Елордаға 22-30 мамыр аралығында гастрөлдік сапармен келген Қазақ мемлекеттік академиялық Абай атындағы опера және балет театры ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту ретінде сегіз таңдаулы опера және балет қойылымын ұсынып отыр. Ал мерекелік шара негізгі партиялардан әзірленген гала-концертпен қорытындыланбақ.
Жетпіс бес жылдан астам тарихы бар еліміздің бас театры өзінің негізгі спектакльдерін торқалы тойға шашу ретінде ұсынуда. Гастрөлдік сапардың шымылдығы А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсымен ашылып, А.Серкебаевтың «Тілеп және Сарықыз» балетімен жалғасты. Репертуардағы мұнан басқа да сахналық туындылар әлем классикасының кіл інжу-маржандары – Дж.Вердидің «Травиата», Р.Вагнердің «Тангейзер», Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» опералық шығармалары мен А.Хачатурянның «Спартак», П.Чайковскийдің «Серенада», С.Прокофьевтің «Ромео мен Джулетта» балеттері. Отандық опера мен балет өнерін өрге сүйреп жүрген ҚР халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбілев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Баспақова, Болат Бөкенов, Бейімбет Қожабаев, халықаралық байқаулардың лауреаттары Дина Хамзина, Дина Дүтмағамбетова, Жәнел Түкеева, Нұрлан Қонақбаев, Әмір Жексенбек, Гүлвира Құрбанова, Фархад Бөриев сияқты т.б. саңлақтар сахнада тоғыз күн тоқтаусыз өнер көрсеткенде, көкірек кере мөлдір ауамен бір тыныстағандай әсер алудың өзі зор ғанибет емес пе?
Шымылдықтың ежелден қыры мен сыры жұртқа мәлім, көп жылдар сахна төрінен түспей келе жатқан «Абай» операсымен ашылуы бекер емес. Абай – қай дәуірдің де санасы мен сахнасында қатар өмір сүретін алып тұлға. Ол – жасарып, жаңғырып, ақыл-ойдың дариясына жеткен жасында қайта дүниеге келіп, әр ұрпақ, әр дәуір өз пайымында парақтап оқып отыратын кітап. Үзілмей келе жатқан үрдіске үлбіреп жастар келген сайын өз тараптарынан тың тыныс пен саф сарын қосып отыратыны тағы бар. Абай арқылы театрдың талай буыны өсіп жетілуде. Төл тамырдан нәр алған жердің шөбі шүйгін, қыраны тұйғын болып келетіні сияқты дәстүрге берік ұжымның үнемі биіктен көріну себебін алыстан іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Оны мұның репертуар шыңына қайда барса да ұлттық операны қою тинақтығынан танисыз. «Абай» – театрдың сондай төлқұжаты, бет-бейнесі. Кәсіби деңгейді осындағы басты партияларды орындаудан ажыратады. Бұдан жоғары баға алып шыққан адам әлемдік классиканың қайсыбір сынынан да сүрінбей өтеріне сенім мол. «Абай» – қазақ ұлттық опера өнерінің мектебі іспетті десек, елордадағы сахналық көріністен сол баға айқын аңғарылған. Абайды шашаусыз бейнелеген Шахимардан Әбілев, Ажарды сомдаған Нұржамал Үсенбаева, сондай-ақ, Айдар, Жиренше партияларын мүлтіксіз орындаған Нұржан Божакенов, Талғат Күзенбаев еңбектеріне қандай мақтау сөз айтса да артықтық етпейді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.