• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2011

Құрылтайға қатысушылар лебізі

597 рет
көрсетілді

Әлішер ГАППАРОВ, Өзбекстан: – Мен өзім құ­рыл­тайға қатысып отыр­ғаныма қуаныш­ты­мын. Мен Өзбек­стан қазақ­тарының ара­­сы­нан делегат бо­лып кел­дім. Ұзақ жыл­дар ол жақта қыз­мет еттім, қазір зейнет демалысындамын. Қазақ пен өзбек ежелден туысқан халықтар ғой, ол жақтағы біздің өмі­ріміз жаман емес. Ешқандай қысымшылық көріп жатқан жоқ­пыз. Бірақ тарихи Отанға қайту әр­қашанда ойымызда, әттең соған кедергілер де аз емес. Соның ішінде көші-қон мәселелері қиын екенін естіп жүрміз. Солар­ды жеңілдетіп, қиындықтар жойыла­тын болса, келгіміз-ақ келеді. Қазақстанда тұрмыс­тың жақсы екенін біліп отырмыз. Біз келгенде ағайын-туғандарымызбен бірге келеміз ғой. Әсіресе, балаларымыз ел жаққа барғысы келеді. Бүгін Елбасымызды көріп отырмыз, оған да қуаныштымыз. Дүниежүзі қазақ­тарын бір жерге жинап, басымызды қосып отырғаны үшін ол кісіге алғыс айтамын. Оның оңай шаруа емес екенін де білеміз.  Алладан денсаулық тілеймін ол кісіге.  Әбу ИСЛАМ, Ресей Федерациясы: – Ел тәуелсіз­дігі­нің 20 жылдығы қар­саңын­да өтіп отырған құрыл­тайда үлкен шешімдер болатынынан үміттімін. Елбасы Н.На­зарбаевтың сөзінен де сондай үміт отын көрдім. Мен ендігі жерде шетелде тұратын қазақтармен араласу, олармен мә­дени, эко­номикалық және ғылыми жағынан ынтымақ­тасу бұрынғыға қарағанда жиірек әрі тиімдірек болатын шығар деп ойлаймын. «Нұрлы жол» атты бағдарламада көрсетіл­ген мәсе­лелердің тым болмаса 80 пайызы нақты іске асса – үлкен олжа болар еді. Ал енді өз тара­пымнан айтар ұсынысым, Мәс­кеуде ТМД-да тұратын барлық қазақтардың дүниежүзілік мәдени орталығы ашылса екен деймін. Өйткені, Мәскеу тоғыз жолдың торабы ғой. Ондай орталықтар армян, әзірбайжан және т.б. халықтарда бар. Сондай бетке ұстар орта­лық бізге де керек-ақ. Әрине, Мәскеуде кри­миналдық жағдайдың қиын, басқа ұлттарға деген басқаша көз­қарастардың бары рас. Бірақ «қасқырдан қо­рықсаң, орманға барма» дегендей, қайдағы бір топтардан қорқып, өмір сүрмей отыра аламыз ба? Мәскеудің өзін­де ғана 15 мың­дай, ал бүкіл Ресейде 1 млн-ға жуық қазақ бар, сондай жерде Қазақ­станмен тығыз байланыс орнатқан бір мә­дени орталық керек қой. Бұл менің өз ойым. Әбдуақап ҚАРА, Түркия: – Біз осы  құрыл­тай­ға үлкен үмітпен келіп отырмыз, өйт­кені бұл құ­рылтай Қа­­зақстан­ның кәме­лет­­ке толған ша­ғын­­да өтіп отыр. Қа­зір Қа­­зақ­станның ха­лық­­ара­лық аренадағы сал­­ма­ғы өс­ті. Ол әлемдік үлкен баста­ма­ларға да мұ­рындық болып отыр. Осының өзі оны әлемге танытып, беделін көтере түсті. Енді Қазақстан диаспора мәселелерін де толық шеше алады деген ойдамыз. Осыған орай мен диаспора ми­нистрлігінің құрылуы шарт дер едім. Қазір қазақтардың үштен бір бөлігі шет елдерде жүр. Оларды қатыс­тырған сыртқы саясат әлі күнге Қазақ­станда жасалған жоқ. Диаспора саясаты дегенде тек көші-қон мәселесін ғана қамту – ол біржақтылыққа ұрындырады. Бұған қоса шет елдерде тұратын қазақтар Қа­зақстанға қандай қызмет ете алады деген мәселе күн тәртібіне енгізіліп, оны шешу жолдарын