Биылғы көктемде Батыс Қазақстан облысында болған су тасқынының зардаптарын толық қалпына келтіру мәселелеріне арналған үкіметтік жедел кеңес қалада жүріп жатқан құрылыс басында өткізілді. Облысқа арнайы келген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәселені төтесінен қойып, бүгінгі істің жай-күйі қандай деп бірінші вице-премьер Ө.Шөкеевке сауал тастады.
Кең де жайлы, жұмсақ кабинетте емес, құрылыс прорабының шағын жұмыс орнында ол Үкімет басшысына тиісті хабарлама жасады. Өйткені, Ө.Шөкеев түс ауа ұшып келіп, тасқын су зардаптарына көбірек ұшыраған Тасқала, Зеленов аудандарында және Орал қаласында болып, Үкімет басшысының сауалында айтылғандай, бүгінгі істің жай-күйімен танысқан еді. Қазір облыста тасқыннан келген шығынның мөлшері түбегейлі анықталды. Ақжайық аймағында орын алған үлкен табиғат апатына байланысты Үкімет төрт қаулы шығарды. Соңғы төртінші қаулыға сәйкес үкіметтік резервтен 6 миллиард 680 миллион теңге бөлінді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан 5 миллиард теңге аударылды. Жалпы сомасы 17 миллиард 372 миллион теңге қаражат тасқын су зардаптарын жоюға, жаңа құрылыстар салуға жетеді деп есептеліп отыр. Яғни, қанша сұралса, сондай көлемдегі қаражат Орал өңіріне жөнелтілді, – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Бұдан әрі ол өзі аралаған аумақтардағы құрылыстардың жай-күйіне тоқталды. Оның қысқаша мән-жайы төмендегідей. Тасқала ауданының орталығы жаңадан тұрғызылатын бес бірдей көшемен толықпақ. Ал Зеленов ауданының орталығы Переметный кентінде барлық жаңа құрылыстың іргетасы әзір. Тас қалау жұмыстары басталуда. Жаңа шағын аудандарда су құбыры жүйелерін тарту жұмыстары аяқталған. Сонымен бірге жол салу, жылу жүйелерін жүргізу және жарықтандыру жұмыстары қатар атқарылуда. Қазір Орал қаласының 5-ші шағын ауданында да құрылыс жұмыстары қызу қарқынмен басталды. Мұндағы салынатын жаңа нысандар саны жетеу. Қазіргі жұмыс ырғағы белгіленген кестеге сай. Мердігер ұйымдар құрылысты 1 қыркүйекке дейін аяқтауды көздеп отыр.
Бұған дейінгі деректерде облыста тасқын судан бүлінген тұрғын үйлер мен саяжайлар, әлеуметтік нысандар, мектептер мен балабақшалар саны айтылған болатын. Әрі оны біз бұған дейінгі материалдарымызда бірнеше дүркін көрсетіп жазған едік. Алайда Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бұл деректерге онша қанағаттанбай, тасқыннан нақты қанша адам зардап шеккенін анықтаған жөн болатынын жеткізді.
Бұл мәселеге түсінік берген Батыс Қазақстан облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов не тұрақты мекен-жайы, не тіркелген белгілі бір тұрағы жоқ адамдардың қазіргі кезде көбейіп отырғанын айтты. Осы мәселеге байланысты заңдық-құқықтық тұрғыдан тексеру жұмыстары қолға алынды, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Бұдан әрі Премьер-Министр көкейіндегі кезекті сауалын Орал қаласының әкімі С.Оразовқа бағыттап, облыс орталығындағы эвакуациялық қосындардың бүгінгі тыныс-тіршілігін білгісі келетінін жеткізді.
– Бүгінгі күні қаладағы төрт эвакуациялық қосында мыңнан астам адам уақытша тұрып жатыр. Оларға қажетті барлық тұрмыстық жағдайлар туғызылған. Әрқайсысына бөлек папка ашылған, деді Үкімет басшысының сауалына орай қала мэрі.
Эвакуациялық қосындағы уақытша тұрғындардың жәй-күйі туралы әңгіме қозғалғанда Кәрім Қажымқанұлы оларды түгелдей дерлік еңбекке орналастыруға ықпал жасау қажеттілігін жергілікті атқарушы органдар басшыларына шегелей тапсырды.
Содан соң Премьер-Министр К.Мәсімов Төтенше жағдайлар министрі В.Божкоға биыл Орал өңірінде болған тасқын судан қандай тағылым мен сабақ алдыңдар деген сауал қойды.
Бұл сауалға министр биылғы көктемде мұнда егемендікпен бірге тұсауы кесілген министрліктің құтқару қызметі тұңғыш рет жауапты сыннан өтті. Әрине бәрі керемет дей алмаймыз. Жетпей, олқы түскен тұстарымыз да бар екенін білдік. Сондай-ақ төтенше жағдай бір ғана схема бойынша іс-қимыл танытудан бас тарту қажеттілігін айқын көрсетіп берді. Мұның бәрі біз үшін үлкен сабақ болмақ. Нендей істің де минусы мен плюсы болуы заңдылық. Осы тұрғыда біз бүгінде талдау-сараптамалық жұмыстарын жүргізудеміз деп жауап қайтарды.
Өз кезегінде жергілікті мердігерлер Александр Потиченко мен Валентина Михно құрылысқа іркіліс туғызатындай факторлар жоқ екенін айтты. Олардың ойларын толықтырған Үкімет басшысы Орал өңіріндегі ауқымды да алып құрылыс жұмыстарына тек жергілікті мердігерлер тартылып отырғанын айтты. Осы арқылы қосымша жұмыс орындары пайда болғаны туралы мәлімдеді. Бұл жердегі барлық жауапкершілік облыс басшысына жүктелетінін жеткізді.
Орал қаласындағы құрылыс басында өткен жедел кеңесті қорытындылаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов тасқынның алғашқы күнінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыстағы жағдайды тікелей өзі бақылауға алып, батысқазақстандықтарға қажетті барлық көмекті көрсеткені туралы айтып берді. Сәті түскен уақытта Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысына келіп, қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелерімен танысатын болады, деді ол. Сондай-ақ К.Мәсімов тасқын су зардаптарын қалпына келтіру ісінің жай-күйімен танысу үшін Ақжайыққа арнайы келген сапарында бұл мәселеге қатысты қандай да бір болмасын қоятын кінәсі мен айта қаларлықтай ескертуі жоқ екенін мәлімдеді.
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.