• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2011

Құқықтық статистика – заңдылық кепілі

501 рет
көрсетілді

Кеше Сенатта «Қазақстан Республикасындағы құқықтық статистиканы енгізу және одан әрі жетілдіру мәселелері» бой­ын­ша дөңгелек үстел болып өтті. Отырысты Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер коми­те­тінің төрағасы Берік Имашев жүргізіп отырды. Палата Төр­аға­сының орынбасары Александр Судьин, Президент Әкімшілігі Құ­қық қорғау жүйесі бөлімінің мең­герушісі Алик Шпекбаев  сөз сөй­леді. Ал Бас прокурордың орын­басары Иоган Меркель баяндама жасады. Бас прокуратура жанын­дағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде 5 автоматтандырылған жүйе 12 ар­найы есепке алу түрлерін жүзеге асырады. Осы комитеттің төр­аға­сы Марат Ахметжановтың ай­туын­ша, азаматтар өз арыздары бойынша нендей шешім қабыл­данғанын он-лайн режімінде  немесе СМС жолдау арқылы жауап ала алады. Кәсіпкерлерді заңсыз тексерулер бойынша аталған құзырлы орган 1400 тексеру туралы өті­нішті тіркеуді қанағаттандырмай тастаған екен. Осы ретте комитет төрағасы, сенатор Берік Имашев Жапония­да­ жыл сайын қыл­мыс­тың «Ақ кі­табы» жарыққа шығатынын атап өтті. Құқықтық сау­атын ашу біздің елімізде де кең етек жаюы қажет­тігіне ерекше тоқталды. Ал Сенат Төр­аға­сының орынбасары Александр Судьин құқықтық статистика құ­­қық қорғау органдары жұмы­сы­ның тиімділігін бағалау өзегі болуы  қажет дегенді баса айтты. Құқық­тық жағ­дай­дың өзгерісі, оның уа­қыт тала­бына қарай ойысуы заң­намалық базада көрініс тапқаны ұтым­ды болмақ. Мұндай талап құ­қықтық статистика дамуының 2009-2011 жыл­дарға арналған тұ­жырым­да­ма­сын­да да көрініс тапқан. Елімізде қазіргі таңда арыздар мен мәліметтердің 90-95 пайызы тіркелетінін алға тартқан Президент Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев жасыру немесе мәліметтерді бұрмалау фактілері­нің де көптігін атады. Мәселен, Алматы қаласында өткізілген бір тексерістің нәтижесінде 1 мыңға тарта қылмыстың жасырылып, есепке алынбағаны анықталған. Ал құқықтық статистика жүргізу­ші құзырлы орган Астана қала­сында соңғы күндердің өзінде 217 қылмыстың тіркелмегендігі фактісін ашып отыр. Жалпы ал­ғанда, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 10 мыңға тарта қылмыс есепке алудан тысқары қалған. Елімізде тіркелген 800 мыңға тарта арыздар бойынша қозғал­ған қылмыстық істер 15-18 пайызын құраса, өрке­ниетті елдерде ол 30 пайызға дейін барады екен. Тіпті көрші­лес Ресейдің өзінде ол 30-35 пайыз көрінеді. Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель азаматтардан арыз алудың элек­трон­ды кітап­шасы енгізілгелі бері жағдайдың біршама жақсарғанын атап өтті. Осындай электронды тіркеу нә­тижесінде былтыр 3 мыңға тарта заңсыз тексеру оқиғалары тіркелген. Бұл  2009 жылмен са­лыс­тырғанда 3 есеге көп. Сол сияқ­ты әкімшілік айыппұл өнді­ріп алу барысы да тіркеуге алы­нып отыр. 109 миллиард теңге айыппұл бюджетке түсуі керек болса, соның тек 29 миллиарды ғана өндіріліп алынған. Бұдан басқа есепке жол-көлік оқиға­лары туралы м­әлі­меттер де кіретін болады. Ішкі істер министр­лігінің Жол поли­циясы комитеті жол-көлік оқиға­лары санын 2009 жылы 12 мың 500 деп көрсетсе, артынан тексеру жүргізу кезінде ол 55 мыңға жеткені анықталған. Отырыста құқықтық статистика бойынша көптеген пікірлер ортаға салынып, соған сәйкес ұсыныстар екшелді. Тіпті, бұрын жұмыстан босатылған мемлекеттік қызметкер туралы, әке-шеше­сінің қамқорлығынсыз қалған балалар жөніндегі де ақпараттар да тіркеуге алынатын болды. Сөй­тіп, аталған мәселе бойынша заңдық құжаттың қабылдануына ерекше ден қойылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.