Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді
Жуырда Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын мақұлдады. Құжат қазір Парламент Сенатының қарауында жатыр. Осы заңды қабылдау қажеттігі немен байланысты болды және ол ақша қатынастарының әдетті үдерісіне қандай өзгерістер енгізеді? Бұл туралы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Бисенғали ТӘЖІЯҚОВТАН толығырақ сұрайық. Қолма-қол ақша да емес, карта да емес, бірақ төлемге қабілетті – Бисенғали Шамғалиұлы, анықтаудан бастайық. Дегенмен тақырып біршама жаңа болып отыр: әркім ақшаның не екенін және электрониканың не екенін біледі. Бірақ олардың бірге қалай «жұмыс істейтінін», пластик картадан несімен өзгешеленетінін және қандай мүмкіндіктер ашатынын елдің бәрі біле бермейді? – Электрондық ақша – технология мен экономиканың түйісуінен пайда болған соңғы жаңартулардың бірі. Бірақ олар – төлем карточкалары емес және оның бір түрі емес. Электрондық ақша Интернеттің сансыз көп пайдаланушылары арасында ол бойынша тауарлар мен қызметтерді сатып алған кезде жылдам әрі қауіпсіз есеп айырысулары үшін қызмет етеді. Олар мұнда да электрондық коммерция нарығының жаңа бөліктерін дамытуға зор мүмкіндік ашады. Оларды енгізу елдегі Интернет-коммерцияны әрмен қарай танымал етуге және дамытуға жағдай жасайды: отандық қаржы институттары теңгелік электрондық ақшаны шығаруға мүмкіндік алады, ал Интернет-пайдаланушылар оларды заңдық негіздерде пайдаланды. Соның арқасында Интернет арқылы төлем жеңіл әрі қолайлы бола түседі. Үйде Интернетке қосылған компьютер алдында отырып-ақ клавиатураны бір-екі басып сатып алынған тауарға ақы төлей бересіз. Мысалы, ақылы ақпаратты немесе қызметтердің басқа түрін санаулы секөнттер ішінде алуға қол жеткізесіз. Электрондық ақша көмегімен Интернет-дүкеннің сайтында on-line сервистер қызметтері үшін есеп айырысып қана қоймай, үшінші жеке тұлғалардың пайдасына нақты уақыт режімінде тез аударымдар және басқа көптеген операцияларды жасау мүмкіндігі пайда болады. Қазақстандық нарық осындай жаңалықтарды әлдеқашан қажетсініп отыр. – Көпшілігіміз электрондық коммерция қызметтерін пайдаланып та жүрміз. Бізді қандай өзгерістер күтіп тұр? – Мен бұл үдеріс эволюция жолымен бірте-бірте дамып келеді дер едім және біз сервистерді дамытудың келесі кезеңіне өтеміз. Қазір біз төлемнің жылдам жүргізілуін талап ететін Интернет мүмкіндіктерімен байланысты қызметтердің мүлдем жаңа түрлерінің қалай дамып жатқанының куәсі болып отырмыз. Мұны әсіресе өмірлерінің ажырағысыз бөлігі Интернет болып отырған жастар қарқынды пайдаланады. Күн өткен сайын Интернет желісінде есеп айырысуларға арналған жаңа төлемдік технологияларға және электрондық төлем құралдарына қызығушылық өсе түсуде. Онлайндық сатып алулардың толық шешімі төлем карточкаларын пайдалану болып отыр. Содан кейін төлемнің жаңа құралы – Интернет желісінде барынша кеңінен пайдаланылатын электрондық ақша пайда болды. Электрондық ақшаға соңғы жылдары көптеген мемлекет назар аудара бастады. ТМД елдерінде электрондық ақшаның айналысын заңнамалық реттеу бойынша жұмыс айтарлықтай жанданды. Тиісті нормативтік актілер қазірдің өзінде Белоруссияда, Украинада және Арменияда қабылданды. Ресейде осындай заң жобасы Мемлекеттік Думаның қарауында жатыр. Бұл