• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2011

Құрылтай қонақтарының лебіздері

500 рет
көрсетілді

АТАЖҰРТҚА АРҚА СҮЙЕЙМІН Құрылтайға Қырғызстан атынан делегат боп қатысып отырғаныма өте қуаныш­ты­мын. Айырқалпақты ағай­ын­­дардың арасынан атамекенге деген сағы­нышымызды арқалап, осында он екі қазақ кел­дік. Жиыннан әрқайсымыздың өзіміз­дің күтеріміз бар. Тіпті, осы жиында шешімін табатын мәселелерді айтпағанда, осында келіп, қандастарымызбен танысып-білісіп қайтқанның өзі неге тұрады?! Мен алғаш рет Түркістанда өткізілген екінші құрылтайға қатысқанмын. Үшіншісіне келе алмадым. Өйткені, елде саяси науқан өтіп жатқан. Ал енді мына құрылтай тың серпінмен өтеді деген сенімдемін. Қазақстанның жері кең, пейілі кең. Дүниежүзілік саясатта да өзінің орны, айтар ойы бар ел екенін дәлелдеп жатыр. Сол сияқты жер жүзіне тарыдай шашырап кеткен қандастарын да есінен шығармайды. Біздің үлкен атамыз 30-шы жылдарда Сарыарқа өңірінен кеткен екен. Сондықтан байырғы атамекенімізге арқа сүйеп, жақсылығына қуанып отырамыз. Балаларым Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқиды. Қазақтың мәдениетінен, ата-баба салтынан қол үзбесін деп әдейі осында оқытып жатырмын. Әйтпесе, қазір ресми дерек бойынша, Қырғызстанда 36 мыңға жуық қазақ бар екен. Көпшілігіміздің тіліміз қырғыз, орыс тілдеріне бейім. Өйткені, онда арнайы қазақ тіліндегі мектеп, ақпарат алатын басылымдар жоқ. Өзім Жоғарғы Кеңеске екі рет депутат болғам. Қаржы полициясының төрағасы қызметін атқардым. Қазір елдегі «Жасылдар партиясының» лидерімін. Қайда жүрсем де атамекенге деген ынтызар сезімімді өшірген емеспін. Еркін БӨЛЕКБАЕВ. (Қырғызстан) * * * ОТАН ОСЫ ЖЕРДЕН БАСТАЛАДЫ Мен Қытайдың Алтай аймағынан дүниежүзі қа­зақ­та­рының құрылтайына арнайы келдім. Осындай үлкен деңгейдегі ау­қым­ды шараға қатысуға мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Әлемге тарыдай шашы­рап кеткен қазақтарға қатысты айтқанда, көптеген мәселелердің басы қылтиятыны жасырын емес. Осы ретте біз мынаны естен шығармасақ екен: ол ең алдымен ел-елдің арасындағы достық қарым-қатынасты ны­ғайтып, мәдени байланысты жақсарту. Себебі, басты мәселе – барлық елдегі қазақтардың өзара мәдени байланысының орнығып, жан­дануында ғой. Сондықтан, құрылтайда, міне, осындай мәселелер қозғалса деген ойымыз бар. Өзім кезінде денсаулық сақтау саласында қызмет еткенмін. Қазір құрметті демалыс­тамын. Бір балам осы Қазақстанда тұрады. Кәсіпкерлікпен айналысады. Қазақстанға келіп жатқан басқа да ағайын туыстарым бар. Қазір әрбір азамат қалай, қай жерде тұрғысы келсе, сол адамның өз еркі, өз құқығы бар. Бір жағынан, бір елден бір елге келу оңай емес. Мәселен, өз тарихи атамекеніне ораламын дейтін қандастарымыздың алдынан кейде визада, қоныстану мәселесіне келгенде қиыншылықтар, кедергілер кездесіп қалып жатады. Осындай мәселелер шешілсе, «атамекенім» деп келетін қазақтардың бір жерге қиналмай, орналасуына жағдай жасалса нұр үстіне нұр болар еді. Өзге елде тұ­ратын азаматтар Қазақстанға өзінің тұр­ғы­лықты жерін тастап, тұрмыстың тауқы­ме­тін тартқаннан, сол тұрмыстарын жақсартамыз деген ниетпен келмейді. Олардың өз тұрған жерлеріндегі жағдайлары жақсы. Қазақ жеріне олар атамекенге деген сүйіспеншілігін арқалап, «Отаным» деп келеді. Нұрилә ҚЫЗҚАНҚЫЗЫ. (Қытай) * * * БҮТІННІҢ БІР БӨЛШЕГІМІЗ Астана төрінде өтетін Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына Моңғолия­ның Баянөлгий аймағынан ар­на­йы келдік. Баянөлгий айма­ғында маманды оқыту өндірістік ор­та­лығы дейтін мекеме бар. Сол орталықта қоғамтану пәнінен сабақ беремін. Өлең жазамын. Сон­дықтан, бір жағынан құ­рылтай ұйым­дас­тырған мүшәйра бәйгесіне қатыспақ ниетпен де келіп отырмын. Бір атап өтерлігі, бүгінгі күнге дейін ешқандай кедергісіз атамекенге келіп жатырмыз. Оған қуаныштымыз. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында көптеген маңызды мәселе көтеріледі деп ойлаймын. Олардың негізгісі – көші-қон мәселесіне қатысты болуы керек. Себебі, атамекендегі көші-қон мәселесі қандай жүйеде жүріп жатқаны жайлы біліп те, естіп те отырмыз. Визаға қатысты да біраз кемшіліктер бар. Олар да ескерілсе екен. Екінші бір мәселе, жастарға қатысты дер едім. Бүгінде Қазақстанға ғылым қуып келетін жастар аз емес. Солардың ғылыммен айналысуына мүмкіндік жасалғаны дұрыс деп ойлаймын. Өзім Астанаға 10 жылдан кейін келіп отырмын. 2001 жылы А. Байтұрсынов атын­дағы Қостанай мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіргенмін. Қазақстанға бірлі-жарым туыстарым келген. Олар Астанада тұрады. Қазақстанға қоныс­тан­ған­дарына біраз уақыт болды. Атамекенге келгендегі әсерім жоғары. Ел ерекше қарқынмен дамып келе жатыр деп айта аламын. Осы сапарымды пайдаланып, Қазақстандағы барша қазақтарға, өзіммен бірге оқыған достарыма сәлем жолдағым келеді. Жанат БОҚАШҰЛЫ. (Моңғолия) * * * ВИЗА МӘСЕЛЕСІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛСА ДЕЙМІЗ Дүниежүзі қазақтары­ның бұрынғы құрыл­тай­ларына да, яғни 1992 жы­лы өткен тұңғыш құрыл­тайға және 2005 жылы ұйым­дас­тырылған 3-ші құрылтайға  да­қа­тыс­қанмын. Жалпы мен тарихи отаныма Қа­зақстан өзінің егемендігін алғаннан кейін, 1992 жылы келдім. Одан кейін де атамекенге талай мәрте келіп-кетіп жүрдім. Ұлы­бри­та­нияда 1986 жылдан бері тұрамын. Отбасым, ұл-қызым бар. Қазір Ұлыбританиядағы қазақ қо­ғамының жетекшісімін. Бұл қоғамды 2003 жылдан бері басқарып келемін. Қоғамның мақсаты – сол жерде тұратын қазақтардың тілін сақтап қалуға, олардың бір-бірімен қа­рым-қатынасын нығайтуға, қазақ жас­тарының санасына өздерінің қазақ екендіктерін сіңіруге, қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін жандандыруға бағытталған. Біз осы бағытта түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Ғалымдарды шақырамыз. Қазақстан тарихы, ұлттық мәдениет туралы әр түрлі конференциялар өткіземіз. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына көп жерден, атап айтқанда 33 мемлекеттен қазақтар келіп жатыр. Ал сол әр мемлекеттен келген диаспораның өзіне сай проблемалары болатыны анық. Мәселен, Ұлыбританиядан келетін қазақтар үшін ең басты мәселе – ол қазақ тілі. Әрине, қазақ тілін дамыту үшін қауымдастық арқылы үлкен көмектер алып жатамыз. Білім жағынан да, қазақша оқу жағынан да қауымдастық тарапынан болсын, елшілігіміз тарапынан болсын қолдау бар. Кішігірім қазақша үйрететін мектебіміз де жұмыс істеп жатыр. Алайда, тілді үйренуге орта керек қой. Ал орта болмағаннан кейін, тіл үйрену жағы қиындық туғызып жататыны белгілі. Себебі, жастар бар болғаны бір-екі сағат қана қазақша сабақ алады. Ал бұл тіл үйрену үшін жеткіліксіз. Сондықтан, осы мәселенің өз жүйесін тапқанын қалаймыз. Екінші бір мәселе, визаға келіп тіреледі. Се­бебі, бұл проблема аздаған қиындық ту­ғы­зып жататынын жасырмаймыз. Ұлыбри­тания­да туып-өскен, бірақ кейіннен Қазақстанда жұмыс істегісі келетін, осында келіп-кетіп жүр­гісі келетін жастардың виза алу мәсе­ле­сінде біраз қиындықтар бар. Бұл мәселе елшіліктерге қатысты емес, көбінесе заң бойынша виза ала алмай жатамыз. Сондықтан, заң жағынан жеңілдіктер ойластырылса, дұрыс болар еді. Қазіргі таңда жастарымыз біртіндеп өздерінің тарихи отанына келіп жатыр. Өткен жылдары қазақ қоғамының бастамасымен Алматыға Ұлыбританияда туып-өскен 3 жас келген болатын. Қазір олар компьютер, жаңа технология саласында жұмыс істеп жүр. Яғни, өзге елде жүрген қазақ жастарының Қазақстанға келсем деген ниеті оң. Смайыл КЕСИДЖЕ. (Ұлыбритания)