Алыстан келген ағайын «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығында белгілі режиссер Рүстем Әбдіраштің Елбасы туралы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмін тамашалады
Туған жерге деген кеудедегі буырқанған сағыныш селін басатын құдіретті күш бар ма екен, сірә. Атамекенге ат арытып жеткен қандастардың жүзінен осы сезім менмұндалайды. Бір-бірімен шүйіркелесіп, қауқылдаса хал сұрасқан түрлерінен қай елде, қандай жұртпен қатар тіршілік кешсе де өзінің шыққан тегін, атақонысы – Қазақ елі, ал тілі – қазақ тілі, түптеп келгенде, бәрі де бір қазақтың баласы екенін жүрек түкпірінде аялай сақтап келгенін таныр едіңіз. Елбасы туралы жақында жарық көрген «Балалық шағымның аспаны» фильмі олар үшін рухани сыйдың баға жетпес құндылығына айналып кеткеніне куә-дүрміз. Туған жердің қадір-қасиетін шалғайда жүрген адамнан артық кім сезінер. Бір кинозалға сыймайтын болғандықтан «Керуеннің» екі залы түгел қандастардың қаз-қатар тізіліп, елдік ұғымына терең бойлаған жан айдынына айналды. Фильм басталар тұстағы бала Сұлтанның әжесі мен әкесінің жеті ата жайында айтқан тағылымын тақылдай қайталап жатқан жері қаным қазақ деген кісінің мерейін үстем етері сөзсіз. Қазақтың жеті атасын біліп өсуі, жеті санын қадір тұтуы бізден басқа тағы қандай елдің салт-дәстүрінде кездесер еді? Ата-бабаларымыздан үзілмей жеткен бұл құндылық тек қазақтың ғана өзгеге ұқсамайтын ұстыны екеніне жұрт көңілін бұрғызудың өзі ғибратлы. Залдағы көрермен көңілінен осы тұста фильм кейіпкерімен бірге қанатын қомдап, кең далаға қыран құстай ұша жөнелген айпара сезім анық аңғарылған. Әже қолымен қол диірмен тасының шиыршық ата айналуы өте ұтымды табылған көркемдік шешім дер едік. Халқымыздың көне жәдігерімен уақытты уағыздату бекер емес. Сол тас диірменнің түбінде әже аузымен ата өсиеті санаға егіледі. Фильмнің осы бір көрінісін шетелдік қандастар риясыз көңілмен қабылдап, Елбасының бала кезі мен жастық шағынан әсерлі өрілген кинотуындыны тұшына тамашалап шықты.
Американың Нью-Йорк қаласында қазақ мәдени орталығын басқаратын Әлия АЛХАНБЕКҚЫЗЫНЫҢ әңгімесіне құлақ түрсеңіз, туған жерден шалғайда жүрген қазақтардың қай-қайсысы да ата-баба салтына берік, ұл-қыздарының қазақ тілі мен халқымыздың ?дәстүріне адал болып өсуіне қатты көңіл бөліп отырады. Нью-Иоркта жыл сайын Наурыз тойын өткізіп тұру дәстүрге айналғаны көңіл марқайтады. Мәдени орталық онда тұратын қазақ отбасыларының басын бір жерге тоқайластырып, бір-бірімен қарым-қатынас жасасуына мүмкіндік туғызып отырған бірден-бір ұйытқы ұйым көрінеді. Көрерменге Қазақстан туралы фильмдердің ұдайы көрсетілуі де мұндағы ағайынның атажұрттан алыста жатса да бір құлағын Қазақ еліне тігіп отыратынын аңғартады. Осындай жиындарда 300-дей қандасымыз бой көрсететінін айтады Әлия құрбымыз. Ал жалпы, Нью-Иорктің өзінде 8 мыңдай қазақ өмір сүреді дегенге біреу сенсе, біреу иланбас еді. Орталық төрайымының айтуынша, олар түрлі салада жұмыс істейді. Мұның бәрін бірақ кешегі бір қилы замандарда бытырадай шашырап, туған жерден қоныс аударуға мәжбүр болған, солақай саясаттың салқынын тартқан ұрпақтың өкілдері ғана емес, бейбіт заманда, әр түрлі себептермен Америкаға көшіп келген отандастарымыз да жетерлік екен. Өзі кәсіби пианисші болғанмен, қазақтың қара домбырасымен құйқылжыта ән шырқағанды ұнататын Әлия Алханбекқызының өзі Алматы шаһарында туып-өскен. «Президент туралы түсірілген фильмді көргенде, толқып кеттім, – деді ол. – Қазақстанның табиғат байлығына жететін дүниеде ешбір ел жоқ. Фильм кейіпкерлерімен өзім бірге жүргендей әсермен шығып отырмын. Астанаға осымен екінші рет келуім. Қаланың зәулім ғимараттармен асқақтай түскен келбетіне қарап көзім тояр емес. Осының бәрі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі екенін білеміз. Жат жерде жүрсек те туған жердің өсіп-өркендеуін жанымыз қалайды».