үдеріс бірте-бірте Қазақстанда да дамуда. Нарыққа ондаған бірнеше Интернет-дүкен әлдеқашан берілген, олар үшін Интернет-төлемдерге арналған инфрақұрылымның дамымауы басты проблемалардың бірі болып отыр. Бұл ретте қазақстандық заңнамада осы уақытқа дейін электрондық ақша шығаруды және пайдалануды реттейтін құқықтық нормалар ғана емес, «электрондық ақша» түсінігінің өзі де болған жоқ. Қазақстанда электрондық ақша мәртебесінің құқықтық реттелмеуі менің пікірімше, осы сияқты жаңартулардың енгізілуін тоқтатады және дамуын тежейді. Осы заң жобасы электрондық ақша түсінігін енгізеді және оның Қазақстан аумағындағы айналысына құқықтық негіз жасауға бағытталған. Осы құжатты әзірлей отырып, біз «электрондық ақша» түсінігінің және мәртебесінің құқықтық айқындығын жасау, осы саладағы технологиялық жаңа енгізулер жолындағы кедергілерді жою, сондай-ақ электрондық ақшаны пайдаланушылардың мүдделерін қорғау үшін құқықтық механизм жасау міндеттеріне сүйендік. Заңның арқасында Интернеттегі және өзге телекоммуникациялық желілердегі сауда операциялары бойынша есеп айырысулардың жылдамдығы мен тиімділігі айтарлықтай жоғарылайды. Бұл өз кезегінде Қазақстанда экономиканың барлық субъектілерінің мүддесіне онлайндық қашықтықтан қызмет көрсетулердің жаңа түрлерінің әрмен қарай дамуына, кәсіпкерлікті және қашықтықтан сауданы дамытуға қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік туғызатын болады, сондай-ақ халық үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға жағдай жасайды. Қарым-қатынасты заңдастырамыз – Заң қалыптасқан практикаға қандай түбегейлі өзгерістер енгізеді? – Бүгіндері біздің еліміздің аумағында шетелдік эмитенттер шығарған электрондық ақшаның таралуы байқалып отыр. Мұндай ахуал еліміздің аумағында электрондық ақшаны бақылаусыз шығаруға және пайдалануға жағдай жасайды және бұл жүйені қазақстандық пайдаланушылардың заңмен қорғалмағандығы мен оларды өтеудің анық кепілдіктерінің болмауы көп сұрақтар тудырады және біздің мүддемізге жауап бермейді. Сондықтан бізге тиісті құқықтық өріс жасаған маңызды. Заң жобасын қабылдау Интернеттің қазақстандық сегментінің ішкі қажеттіліктеріне бағдарланған электрондық ақшаның отандық жүйесін құру үдерісін іске қосуға және елімізде олардың айналымына мемлекеттік бақылау орнатуға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар заң шығарушылардың алдына шықты – Заң жобасын қарастырған кезде көптеген азаматтар сияқты депутаттар да электрондық ақшаны төлем карточкаларымен және электрондық төлемдердің өзге түрлерімен шатыстырды... – Біз жаңа қаржылық «өнім» туралы айтып отырғандықтан бұл әбден түсінікті. Сондықтан электрондық ақша мәселесінің мәні мен табиғатын жете түсінбеген жекелеген жағдайлардан осы тақырыпқа табиғи қызығушылық пайда болды және туындады. Бұл заң жобасының Мәжілісте едәуір ұзақ талқылану себептерінің бірі болды. Парламенттің төменгі палатасының депутаттары заң жобасын қарауға белсене қатысып, оны жақсартатын және осы салада тиімді құқықтық орта құруға жағдай жасайтын бірқатар құнды түзетулер енгізді. Біз оларға дән риза бола отырып, осы түзетулер үшін алғыс айтамыз. Қазір Интернет-пайдаланушылардың белгілі бір бөлігі осы құрал жайлы естіп қана қойған жоқ, онымен әбден таныс. Соңғы дерек бойынша