жасау керек. Президенттің «Қазақ­станнан не аламын деп келмей, не беремін деп келу керек» деген сөзі дұрыс, бірақ жеке адамдар мардымды ешнәрсе бере алмайды, ал олардың күшін әлгіндей  ми­нистрлік бір арнаға тоғыстырып, сырт­тағы қазақтардың «Қазақстанға қызмет ету саясатын» жасаса – ол үлкен күш болар еді. Екіншіден, шетел қазақтары  мен атамекен қазақтарын, сон­дай-ақ шетелдегі қандастарды өзара байла­ныс­­тыру мәселесін қолға алу керек. Олар қазір бір-бірін түсінбейтін, бір-бірін оқып, біле алмайтын жағдайға кетіп бара жатыр. Сон­дықтан барлық қазақтың ортақ әліпбиі болуы керек. Осы істі Қазақстан бастап қолға алып, латын қарпіне көшсе, одан әрі Шыңжаң қазақтарының оған көшуіне ықпал етсе, бәріміз бір түрлі жазуға қол жеткізіп, бір-бірімізді қалтқысыз ұғатын болар едік.       Құрманбек ӘЛІМҒАЗЫ, Қытайдан келген оралман: – Меніңше барлық адамның жүрегінде ата­мекенге жетуге де­ген құш­тарлық бо­ла­ды. Та­ры­дай ша­шыл­ған ха­лық­тың бә­рі де өз Ота­нының болға­нын қалай­ды. Өзім де сондай сезімді бастан кешкен адаммын. Сондықтан да Қытайдан 2001 жы­лы туған жерге қоныс аудардым. Қазір жағ­дайымыз жаман емес. Мен де елден алайын деп емес, бо­йымдағыны берейін деген адам­мын. Туған жерім менің ниетімді қолда­ды, Абай атындағы опера және балет театрында жеке концертімді бердім жуырда. Олжас деген ұлым, Үкібай деген қызым бар. Елба­сының сөзі ұнады, ол кісі келемін дегендерге есік ашық екенін айтты. Енді келу, келмеу әркімнің өзінің санасына байла­нысты нәрсе ғой. Меніңше, барлық қазақтар да атамекенге оралып, туған жердің гүл­де­нуіне өздерінің қолдан келген үлесін қосуы керек.  Біз міне, өз елімізде, өз жерімізде, құ­дайға шүкір, шал­қып жүрміз, ешкім кеудемізден итеріп жатқан жоқ. Керісінше, бар­лық жерде қолдан келген қолдауларын көрсетеді. Ирина ҚАРА­БО­ЛАТОВА, Ресей Федерациясы: – Мен аз санды ха­лықтардың тілдері, дәс­­түр­лері сақталу про­б­ле­маларымен айналыса­мын. Соның ішінде жер­­гілікті халықтар­дың фоль­к­лорын жи­най­мын. Біздің Түмен об­лысында 151 ха­лықтың өкілдері тұрады. Соның ішінде қазақ диаспорасының ала­тын өзіндік орны бар. Менің әкем қазақ, шешем украин қызы. Менің ой-пікірім қазақ қызынікі болғаны­мен, тілім орысша. Әкем Торғайда тұрған, ол ақын болған еді. Өзім Арқалық педи­нс­титутын бітіріп, тағдырдың жазуымен Тү­мен­ге кетіп қалған едім. Сол жақта тұрмыс құр­дым, балалы болдым. Бір қызығы, менің қызым өзін украинмын деп, ал ұлым өзін қазақ­пын деп есептейді. Осы жолы мен ата-бабаның рухын сезінсін деп оны өзіммен бірге алып келдім. Қазір мен қазақ, татар халықтарының бесік жырларынан жинақ шығару үстін­демін. Сібір татарлары мен қазақтар өте ұқсас келеді. Өйткені, қазақ халқын құра­ған ру-тай­палардың 70 пайызы онда бар екені қазір мәлім болып отыр. Құ­рыл­тай­ды мен әр қиырда жүрген қазақ­тардың арасында ғы­лы­ми, іскерлік істердегі өзара ынты­мақ­тастық орнату форумы деп қа­был­даймын. Соның ішінде мен өзім Қа­зақ­­стан Ғылым академиясының президентімен кездесіп, қазақтану тақырыбы бойынша іскерлік байланыстар орнату мақсатында келіссөз­дер жүргіздім.