• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2011

Хирург хикаясы

534 рет
көрсетілді

«Бір хирург ағамның хи­каясы бар. Соны жазыңызшы, – деді жақында таныс ініміз. – Сабақ боларлық жағы жоқ емес. Аупарткомда істеп жүрген жыл­дарда ол кісінің үстінен арыз түскен. Тексергенбіз. Адамның тағдыры деген қиын ғой. Бәрін мен айта бермейін. Хирургтің өзімен кездестірейін». Кездестік. Хирургпен. Әңгі­ме­лестік. Алғаш: «Несін жасы­рамыз, аты-жөндерімізді нақ-нақ атап жаза беріңіз», – деді. Кейіннен: «Біраз-біраз кісілер бақи­лық боп кетті. Ныспыларын анық көрсетпей-ақ қойғаныңыз жөн», – деді. Солай келістік. Хирургіңіз – кәдуілгі қазақ­тың қара баласы. Бүгінде жасы жетпіске таяған. Шашы бурыл. Өмірге, қоғам мен заманға, жал­пы адамға өкпесі жоқ. Барлық нәрсеге, күллі құбылыстарға сәл-пәл күліңкіреп қарайды. Пәл­са­палық мән-мәніс берің­кі­реп. Дегендей. Ең бастысы, әуе­лі Алла­ның арқасында, сонсоң-сонсоң барып оташылық тәжіри­бесінің нәтижесінде қаншама адам­дар­дың өмірін сақтап қал­ғанына қуа­нады. Ғұмырына, көр­ген азаптары мен ғажап­тары­на шүкірлікпен қа­нағаттанады. Жарық дүниеге келмегенде қай­те­-тұғын еді. Сонау соғыстың екінші жа­зында, қырық екінің өрігі уыл­жып пісіп, сырт-сырт үзіліп тү­сіп жатқанда дүниеге келген. Өз­бекстанның Сырдария облы­сын­да. Сырдария ауданында. «Шы­бын­тай» шаруашылы­ғын­да. Әке­сі соғыстан қайтпаған. Шешесі перзенттерін қайткенде қатарға қосамын деп, Шард­а­ра­ның шал­қар даласын шарлап ба­рып, кезінде Киров ауданы атан­ған ай­мақ­қа, бүгінгі Мақтаарал­дың бір мүйісіне тұрақтаған. Қазіргі хи­рургі­ңіз қайта-қайта барып жү­ріп, Алматыдағы медицина инс­ти­тутына әзер түскен. Оқу оңай­ға соқпаған. Орысшасы нашар­тұғын. Еврей қыздардан үйренді. Қалтасы тесік-тұғын. Күндіз оқып, түнде мәйітханада қара жұ­мыс істеген. Алғашқы курста азап­қа шыдай алмай, 360 сту­денттің 160-ы институтты тастап  кеткен. Бұл тістей қатып, тыр­мы­сып баққан. Алпыс жетінші жы­лы тәмамдаған. Қазіргі вице-премьеріңіз Ербол Орын­баевтың әкесі Тұрмахан Орын­баев Шым­кентіңізде облыстың бас хирургі екен. Қамқорлық көр­сетті. Қа­наты­ның астына ал­ды. Бірте-бірте бұл – бас хирург­тің қамқор­лығындағы жас хирург, ізденімпаз, ізгі жанды маман ретінде та­ныла бастаған. Жұмыстан жа­лық­паған. Күні-түні аянбаған. Со­лай қалыпта­сып кеткен. Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, Шымкент шаһары, қала берді облысыңыз бойынша сұлу дейтіндей қызға үйленді. Хи­рургі­ңіз  қазірге дейін: «Одан ар­тық сұлуды осы күнге дейін көрген емеспін», – дейді. Солай меңзеп, күліп қойды. Күрсініс күткен едік. Күрсінбеді. Күле берді. «Бақытты болдық. Өте ба­қытты едік. Қайырымды, риясыз қамқорлықты титтей де міндетсінбей жасайтын мейірімді кісілер көп еді, – дейді хирург аға­мыз. – Екеуміздің қосылғаны­мыз­ға қуанбаған жан жоқ сы­қыл­­ды-тұғын