ресейлік жүйелердің біріне ғана тіркелген қазақстандықтар саны 40 мың пайдаланушыдан асып кетті. Оның басым бөлігі – жастар. Олардың электрондық ақшаны қолданудағы негізгі саласы – желіден «цифрлық» тауарлар сатып алу, онлайндық ойындарға қатысу, түрлі Интернет-сервистерге кіру болып отыр. Электрондық ақша – бұл төлем карточкаларынан мүлдем бөлек және тәуелсіз төлем құралы. Олардың арасындағы айырмашылық төлем карточкасының банк шотына кіру құралы болып табылатындығында. Төлем карточкалары бойынша операциялар жүргізу кезінде барлық операция клиенттің банк шотынан жүзеге асырылады. Электрондық ақша банк шотына байлаулы емес және оларды пайдалана отырып операциялар жүргізген кезде төлем бір электронды құрылғыдан басқасына электрондық ақша беру жолымен жүзеге асырылады. Әрбір банк - өзіне-өзі электрондық «Банкнот» бола алады – Электрондық ақша шығару құқығы кімге беріледі? – Заң жобасында Қазақстан аумағында электрондық ақшаны екінші деңгейдегі банктер ғана шығаратыны көзделіп отыр. Бұл оларды шығару бойынша қызметтің жеке тұлғалардың ақшасын тартумен, сондай-ақ бірқатар басқа банк операцияларын орындаумен байланысты екендігін білдіреді. Осы мәселені қараған кезде оларды пайдаланушылардың құқықтарын және мүдделерін қорғау, олардың қаражатының сақталуын қамтамасыз ету және айналымға шығарылған электрондық ақша бойынша ақшалай міндеттемелердің сенімді орындалуын қамтамасыз ететін механизм жасау басты міндет болып қойылды. Сондықтан заң жобасында мұндай құқықтың эмитент-кепілгер болатын екінші деңгейдегі банктерге берілуі кездейсоқ емес және олардың қызметі пруденциалдық реттеуге, мемлекеттік қаржылық қадағалауға жатады. Электрондық ақша нарығын серпінді дамытуға және кәсіпкерлік ортаны жандандыруға жағдай жасау мақсатында заң жобасы электрондық ақша жүйесіне басқа заңды тұлғалардың олармен жасалған шарттары негізінде банктердің агенттері ретінде қатысу мүмкіндіктерін көздейді. Яғни жеке ұйымдар эмитент банктер айналымға шығарған электрондық ақшаны таратумен айналысады. Қаржылық қатынаста сенімді банк ұйымы ретінде электрондық ақшаны айналысқа шығаратын, клиенттер қаражатының сақталуына кепілдік береді, ал жүйе агенттерінің функциясын жеке банктік емес ұйымдар (агенттер) орындайды. … «Агенттердің» ауқымды желісі – Электрондық ақша шығару және тарату жүйесі қалай жұмыс істейді? – Схемасы айтарлықтай қарапайым. Клиент эмитентке белгілі бір нақты ақша (қолма-қол ақша немесе қолма-қол ақшасыз) сомасын береді және өз ақшасының орнына «электрондық әмиян» деп аталатын электрондық ақша алады. Электрондық әмиян клиентке тиесілі электрондық ақшаны (әдеттегі әмиянға ұқсас) сақтау және оларды пайдаланып операциялар жүргізу үшін пайдаланылады. Бұдан әрі электрондық әмиянды эмитент банкке қолма-қол ақша енгізу не өзінің банктегі шотынан аудару жолымен толтыруына болады. Электрондық әмиянға кіру кодтардың, парольдердің, логин немесе электрондық-цифрлық қолтаңба көмегімен электрондық ақша жүйесінде жүзеге асырылуы мүмкін. Электрондық ақша шығару жеке тұлғалардан алдын ала дәлме-дәл алынған шекте, яғни толық алдын ала төлем жасау жағдайында жүзеге асырылады. Эмитент банк оларды өзі филиалдық желілер, банктік қызмет көрсету орталықтары арқылы не агенттік желі арқылы тарата алады. – «Қазпочта» АҚ электрондық ақша эмитеттерінің қатарына енбеген бе? – Үкімет «Электрондық ақша» жобасының осы кезеңінде Қазпочтаның қатысуының мақсатқа сай еместігі туралы шешім қабылдады. Бірақ тұтастай алғанда заң жобасы электрондық ақша жүйесіне Қазпочтаның қатысуын жоққа шығармайды. Қазпочтаның электрондық ақша эмитент банктерінің агенті ретінде жұмыс істеуіне, өзінің тармақталған желілерін пайдалана отырып, оның ішінде ауылдық жерлерде оларды таратумен айналысуына болады. Қазпочтаны электрондық ақша эмитенттерінің құрамына енгізу туралы мәселені қараған кезде маңызды құқықтық қақтығыс пайда болды. Бұл Қазпочта қызметінің «Почта туралы» ҚР Заңымен реттелуіне және Қазақстан аумағында электрондық ақша шығару және пайдалану мәселелерін реттейтін «Ақша төлемі мен аударымдары туралы» ҚР Заңының заңды құзырынан тыс тұрғандығына байланысты. Шексіз сатып алулар. Бірақ тек жеке тұлғалар үшін ғана – Заң жобасында электрондық ақшаны тек қызметтер сатып алуға пайдалануға рұқсат берілетіні және тауарлар сатып алуға тыйым салынатыны шын ба? – Бұл шындыққа жанаспайды: оны қызметтер сатып алу сияқты тауарлар сатып алу үшін де пайдалануға болады. Заң жобасы электрондық ақшаны тек қана қызметтер сатып алуды ескертпейді және пайдалану саласын шектемейді. Бұл заңдық тұрғыдан да, сондай-ақ дұрыс пайымдау тұрғысынан да мағынасыздыққа ұрындырған болар еді. Заңды қабылдаудың негізгі мақсаты – сауда мәмілелері бойынша, оның ішінде Интернет ортада тауарларды онлайндық сатып алулардағы төлемнің жаңа құралы ретінде электрондық ақшаны пайдалануға құқықтық жағдайлар жасау. Бұл ретте заң жобасы экономика салалары, жасалатын азаматтық-құқықтық мәмілелердің түрлері мен үлгілері бойынша электрондық ақшаны пайдалануға қандай да бір шектеулер енгізбейді. – Электрондық ақшаны бәрі пайдалана ала ма? – Заң жобасының ережесіне сәйкес электрондық ақша тек қана жеке тұлғалардың тауарлар мен қызметтер сатып алулары үшін пайдаланылады. Электрондық ақшаны жеке тұлғалар сондай-ақ басқа пайдаланушы жеке тұлғалар аударымдарды және эмитент айқындаған жағдайларда өзге операцияларды жүзеге асырулары үшін пайдалануы мүмкін. Кәсіпкерлік субъектілерінің олардың жеткізген тауарлары және жеке тұлғалардың қызметі мен оларды өтеуі үшін тек электрондық ақша қабылдауға ғана құқығы бар. Олардың тұтынушы жеке тұлғалардан тауарлар, қызметтер үшін төлем жасауы кезінде алған электрондық ақшасы егер тиісті шартта өзге мерзім көзделмесе, эмитент тарабынан 3 жұмыс күні ішінде өтелуі тиіс. Олар алған электрондық ақшаны өтеуді эмитент қолма-қол ақша тәртібінде емес, оның номиналдық құны бойынша тең ақша сомасын банк шотына аудару жолымен жүзеге асырады. Банктер айналысқа ақша шығарғандар үшін де жауапты – Заң жобасында электрондық ақша көмегімен мәмілелерді реттеу және бақылау мәселесі ескерілген бе? – Қазақстанда өткен жылдан бастап «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заң қолданыста. Эмитент банктер қаржы мониторингінің субъектілері ретінде электрондық ақша шығарған және олар шығарған электрондық ақшаны пайдаланып операциялар жүргізген кезде осы Заң талаптарына сәйкес шаралар қабылдауға міндетті болады. Банктер сондай-ақ эмиссиялардың барлық кезеңінде және сәйкестендірілмеген тұлғалардың электрондық ақша