• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2011

Жас мамандар жәрмеңкесі өтті

544 рет
көрсетілді

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің    көптеген студенттері дип­ломын алғаннан кейін қай жерде және қандай қызметте жұмыс істейтіндігін жақсы біледі. Бұл жұ­мыс университетте жасалған «жоғары оқу орны - кәсіпорын» серіктестігі арқасында жүзеге асы­рылады. Осы бағдарламаға сәйкес ОҚМУ-да кәсіп­орындар  мен университет арасында тығыз байла­ныс орнаған, яғни өндірістік кәсіпорындар жоғары білікті кадрлар даярлауда үлкен көмек көрсетеді. Бұл дегеніңіз, жоғары оқу орнын бітіруші әрбір түлектің алдында – жақсы, беделді жұмыс табумен қатар келешекте өзін-өзі  қамтамасыз ете алу мүм­кіндігі бар деген сөз. Жұмыс іздеп, кәсіп­орын­дар мен мекемелерге бару көп уақытты талап етеді және де жас мамандарды бос орындарға жұмысқа орналастыратын ұйымдар мен компаниялардың басшыларының қабыл­дауында болудың өзі өте қиын мәселе.  Сол себептен, бітіруші түлектердің жұ­мысқа орналасу мәселелерін жеңілдету мақ­сатын­да ОҚМУ-да экономиканың басым сектор­ларын бітірушілерді жұмысқа орналастыру үшін жыл сайын  бос орындар жәрмеңкесі өтеді. Үстіміздегі оқу жылында  да М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті  «Жас маман – 2011» бітіруші түлектерді жұ­мыс­қа орналастыру жәрмеңкесін өткізді. Биылғы оқу жылында университетті 80 маман­дық бойынша 3294 түлек бітіргелі отыр. Оның  2178-і мемлекеттік грант иегерлері,  оның ішінде 493 студент 30%-дық ауыл квотасымен, ал 1116-ы  келісім-шарт бойынша білім алып жатқандар. Бітірушілерді жұмысқа орналастыру үшін бос орындарды анықтау мақсатында жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру жөнін­дегі басқармаға, ОҚО білім басқармасы мен ауыл­шаруа­шылығы басқармасына сұраныс хаттар жіберілген. Педагогикалық мамандықтар бойынша 178 бос орын, техникалық және инженерлік бағыттар бойынша: Казфосфат ЖШС-нен 15, «КазАтомпром» ҰАҚ-нан  – 9, ОҚО ауылшаруашылығы басқармасы­нан агроөнеркәсіптік бағытта – 422 бос орынға сұра­ныстар келіп түсті. «Жас маман – 2011» жәрмеңкесі барысында жұмыс берушілер бітіруші түлектерді бос орын­дар және қазіргі еңбек нарығында қажетті ма­мандарға қойылатын талаптар мен жас маман­дар­ды жұмысқа қабылдау ережелерімен таныс­тырды. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде жұмыс берушілерден:   педагогикалық бағыттағы маман­дық­­­тарға – 84, гуманитарлық бағыттағы маман­дықтарға – 62, экономикалық бағыттағы маман­дықтарға – 68, техникалық және технологиялық бағыттар бойынша – 295, жалпы алғанда, жәр­меңке қорытындысы бойынша  509 бос орынға ұсыныс берілді. Жәрмеңкеге қатысқан жұмыс берушілер 1000-нан астам бітірушілердің түйіндемелерін іріктеп алды. Елбасымыздың Жолдауында «Жастар – біздің болашағымыздың негізі, сондықтан олар өз бола­шағын құрудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізеді» делінген. Халықты жұмыспен қамтудың 2011 – 2020 жыл­дарға арналған бағдарламаның негізгі мақсаты – жұмыссыздар санын азайту, олар­дың тұ­рақ­ты және нәтижелі жұмыс орындарына ие болуына жәр­дем­десу арқылы халықтың табысын арттыру бо­лып та­былады. Еліміздің экономикасы дамыған сайын мем­­лекеттің әлеуметтік салада ұстанған саясаты да бар­ған сайын тереңдеп, қанатын кеңге жайып келеді. Осындай басым мүмкіндіктерге ие, терең біліммен қаруланған оқу орнының түлектері М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университет қабырғасында ұйымдастырылған «Жас маман – 2011» жәрмеңке көмегімен өз мамандықтары бо­йынша жұмысқа орналасып, Қазақстанның өр­кен­деуі­не, экономикамыздың өрлеуіне өз үлестерін қосатыны анық. Сара НАЗАРБЕКОВА, М.Әуезов атындағы ОҚМУ оқу-әдістемелік басқарма директоры. Шымкент.