сонда. Үйлену то­йы­мыз­дың өзін Тұрмахан Орын­баев пен Оразалы Шоманбаев сын­ды әріптес, басшы ағал­ары­мыз жасап берді». Біраз уақыт өткенде хирургті қудалау басталыпты. Күншілдік деген қиын. Іштарлық деген бәле. Содан Өзбекстанға көшті де кетті. Сырдарияңыз жаңадан облыс бол­ған. Төрт айдан соң Сырдария қаласындағы аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушілігіне көтерілді. Тап сондай күндердің бірінде қала бастықтарының ба­ла­лары өзара атысып, біреуі аса ауыр жараланды. Хирург өте қат­ты қауіп төніп, өлім аузында жат­қан баланы ажалдан аман алып қалды. Атағы «әлемге» жайылды. Үйіне анау-мынау дүние көп келе бастады. Келіншегінің сондай-сондайға беріліңкірегенін кешірек байқады. Мәскеуде үш ай оқып, мамандығын жетілдірді. Катего­рия­сы көтерілді. Атақ-даңқы кү­шейді. Ешкім тиісе қоймай­тын­дай, арамдық аяқтан шала алмастай сезінген. Онысы бекер екен дә. Тағы да күншілдік пен іш­тар­лық іштен шалды. Жала жабылды. Қазақтың қайраткер перзенттері Қаржау Жарқынбеков пен Төрегелді Шарманов көмектесті. Жетпіс бесінші жылы Шым­кенті­не қайта оралды. Вагид Мех­ма­ног­лы Алиев облыстық ауру­ха­наны басқаратын. Қуана-қуана қа­былдады. Қызметке. Категория­сына көз жеткізді. Шеберлігін мо­йындады. Жанынан шығармай­тын­ға айналды. Бұл бейнет­қор­лығынан танбады. Сексен бірінші жылы үлкен бөлімшені басқаруға кірісті. Күні-түні ерінбей еңбек­тенетін қасиетінен танбады. Үл­кен-үлкен басшылармен, тіпті об­комның екінші хатшысы Нико­лаев­тың, қала дөкейлерінің, медицина мекемелері бастықтарының отбасыларымен араласатын бол­ды. Үй-жайларын жақсартты. «Кешіріңіз, мен ол туралы жаман сөз айтпаймын. Кінәла­май­мын. Адамның аты адам. Пен­де­нің аты пенде. Бәріміз де пендеміз. Дүниеге, алтын-күміске, та­ғы­сын-тағыларға қатты берілің­кі­реді. Өзі де әжептәуір мекемені басқара­тын. Өсек көбейді. Алғаш мән бермейтін ем. Жұмысқа ерте кетем, кеш қайтам. Санитарлық авиация деген бар, іссапарлар бар… Арғы жа­ғын түсінген шы­ғарсыз. Ажы­рас­тық. Көзім әбден жет­кен соң: «Мен кетемін. Қан­дай шартың бар?» дедім. Үй-жайды, тағысын-тағыларды өзіне ғана қалдырғысы келетін ойын білдірді.  Бәрін тастап шығып кет­тім. Тағы да айтам, кінәларын тізбелеп, ғайбаттағым жоқ. Әркім өз әрекетіне өзі жауап береді. Хадисте: «Өмірден озған­дарды сөк­пең­дер, өйткені, олар ендігі жерде өздерінің жасаған істерімен жо­лықты» демей ме? Тағ­дыр ғой. Өмір ғой... Ол мені қайта оралады деп ойлады. Оралмадым. Орала алмадым...» Осы жерде сіздің тілшіңіздің таныс інісі әңгімеге араласты. «Бір күні обкомның хатшысы қол қой­ған тапсырма қағаз төбесіне тігілген көлдей арыз жетті. Шым­кент­тегі Дзержинский аупарт­комы­ның бірінші хатшысы Ра­биға Көлбаева еді. Парасатты, ізгі ниетті кісі ғой. «Оқып шығы­ңыз­шы», – деді. Оқыдым. Обком хат­шысы арызда көрсетілген фактілер бойынша шұғыл шара