...ІНДЕТ ОШАҒЫНДА БОЛДЫ
Ақжайық ауданына қарасты Тінәлі ауылындағы ірі қара мен қой-ешкі малдары аусыл ауруына шалдықты. Атап айтқанда, мұнда соңғы деректер бойынша, 552 бас ірі қара мен 1642 бас қой-ешкі жойылды. Қазір 64 түтіні бар Тінәліде тұяқ серпер түлік қалмаған. Кеше індет ошағында Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов болып, тұрғындарға төмендегі жәйтті мәлімдеді:
– Үкіметтің 2003 жылғы қаулысына сәйкес, аусыл ауруына тап болған ірі қара үшін 40 мың теңгеге тарта, ұсақ малға 8 мың теңгеден астам қаржы бөлінуге тиіс. Алайда біз тұрғындар талаптарына орай, Үкімет пен тиісті министрліктерге осы өтемақыға қосымша үстемеақы қосу жөнінде ұсыныстар білдірдік. Республикалық қаржы комиссиясы бұл ұсыныстарымызды мақұлдады.
Қауіп толық сейілді деп айтуға әлі ерте. Жұқпалы аурудың округ аумағындағы Алқап және Кеңтүбек қыстақтарына да жеткені айтылуда. Аусыл Оңтүстік Қазақстан облысынан келді деген ұйғарым жасалып отыр. Бұған дейінгі тәртіп бойынша, індет табылған нүктеде ауру малдар ғана жойылып, қалғаны егілуден өтетін. Ендігі жерде Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасындағы Кеден Одағы талабына сәйкес, індет ошағы аумағындағы барлық мал толығымен жойылмақ.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
* * *
...«МЕН ҚАЗАҚША БІЛЕМІН» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ
«Мен қазақша білемін» байқауын жыл сайын З.Қабдолов атындағы және «Алшы» қорлары бірлесіп ұйымдастырып келеді. Осы байқауға «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны да қаржылай қолдау көрсетуден шеттеген емес. Кеше аталған байқаудың биылғы сайысы басталғаны жария етілді.
Осыған орай ұйымдастырушылар байқаудың мақсаты мен шарттарын таныстырды. Профессор Қадір Жүсіптің пікірінше, мемлекеттік тілді өзге ұлт жастарының арасында кеңінен насихаттау үшін шараларды көбірек өткізген жөн. Ал «Теңізшевройл» өкілі Гүлнар Айтжанова алдағы уақытта да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және оны насихаттау үшін демеушілікті жалғасатынын жеткізді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.
* * *
...ХАС ШЕБЕРДІҢ САПАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Каратэ-додан «Мариошикай» халықаралық ұйымының президенті, JKF бойынша 7-дан, JKMO бойынша 8-дан иегері Сасаки Ташиатсу Қызылжар өңірінде болып, карадо-дэ және шотоканмен айналысатын жастарды бірнеше күн бойы жаттықтыруға уақыт таба білді.Семинарлар өткізіп, енді ғана қанат жая бастаған күрестің қыры-сырына қанықтырды.
Бұл Күншығыс елі оғланының Қазақстанға атбасын тіреген тұңғыш сапары әрі уақытының тығыздығына қарамастан, өзімен бірге келген жапониялық сэнсэй және Сібір мен Қиыр Шығыс бойынша одақтың бас бапкері Мирон Квон екеуі Астана мен Теміртаудан және Солтүстік Қазақстан облысынан жиналған каратэшілерді шеберліктерімен тамсандырды. Мәртебелі меймандар жас спортшылардың аяқ алысына жоғары баға берді.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.