Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстандық жастар: толеранттылық және конфессияаралық үнқатысу арқылы өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа қол жеткізу» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 2009 жылғы желтоқсан айында қабылдаған №64/134 қарары бойынша 2010 жылдың 12 тамызынан 2011 жылдың 11 тамызына дейінгі мерзім «Үнқатысу және өзара түсіністік» ұранымен өтетін халықаралық жастар жылы болып жарияланған болатын. Конференция осының негізінде ұйымдастырылып отыр. Ал мақсаты – қазақстандық қоғамды құрап отырған жас буынның мүмкіндігін ашу, қоғамдағы толеранттылық пен конфессияаралық үнқатысуды дамытудағы қазақстандық жастар рөлін айқындау, түрлі мәдениеттер мен діндерді ұстанатын жастар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту, Қазақстанның зайырлы және діндар жастарын Мәдениет министрлігінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы жанында құрылатын Астана қаласының діндар жастарының кеңесі аясына біріктіру.
Мемлекеттің ішкі саясатында жүзеге асырылатын қуатты стратегиялық басымдықтарында әлеуметтік-саяси және діни кеңістікте жастардың орны ерекше. Бұл жөнінде Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есім: «Жастар – болашақ пен өткеннің арасын жалғастырушы. Сондықтан оларға түзу бағыт беруіміз керек. Бұл ретте, мұндай басқосулардың маңызы зор. Дін – үгіт-насихат немесе атеизм емес екендігіне назар аударып, жастарға дінді мәдениеттің феномені ретінде қарауды қолға алуымыз керек», – деді.
Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаев «Қазақстандағы жастар саясаты және дін» тақырыбындағы баяндамасында діннің қоғамдағы орны ерекше, дін адамдарды жақсылыққа жетелеуші оңды үрдіс екендігіне, жастарымыздың дінге оң көзқарас танытып, дінге бетбұруы көңіл көншітетіндігіне, алайда, елімізге дәстүрлі діндерден бөлек, шет елдерден өзге діни ағымдар көптеп келіп жатқандығына тоқталды.
Ал «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешев: «Жастар мен олардың ұстанатын діні – бүгінгі таңда баршамызды алаңдатады. Ғазиз Тұрысбекұлының жасаған баяндамасы ойға қонымды болды. Осы жобаға қатысты көрсетілетін көмектерге біздің, яғни «Жас Отан» ЖҚ да атсалысуына рұқсат етіңіздер», – деп ізгі ниетін ұсынды.
Мәдениет министрлігі жанындағы Мәдениеттер мен діндердің орталығы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үшінші съезіндегі айтқан бастамаларын жүзеге асыру негізінде құрылған. Адамзат өмірінің маңызды салаларында орын алған жаһандану және интеграция үрдістері бірінші кезекте халықтардың бірегейлігін дамыту, тарихты сақтау, мәдениетті, тіл мен дінді дамыту тәрізді мәселелерді алдыңғы орынға шығаратындығы белгілі.
Конференцияда көтерілген мәселелер 2012 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төртінші съезінде талқыланатын болады. Бұл съезде жастар және әйелдер секциялары жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.