• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2011

Жиын мақсаты – жастар арасындағы түсіністікті нығайту

450 рет
көрсетілді

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстандық жастар: толеранттылық және конфессияаралық үнқатысу арқылы өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа қол жеткізу» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 2009 жылғы жел­тоқ­сан айында қабылдаған №64/134 қарары бойынша 2010 жылдың 12 тамызынан 2011 жыл­дың 11 та­мызына дейінгі мерзім «Үнқатысу және өзара түсіністік» ұранымен өтетін халықаралық жастар жылы болып жарияланған бо­ла­тын. Конференция осының негізінде ұйым­дастырылып отыр. Ал мақсаты – қазақстандық қо­ғам­ды құрап отыр­ған жас буын­ның мүм­кін­дігін ашу, қоғамдағы толерант­ты­лық пен конфессия­аралық үнқа­ты­суды да­мытудағы қазақстандық жастар рөлін ай­қындау, түрлі мәдениеттер мен дін­дерді ұстана­тын жастар ара­сындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту, Қазақ­станның зайырлы және діндар жас­тарын Мәдениет министрлі­гінің Мәдениеттер мен діндердің ха­лықаралық орталығы жанында құрылатын Астана қала­сының діндар жастарының кеңесі аясына біріктіру. Мемлекеттің ішкі саясатында жүзеге асырылатын қуатты стра­тегиялық басымдықтарында әлеу­меттік-саяси және діни кеңістікте жастардың орны ерекше. Бұл жөнінде Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есім: «Жастар – болашақ пен өткеннің ара­сын жалғастырушы. Сондықтан оларға түзу бағыт беруіміз керек. Бұл ретте, мұндай басқосулардың маңызы зор. Дін – үгіт-насихат немесе атеизм емес екендігіне назар аударып, жастарға дінді мә­де­ниеттің феномені ретінде қарауды қолға алуымыз керек», – деді. Мәдениет вице-министрі Ға­зиз Телебаев «Қазақстандағы жас­тар саясаты және дін» тақы­рыбындағы баяндамасында дін­нің қоғамдағы орны ерекше, дін адамдарды жақсылыққа жетелеуші оңды үрдіс екендігіне, жас­тарымыздың дінге оң көзқарас танытып, дінге бетбұруы көңіл көншітетіндігіне, алайда, елімізге дәстүрлі діндерден бөлек, шет елдерден өзге діни ағымдар көптеп келіп жатқандығына тоқталды. Ал «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының атқару­шы хатшысы Нұрлан Өтешев: «Жастар мен олардың ұстанатын діні – бү­гінгі таңда баршамызды алаң­да­та­ды. Ғазиз Тұрысбек­ұлының жасаған баяндамасы ойға қонымды болды. Осы жобаға қатысты көрсетілетін көмектерге біздің, яғни «Жас Отан» ЖҚ да атсалысуына рұқсат етіңіз­дер», – деп ізгі ниетін ұсынды. Мәдениет министрлігі жанын­дағы Мәдениеттер мен діндердің орталығы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің үшін­ші съезіндегі айтқан бастамаларын жүзеге асыру негізінде құрылған. Адамзат өмірінің маңызды сала­ларында орын алған жаһандану және интеграция үрдістері бірінші кезекте халықтардың бірегейлігін дамыту, тарихты сақтау, мәдениетті, тіл мен дінді дамыту тәрізді мәселелерді алдыңғы орынға шығаратындығы белгілі. Конференцияда көтерілген мә­се­лелер 2012 жылы өтетін Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің төртінші съезінде талқы­ланатын болады. Бұл съезде жастар және әйелдер секциялары жұ­мыс істейді деп жоспарланып отыр. Жұлдыз БАЙДІЛДА.