пайдалануларында заң жобасымен белгіленген лимиттердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті болады. Заң жобасы осы талаптарды бұзғандығы үшін эмитенттерге тиісті әкімшілік жауапкершілік енгізуді болжайды. Осылайша, электрондық ақшаның эмитент банктері олармен жүргізілген барлық күдікті операцияларды зерттейтін, тіркейтін және ақшаны жылыстатумен байланысты заңсыз мәмілелер жүргізу үшін жүйені пайдалану мүмкіндігін болдырмау жөнінде шаралар қабылдайтын болады. Лимит бойынша және сәйкестендіру – Электрондық ақшаны пайдалана отырып сатып алулар мен операциялар жасауға заң жобасында қандай лимиттер белгіленген? – Заң жобасы жеке тұлғалардың сәйкестендіру рәсімдерін өтпестен белгіленген лимит – 100 айлық есептік көрсеткіш шегінде электрондық ақша сатып алуларына және пайдалануларына мүмкіндік береді. Одан асатын операциялар кезінде азаматтар жеке басын куәландыратын құжаттарды эмитент банкке көрсете отырып сәйкестендіруден өтулері тиіс. Бұл талап халықаралық практикадан, электрондық ақша табиғатының өзінен туындайды. Тұтастай алғанда заң жобасында оның иесінің мәртебесіне қарай электрондық ақша шығару және пайдалану бойынша мынадай лимиттер белгіленген: 1) эмиссияның және электрондық ақшаның сәйкестендірілмеген иесіне қатысты электрондық ақша пайдаланып жүргізген бір операцияның ең жоғары сомасы – 100 АЕК; 2) электрондық ақшаның сәйкестендірілген иесі үшін бір операцияның ең жоғары сомасы – 500 АЕК. Бұл лимиттердің шекті мәні Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен, Қазақстанның Интернет қауымдастығымен және екінші деңгейдегі банктермен келісілген болатын. Бұл нормалардың қабылдануы қазақстандық нарықтың қазіргі талаптарына жауап береді және Қазақстан аумағында электрондық ақшаның әрмен қарай дамуына кедергі болатын қандай да бір теріс салдарларға жеткізбейді. – Мәжілісте талқылау кезінде жасырын пайдаланушыға қатысты бір операцияның сомасына лимит мөлшерін 100 АЕК-тен 10 АЕК-ке дейін, яғни 10 есе төмендету ұсынылды. Мұндай лимит немен байланысты болды? Бұл мәселе бойынша ашық пікірсайыс болды. Біз бір операцияның рұқсат етілген сомасын соншама айтарлықтай қысқарту электрондық ақшаны пайдаланып жүзеге асырылатын операциялар шеңберін күрт шектеген болар еді және республикада электрондық ақша нарығының одан әрі дамуына кері әсер етер еді деп есептейміз. Бұдан басқа, осы мәселені қараған кезде біз тұтастай халықаралық стандарттарға, жалпы әлемдік практикаға сүйендік. Лимиттің ұсынылып отырған мөлшері – 100 АЕК – нарыққа қатысушылар қол жеткізген мүдделер балансын көрсетеді. Оның мөлшерін белгілеген кезде FATF арнайы ұсынымдарын және еліміз заңнамасының қолданыстағы нормаларын пайдалану әдісі мақсатты бағдар болып қызмет етті. Резидент емес мәртебесі – эмитент емес – БАҚ-та кейбір шетелдік компаниялардың біздің нарықты өз бақылауларына алуы мүмкін деген жорамалдар айтылды. Бұл қауіптену қаншалықты дұрыс болып шықты? – Жоғарыда атап өткендей, еліміздің аумағында электрондық ақша шығаруға тек қана Қазақстан резиденттеріне – екінші деңгейдегі банктерге рұқсат етіледі. Заңның қабылдануымен электрондық ақшаны пайдалана отырып қазақстандық Интернет пайдаланушылар және мәміле сатушылар (резиденттер) арасында жасалатындардың барлығы отандық эмитенттер