Кеше, қасиетті жұма күні елордадағы мұсылмандар зиратында қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы, қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі, ұлттық театртанудағы алғашқы еңбектердің авторы Смағұл Сәдуақасұлы мәйітінің күлін жерлеу рәсімі болды.
Осыдан дәл төрт ай бұрын, яғни 2011 жылдың 21 қаңтарында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың біртуар ұлы Смағұл Сәдуақасұлы сүйегінің күлі Мәскеудің Дон зиратханасынан Астанаға жеткізілген болатын. Ол Астана қаласындағы Сәдуақас Ғылмани мешітінде уақытша сақталған еді. Қайраткер сүйегінің күлін мешіттен алып шығар алдында мешіт имамдары Смағұл Сәдуақасұлының рухына бағыштап құран оқыды. Одан кейін табытқа салынған сүйек күлі арнайы автокөлікпен мұсылмандар зиратына бет алды.
Алаш арыстарының бірі Смағұл Сәдуақасұлы 17 жасынан бастап саяси қызметке араласты. 1917 жылы Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» ұйымының белсенді мүшесі болды. 1920 жылдың қазан айында Қазақ автономиясының құрылтай съезінде орталық атқару комитетінің мүшелігіне сайланды, комитеттің саяси хатшысы қызметін атқарды. Ал 1922-1925 жылдары Қазақ Орталық атқару комитетінің Түркістан Республикасындағы өкілетті өкілі, Қазақ АССР Жер халық комиссарының орынбасары, Қазақ АССР жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары, кейін төрағасы болып жоғары қызметтер істеді.
Кейін, яғни 1925 жылдан Қазақстанды басқарған Голощекиннің қазақ даласында жүргізген саясатымен келіспей, ауыл-аймақтың бейбіт эволюциялық дамуын қолдап, байлар мен орташаларды орынсыз тәркілеуге, КСРО-ның еуропалық бөлігінен Қазақстанға шаруаларды әкеліп қоныстандыруға қарсы шықты. Бұл Смағұл Сәдуақасұлының ұлтжанды ерекше тұлға екендігін көрсетеді. Осыған байланысты Смағұл Сәдуақасұлы буржуазияшыл ниеттегі адам ретінде қуғын-сүргінге ұшырады. Осылайша біртуар тұлға Донбас-Мәскеу темір жолы құрылысының инженері болып қызмет істеп жүргенде өндірістік апаттан алған ауыр жарақаттан қайтыс болды.
Көпшілік қауым Смағұл Сәдуақасұлын зерттеуші әрі жазушы ретінде жақсы біледі. Небәрі 33 жыл өмір сүрген ол артына «Жастарға жаңа жол», «Жастармен әңгіме» еңбектерімен қатар, «Сәрсенбек» романын, «Салмақбай, Сағындық», «Күміс қоңырау», «Күлпаш» атты көркем шығармалар қалдырды. Смағұл Сәдуақасұлы мәйітінің күлі Мәскеудегі Дон зиратханасы бас ғимаратының қабырғасына арнайы құтыға салынған күйде 78 жыл жатты. Оның туған-туыстарының тынымсыз ізденуінің нәтижесінде мәйіт күлі ақыры туған Отанына, Сарыарқа төсіне әкелінді.
Мәйіт күлі салынған құты мұсылмандар зиратына жеткізіліп, жер қойнына берілген соң, марқұмның рухына бағышталып құран оқылды. Ал жерлеу рәсіміне Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Парламент депутаттары, Смағұл Сәдуақасұлының туыстары, елордадағы өнер және мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ көпшілік қауым қатысты.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.