас өзенінің суын өз пай­даларына жаратуға ерінеді-ау сабаздарың. «Оу, ағай­ындар! Мына тірлік­терің не? Анау өзен жағасындағы бос жат­қан жерлерді иемденіп, жыртып, егін мен бау-бақша, ең болмаса жоңышқа егіп, пайдаға асырмай­сыңдар ма? Бақша неге екпей­сіңдер, неге сөйтіп оның пайдасы мен рахатын көрмей­сіңдер?» деген сұраққа олардың жауабы дайын тұрады: «Суды шығаруға күш керек, техника керек. Егін, жоңышқа, бау-бақша ексек оған мал тыныштық бермейді, жайпап, жеп қояды. Сон­дықтан еш­теңе екпейміз». «Огород, егін ексеңдер, неге оған мал түсірмей, қарауылдамайсың­дар?». «Басы­мыз­дың оған піскені бар ма, мал өсірсек соның өзі бізге жетпей ме?» деген уәж айтады әлгілер. Ал сол малға пішен-шө­бі, жо­ңыш­қасы қыстың соңына қарай жетпей, қаладағы базардан шөп алып, машинаға тиеп ауылға кетіп бара жатқан талай жерлестерімді көрдім. Уақыт көшінен кешеуілдеп қалған ауыл тұрғын­дарын түсіну қиын. Міне, қазіргі ауыл тұрғындарының боямасыз өмірі. Бұған сенесіз бе, сенбейсіз бе деп маған ой тастады әлгі көңілі ояу, көзі ашық азамат. Иә, несін айтамыз, «Ауыл –біздің алтын діңгегіміз», «Ауыл – алтын бесігіміз» деп ауылды мадақтап жүріп, ондағы берекені кейінгі жылдары қожыратып ал­ға­нымыз жасырын емес. Бәріміз ауылдан шықтық, ауыл тұр­мы­сын, ауыл адамының психоло­гиясын бір кісідей білеміз. Еріксіз көз алдыма көлбеңдеп ту алыста қалған, бүгіндері тәтті сағымға, сағынышқа айналған балалық шақ келеді. Ол кезде әке­леріміз бен шешелеріміздің кет­пен-күректер мен білектің күшімен ауыл сыртындағы өзен бойында шым тоған жасап, оның суын нешебір жарғабақтардың бетінен қиып өткізіп, иін арықтар арқылы егіндікке, бау-бақша егетін жазықтарға, ауыл көшелеріне су шығарып, жаз бойы сол арық­тардың көмегімен бау-бақша өсіріп, тал-дарақ егіп, үй маңын көгалдандырып, тек бір отбасын ғана емес, бүкіл өңірді берекеге айналдырып, жаз бойы көкөніске (қауын-қарбыз, өрік-алма, картоп, пияз және т.б.) тойғызып, ауылдың берекесін келтіріп, керемет бір жан рахатына бөлейтін. Ой, шіркін, сол оралмас күндер-ай десеңші! Ауыл сыртындағы таудың асау, тентек өзеніне су диірменін орнатып, бүкіл ауыл сол диірменнен бидайларын сапалы қап-қап ұнға айналдырып, ыстық табананмен қысы-жазы отбасын қамтамасыз етуші еді. Қазір оның барлығы көзден бұл-бұл ұшқан. Неге? Ауыл маңынан ағып жатқан өзеннің мол суын пайдалануға құнт жоқ, барлығы «техника жоқ», «трактор-бульдозер, экска­ва­тор жоқ» деп қу шөппен ауыз­дарын сүртіп, біріне-бірі қарап отыр. Олар сырттан біреу келіп тоған байлап бермейтінін білмейді дейсіз бе, біледі. Біле тұра біріне-бірі иек артып, тоғышарлыққа салынып, ешқайсысы артық қи­мылдағысы келмейді. Қазақтың «қолы қимылдамағанның, аузы қимылдамайды» деген дана сөзін ұмыт қалдырған. Оның орнына олар қалаға барып, базарда арбаша итеріп, көше бойындағы «еңбек биржасында» жүрген­дер­дің санын көбейткенді жөн көреді. Дәлірек айтсақ, олардың басым көпшілігі ертең қаланың сан қилы өміріне араласып, жұ­мыс таппай сандалып, қиындық қыспағына түсіп, тоз-тоз болып абыржып, күнелтудің құлына ай­налады. Бәзбіреулері араққа са­лынып, тіпті, олардың бірен-сара­ны үйсіз-күйсіз «бомжға» айналуы ғажап емес. Өйткені, қала өмірі қатал, бейқамдықты кешіре бермейді. Сенделіп бейберекет жүріп, уақыт келе «бомждар» қатарына