қол­дану­ды, яғни аупарткомға қа­рай­тын бастауыш партия ұйы­мын­­дағы коммунист дәрігерді – об­лыстық аурухана хирургия бө­лім­шесінің басшысын партиядан шы­­ғаруды тапсырған. «Қай­те­міз? Обком хатшысының нұс­қауын орындаймыз ба?» – деді Рабиға Құрманбайқызы қина­лыс­ты үн­мен күрсініп. «Мен бұл хирургті де, болған оқиғаларды да біраз-біраз білемін. Өте білгір, ең­бек­қор, ақ халатты абзал жанның міндетін екі жүз пайыз орын­­дай­тын маман. Адал, ақ­жү­рек адам. Ажырасуының негізгі себебі де белгілі. Түбегейлі түр­де, қайта тексерейік. Ұжым­дар­дың, партия ұйымының пікірімен сана­сайық, әйтпесе, обал болады ғой», – дедім. Рабиға Құрман­бай­қызы: «Дұ­­рыс, обал боп жүр­ме­сін, асық­пай анықтайық», – деді». «Иә, Исекеңдердің арқасын­да аман қалғанбыз. Әйтпесе, ол кезде тіпті қиын еді, – дейді хирург. – Моральдық жат қылыққа бәрін де жатқыза беретін. Әсі­ресе, коммунист отағасылар сы­ңаржақтықтан сорлайтын. Ал мен Көлбаева мен Әбубәкіровтің әділдігі нәтижесін­де партияда қал­дым. Жұмыстан бо­сағам жоқ. Бәрібір, өте-мөте ауыр соқты. Жұрттың бетіне қа­рау­ға қинала­мын. Айналайын, адам­дар-ай, де­сеңізші! «Сен қорсынба да, қор­ланба да. Біз сенің кім еке­ніңді, қандай адам екеніңді білеміз», – дегендер аз емес-ті. Ең­бек бәрінен де, қандай қиын­дық­тан да құтқарады екен. Еңбек, еңбек, тек қана еңбек! Осы ұстанымнан ай­ны­мауға тырыс­тым және ақпейіл адамдарға сү­йендім-ау деймін. Жар­ты жыл­дай уақыттан соң үй­лендім. Өзімді өзгеше түсінетін, ба­­сым­ды бағалайтын адам тап­тым. Білетін еді. Бәрін. Ең бас­ты­сы, терең түсінді. Ұғынды. Одан бері де талай-талай жылдар артта қалды. Уақыт шіркін бәрін емдейді екен. Бүгінгі бәзбіреулерге сабақ болсын деген ой ғана ғой біздікі. Барлық бәле-бәтірлер дү­ние-боққа шектен тыс құны­ғу­дан басталады екен дә. Күншіл­дік пен іштар­лық­қа беріліп, ба­қыттыларды азғы­ра­тындардан абай­лау керек екен. Олардың әрекеттері, аярлықтары тым-тым тереңде жатады екен дә». Хирургтің хикаясы, өте-мөте қысқа қайырғанда, осылай. Ал­ғашқы әйелі кейіннен ауыр нау­қас­қа шалдықты. Аяды. Ажалға ара­ша тұра алмады. Кек сақтау хи­рургтің жаратылысында жоқ­тұ­ғын. Ешбір жанды кінәла­ма­ды, кір­бің жимады, кір іздемеді. Сыр­ты­­нан кісі ғайбаттау да бұл аға­мыз­дың табиғатына мүлде жат еке­ні білініп-ақ тұрыпты. Алғаш­қы жарының ана дүниесі жарық бол­ғанын тілейді. Алла кешірсін бәрін де. Ар­тында қал­ған қос перзенті үлкен-үлкен мамандар боп шықты. Шет елдерде еңбектеніп жүр. Кейінгі ке­лін­шегі бұрынғы балаларын бауы­р­мал­дық­пен баурап, үлгі-өне­ге­сі­мен үйіріп алып кетті. Өзі­нің қос перзентінен кем көр­меді. Той­ла­рын жасады. Аяқ­­тан­дырды. Ел-жұрт ерекше риза. Көңіл көңіл­ден су ішеді деген осы. Мұхам­мед пай­ғамбарымыз ғала­йыс­са­­лам­ның: «Адамдар­дың ішінде адам бол!» дегені тегін емес қой. Мархабат БАЙҒҰТ, Шымкент.