шығарған және ұлттық валютада көрсетілген электрондық ақшаның көмегімен ғана жүзеге асырылатын болады. Заң жобасы электрондық ақша эмитенттері ретінде Қазақстан аумағындағы электрондық ақша жүйесіне шетелдік компаниялардың қатысу мүмкіндіктерін көздемейді. Сонымен бірге эмитент банктер электрондық ақшаны өзара қабылдау мен қызмет көрсету және өз жүйелерін біріктіру үшін шетелдік операторлармен шарт жасай алады. Электрондық коммерцияға арналған база – Электрондық ақшаның отандық нарығын дамыту перспективасы қандай? – Заң жобасының қабылдануымен Интернеттің және әлемде электрондық коммерцияның шапшаң дамуын есепке ала отырып, нарық дами алады және одан әрі кеңейе береді. Сондықтан менің ойымша, қоғамның мұндай құралдарды қажетсінуі ең алдымен жүйедегі қызметтердің жаңа түрлерін және сауда қызметін дамыту есебінен уақыт өткен сайын өсе береді. Тиісінше, оларды енгізу еліміздегі электрондық сауданы одан әрі көпшілікке таратуға және дамытуға мүмкіндік туғызады. Келешекте олар төлемнің қарапайым құралы болады, өйткені олардың пайда болуымен Интернеттен сатып алу халыққа барынша қолайлы әрі күнделікті өмірде қаржылық операциялар жүргізу мүмкіндігі олар үшін айтарлықтай жеңілдейді. Бұл сияқты жаңартулар келешекте қазіргі технологиялар мүмкіндігін пайдалана отырып жеке тұлғалар үшін қаржылық қызмет көрсетулердің қолжетерлік болуын айтарлықтай жоғарылатуға қабілетті. Банктер қазір өз клиенттеріне қашықтықтан қызмет көрсетудің жаңа арналарын белсене енгізуде. Қазірдің өзінде түрлі қаржылық операцияларды қашықтықтан жүргізуге болады. Мысалы, электрондық билеттер, туристік жолдамалар сатып алу, коммуналдық қызметтерді, түрлі провайдерлердің қызметтерін төлеу және т.б. Осы заң жобасы – бұл Қазақстанда электрондық ақша пайдалану саласындағы қатынастарды құқықтық реттеудің бастамасы. Бұдан әрі өмірдің өз өзгертулерін енгізетіні сөзсіз және бұл құқықтық қатынастар мейлінше жетілдірілетін болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Алла ДЕМЕНТЬЕВА. Глоссарий Электрондық ақша - электрондық нысанда сақталатын және жүйенің басқа да қатысушылары электрондық ақша жүйесінде төлем құралы ретінде қабылдайтын электрондық ақша эмитентінің сөзсіз және қайтарылмайтын ақшалай міндеттемесі; электрондық ақшаны шығару - эмитенттің электрондық ақшаны жеке тұлғаларға және электрондық ақша эмитентінің агенттеріне оның номиналдық құны бойынша тең ақша сомасына айырбастау арқылы беруін көздейтін операция; электрондық ақша эмитенті - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес электрондық ақша жүйесінде электрондық ақшаны шығаруды және өтеуді жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банк; электрондық ақша эмитентінің агенті - электрондық ақша эмитентімен жасалған шарттың негізінде оларды кейіннен иелеріне - жеке тұлғаларға өткізу үшін эмитенттен және олардың иелерінен - жеке тұлғалардан электрондық ақшаны сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға. Мыналар: 1) эмитенттен, агенттен немесе өзге де жеке тұлғалардан электрондық ақша алған жеке тұлғалар; 2) агенттер; 3) азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемақы ретінде жеке тұлғалардан электрондық ақша алған дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар электрондық ақша