қосы­лу­дан, жанаярлық үй-күйсіз адамға айналудан артық адам басында азап, қасірет бар ма екен? Адам деген ардақты атымыз қайда қалады? Сонда не, ойланайық­шы, бұл біздің өмір салты­мыз­ға айналып бара жатқан баяғы еріншектіктің, сел­қос­тық­­тың, немқұрай­лық­тың, жал­қау­лықтың кесірі емес пе екен? Кейде күйбең тіршіліктің шыр­мауында жүріп, жан-жағы­мызға онша зер сала бермейтініміз бар. Түсінген адамға, қазір көзін тапсаң нағыз еңбек­қорлардың, қолынан іс келе­тін­дердің заманы емес пе? Ауыл-селоның ахуалын жақсарту үшін мемлекет көптеген игілікті істер атқарып, мол қаржы бөліп жатыр. Бірақ, сол бө­лінген қаржыны алып, көзін тауып іске жұмсап жатқан жан­дардың саны әлі мардымсыз. Ауылда қолға алып, тігін ше­берханасын, шаштараз, жиһаз жасайтын орын, шағын наубайхана, монша, құсхана, малды бордақылап, оларды соятын қа­сапхана, ет өнімдерін өңдейтін цех және басқа көпшіліктің тұрмыс-тіршілігін жеңіл­де­те­тін, сөйтіп қолын ұзартатын мекемелер ашу көптің ойына келе бермейтіні несі? Басқа ұлттың жастары компьютер, радиотехника, телевизор, тоңазытқыш, сағат, кіржуғыш мәшине жөн­деуді әп-сәтте меңгеріп алып, ауылда болсын, қалада болсын шеберхана ұйымдастырып, күн­делікті табысын тауып отыр емес пе? Ал біздің жастарымыз басым көпшілігі жұмыссыз­дық­тан көше кезіп, аяқкиім тоз­дырып, әке-шешесінің мойнына масыл болып, жалпақ тілмен айтқанда, «көшеде ит қуып жүр». Олар ертеңгі күнін мүлде ойламайтын сияқты болады да тұрады менің болжауымша. Уақыттың тез өте шығарын, жалындаған жастық шақ ертең-ақ артта қаларын, балалы-ша­ғалы болған кезде оларды немен асырарын неге ұқпай­ты­нына менің таңым бар. Әйтеуір, бір күні аман-есен өткенге мәз, барлығына бей-жай. Болашағын ойлап жүргендері шамалы. Білмеймін, менімше, әзірге ауыл ахуалы, экономикалық жайы көңілді көншіте қоймай­ды. Ауыл десе алдындағы ішіп отырған асын қоя салатын, тіпті, жанын беретін, жалындап тұрған, жүрегі патриоттық сезімге толы азаматтарды бұл күн­дері сирек кездестіресің. Соң­ғы жылдары жоғары оқу орындарын бітірген жас ма­мандарды ауылды дамытуға ша­қырған «Дипломмен – ауылға!», «Ауылға кел, жас маман!» деген үндеу жастар ара­сында қолдау табуда. Сол пат­риоттық көтеріңкі сезіммен ауыл­ға қанаттанып барған жас­тарға жергілікті әкімдік қолдау көрсетіп, материалдық және тұрғын үй мәселесін дер кезінде шешіп бермесе олар ауылға сіңбейді, ертең-ақ басқа жақтан жылы орын іздеп кетеді. Егер солай болса ауылды қалай тү­летіп, гүлдендіреміз? Ауылдық жер­лердің инфрақұрылымын (жол­дарды жөндеу, ауыз су мәселесін шешу, балабақша ұй­ымдастыру, клуб пен дүкендер ашу және т.с.) дамытпай көп нәрсені шешу мүмкін емес. Бұ­лар алдыңғы күндерде қолдау та­батын мәселелер деп үмітте­неміз. Соңғы кезде «ауыл» десе жү­регім сыздайтын әдет пайда болды менде. Көз алдыңа көл­беңдеп ауылдың қазіргі ауыр тыныс-тіршілігі келіп тұра қа­лады. Кейде туған жер, өскен ел, атажұрт мәңгілік сағыныш мекені ме деп ойлаймын. Сол сағыныш мекенінің қадірін, ауылда туып, қазір қалада тұ­рып жатқан біздер, біліп жүрміз бе? Ауылды қаз-қалпында, берекелі күйінде сақтап қалу үшін барлық мүмкіншілігімізді толық пайдаланып жүрміз бе? Ауыл тұрғындары неге жүдеу, берекесіз, тіпті, дәрменсіз? Ойланатын мәселе... Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Тараз.