Киноны көтеріңкі көңіл-күймен тамашалап шыққан Қадірбек АКАЙДЫҢ Елбасы, елорда жайындағы әсері алабөтен. Германияның Кельн қаласынан келген оның Қазақстанға алғаш рет табаны тиген кездегі бойын кернеген сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Университетте экономист мамандығы бойынша екінші курста оқып жатқан өндірдей жастың бойын билеп алған бұл неткен құдірет деп біз де аң-таңбыз. Сөйтсек, гәп адамның қай жерде туып-өскенінде емес, барлық нәрсе баланың жүрегіне туған жерге, тілге деген құрмет сезімін ұялата білуде екен. Қадірбектің миына осы нақыл, «Атамекенің – Қазақстан, туған тілің – қазақ тілі» деген сөздер кішкентай күнінен құйылғанын білдік. Кельн қаласында тұратын 120 отбасы бір-бірімен жиі араласып, думан-тойларда бастары қосылып тұратынын, бауырларының қазақша ән салып, «Қара жорғаны» билегенде табандары жерге тимейтінін айтқан студент Қадірбек оқу бітіргеннен кейінгі тағдырын Қазақстанмен байланыстырғысы келеді. Алыста жүрген ағайынның ішінде әлі де туған жерге оралуды көксейтін қандастарымыз жеткілікті. Солармен болашақта әлемнің іргелі оқу орындарында білім алған осындай елшіл, рухшыл жастар елге қайтып оралса, Қазақстан мұнан да көркейіп, өркен жая түсеріне кімнің күмәні бар? Фильмді қызықтаған жастың Президентке деген сүйіспеншілігі шексіз. «Мына фильм арқылы мен Қазақстанды қайта таныдым» деді ол.
Иранның бірінші банкінде жұмыс істейтін Тахира ЗАДСАР фильмді тебіреніспен тамашалап, көзіне жас алғанын айтты. Ел Президентінің жас кездегі биікке талпынысы мен шынайы бейнесі шетте жүрген әр қазақтың жүрегін толқытпай қоймайтынын әңгімелеген Тахираның сыртта жүрсе де атамекен дегенде ет-жүрегі елжіреп тұратынын аңғару қиын емес еді. Ибалы, иманы жүзіне үйіріліп тұрған ұяң қыз өзі фильмді өте тебірене көргенін жасырмады. «Фильмде Қазақстан деген қандай бейбітсүйгіш ел екені, келешегі жарқын, жастарына өте қамқорлықпен қарайтын мемлекет екені көрініс табады. Астанаға келгеніме аз ғана болғанына қарамастан, мен бұл жерге қатты бауыр басып кеттім. Өз үйім, өлең төсегіме басымды қойғандаймын. Біз сияқты жастар өздерінің өмірлерін туған жердің абырой-беделімен сабақтастырғысы келеді. Президент туралы фильмді көргеннен кейін өзімнің о баста ойлап келген мақсатымды қалайда жүзеге асыруға асығудамын. Бұрын Елбасы жайында тек сырттай ғана естіп-біліп жүретінбіз. Енді, міне, Нұрсұлтан ағамыз туралы осы фильм арқылы жан-жақты мағлұмат алдық. Ондағы әрбір оқиғаны адамның тебіренбей қабылдауы мүмкін емес. Анасының түс көретін кезіндегі толғанысы тіпті толқытып жіберді. Еріксіз жылап жіберіппін. Неге олай әсер еткенін сөзбен айтып жеткізе алмайтын сияқтымын. Құдайдан перзент тілеген әр ананың әзіз жүрегі мұндайда қандай сезімде болатыны белгілі. Баласының ел қамын жейтін азамат болуын аңсамайтын жан жоқ десек, Әлжан ана сондай сандаған қазақ әйелдерінің арасында ерекше болып қалатын ардақты тұлға», деді ол.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.