иелері болып табылуы мүмкін; электрондық ақшаны пайдалану - электрондық ақшаны оның иесі - жеке тұлға электрондық ақша жүйесінің басқа қатысушысына беруі жолымен төлем жүргізілетін төлемді жүзеге асыру тәсілі; электрондық ақшаны өтеу - электрондық ақшаның иесі ұсынған не оларды иесі ұсынбай, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда өтелуі тиіс электрондық ақшаны оның номиналдық құны бойынша тең ақша сомасына айырбастау жөнінде эмитент жүзеге асыратын операция; электрондық ақша жүйесінің қатысушысы - жасалған шартқа сәйкес электрондық ақшаның белгілі бір жүйесі шеңберінде электрондық ақшаны шығару, беру, қабылдау, пайдалану, сатып алу, өткізу немесе өтеу жөніндегі құқық немесе міндеттеме туындайтын жеке немесе заңды тұлға; электрондық ақша жүйесінің операторы - электрондық ақша пайдаланылатын операцияларды жүзеге асыру кезінде қалыптастырылатын ақпаратты жинауды, өңдеуді және беруді қоса алғанда, электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін электрондық ақша жүйесіне қатысушы; аутентификация - банк белгілеген қауіпсіздік рәсімін пайдалану арқылы электрондық құжат жасаудың түпнұсқалылығын және дұрыстығын растау; электрондық банк қызметін көрсету - клиенттің банктік шотындағы (шоттарындағы) ақша сомасы, банктік шот (шоттар) бойынша жүргізілген операциялар, банктік шот (шоттар) туралы ақпаратты алу үшін өзінің банктік шотына (өздерінің банктік шоттарына) қол жеткізуге, ақша төлемдері мен аударымдарын жүзеге асыруға, банктік шот (шоттар) ашуға немесе жабуға және/немесе банк телекоммуникациялар желілері бойынша спутниктік байланыс немесе өзге де байланыс түрлері арқылы көрсететін өзге де банктік операциялардың түрлерін жүзеге асыруға байланысты қызмет көрсетулер. Электрондық банк қызметін көрсету ақпараттық-банктік және транзакциялық-банктік болып бөлінеді; ақпараттық-банктік қызмет көрсету - банктің клиентке оның банктік шоттары бойынша ақша қалдықтары және қозғалысы туралы, жүргізілген ақша төлемдері мен аударымдары туралы және клиенттің сұратуы бойынша, не банк пен клиент арасында жасалған шарт бойынша көрсетілетін және көрсетілген банк қызметін көрсету туралы өзге де ақпараттарды беруге байланысты электрондық банк қызметін көрсету; транзакциялық-банктік қызмет көрсету - клиенттің банктік шот (шоттар) ашуына және жабуына, ақша төлемдері мен аударымдарын, шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргізуге, банк заемын беруге және ақпараттық-банктік қызметке жатпайтын банк операцияларының өзге де түрлерін жүзеге асыруға байланысты электрондық банк қызметін көрсету; клиентті динамикалық сәйкестендіру - бір жолғы (бір мезгіл) кодты пайдалану арқылы оның электрондық банк қызметін алу құқығын бірыңғай растау мақсатында клиенттің жеке басын растауды белгілейтін рәсім; қауіпсіздік рәсімі - клиенттің электрондық банк қызметін алу құқығын белгілеу мен берілетін және алынатын электрондық құжаттардың мазмұнындағы қателерді және/немесе өзгерістерді анықтау мақсатында электрондық құжаттарды жасау, беру және алу кезінде клиентті сәйкестендіруге арналған ұйымдастыру шараларының және бағдарламалық-техникалық ақпарат қорғау құралдарының кешені.
•
20 Мамыр, 2011
Бисенғали ТӘЖІЯҚОВ: «Жаңа уақытқа төлемнің жаңа құралдары қажет»
341 рет
көрсетілді