• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2011

Жауынгер қыпшақтың бүгінгі ұрпақтары

414 рет
көрсетілді

Венгрияның елордадағы мәдениет күндерінің нақыштары алуан кестелілігімен кеңістікке жетелейді Венгрия дегеннен гөрі «Хунгария» деген атау бауырлас қос халық­тың ежелден бір-бірімен тамырлас, түбір­лес халықтар екенін нақтылай­тын тарихи деректерге бастайды. Белгілі венгр ғалымы Бенко Михай «Торғай мадьярлары» деп аталатын моногра­фия­сында «Хунгария» деп өзінің түбір аты айғақтап тұрғандай, бұл атау «ғұн­нан» шыққан сөз десе, қос халықтың әпсана-аңыздарында да олардың бауыр­ластығына бұл­тарт­пас негіздер жеткілікті көрінеді. Солардың бірі – күні бүгінге дейін ел арасында жиі айтылатын Мадияр мен Ходияр ту­ралы аңыз. Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде қазақ-венгр ғалым­дарының қатысуымен өтетін «дөңге­лек үстел­де» осындай тарихи-мәде­ни тамыр­лас­тыққа қатыс­ты тың ойлар ортаға салынады деп кү­тілуде. Бір қызығы – венгрдің төрт та­рих­шы-ғалымының екеуі өз сөз­дерін қазақ тілінде баяндауға бел байлап келгендігі. Әйгілі түркітанушы Мандоки Қо­ңыр Иштван 1977 жылы Қазақ да­ла­сы­на табан тірегенде, өзінен бұрын қазақтар мен венгрлердің генетика­лық байланысына тереңдеп енген ғалым Тибор Тоттың ізін жалғас­ты­рып, түркі халықтарының тарихын, олардың венгрлермен туыстық тұсын зерттейді. Қазақ, қырғыз, татар тілдерін жақсы білген ғалымның сүйген жары қазақ қызы болғандығы Иштван рухына сү­йіс­пеншілікті арттырса, оның денесі­нің Қазақ даласында мәң­гі дамылдап жатуы ғалым аруағына ерекше сезім тудырады. Тағы бір антрополог-ғалым қазақтың мадияр­лары мен Дунай мажарларына гене­ти­калық жағынан зерттеу жүргіз­ген­де олардың өте жа­қын болып шық­қанын біліп жатыр­мыз. Венгрияның Астанадағы күндері Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева мен венгрдің белгілі скрипкашысы Граф Муржаның бірлесіп өткізген өнер кешінен бастау алып, әлем классикасының жауһар­лары жаң­ғырды. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғы мен әйгілі венгр ком­позиторы, пианисші, дирижер, қоғам қайраткері Ференц Листің 200 жыл­дық мерекесіне арналған шаралар алуан сипатта өрі­ліп, Астана, Алматы мен Орал қала­ларында композитор шығармалары­нан концерттік бағдар­ла­ма­лар ұсы­нылған, венгр фильм­дері­нің көрсетілі­мі өткен. Енді, міне, бауырлас қос ха­лықтың рухани жа­қын­дастығын те­рең­дететін мәдени көпір қайта жаң­ғырып, халықаралық байқаулардың лау­реаты Граф Муржа­ның Астана қа­ласы симфониялық ор­кестрінің сүйе­мел­деуімен орын­даған Эрне Дохна­ни­дің концерті көпшілік тарапынан жы­лы қабылданды. Екінші бөлімде Ай­ман Мұсақожаева Брамс­тың «Венгр биін»  шабыттана ойнап, үшінші бө­лім қос скрип­ка­шының шеберлік өнерін әйгілеген әсерлі тұсқа айналды. Мажар ағайындардың мәдениет күндері аясында мұнан өзге венгр асханасының фестивалі ұйымдас­ты­­рыл­мақ. Мұны  жұрт жадында қалар оюлы өрнектермен әспеттеуді Вен­г­рия­­ның Қазақстандағы елшілігі қол­ға алып отыр. Бұл үшін венгрдің белгілі аспазшысы, бүгін­де Мәскеудегі мей­рам­ханалардың бірінде жұмыс істейтін Ласло Дори шақырылған. Ма­мыр­дың 24-29 аралығындағы Венгрия мә­дениет күндерінің айшықты беттерін мажарлар туралы фото-сурет көрме­лері толықтыра түспек. Өнер университетінде өтетін Граф Мур­жа­ның шеберлік-сыныбы студенттер үшін баға жетпес азық бо­ла­ры­на күмәнсіз­біз. Оқу шаңыра­ғының «Ша­быт» за­лында Граф Муржа (скрипка) мен Наталья Гусь (фортепиано) венгр компо­зиторы Б.Бар­ток­тың сонаттарын орын­­дамақ. Бауыр­лас халық байлығы­нан қазақ рухына жақын дала сары­нын сезгендей ғажап бір күй кешесіз. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. Суретте: белгілі венгр скрип­кашысы Граф Муржа. Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.