• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2011

Қызыл гүлдер , сары гүлдер, ақ гүлдер!..

923 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақта «Алматы – гүл қала» атты гүлдер фестивалі өтті. Шараның мақсаты – Алматыға гүл қала мәртебесін қайтару, гүл өсіру ісін жандандыру, еліміздің мәдени кеңістігін кеңейте отырып шаһар тұрғындары мен қонақтарын экологиялық таза қала шеруіне тарту, сонымен қатар жыл сайын осы саябақта гүлдер фестивалін тұрақты өткізіп тұруды дәстүрге айналдыру. Алматы қаласының әкімдігі мен Nicole орталығы ұйымдас­тырған бұл шара беташары ба­лаларға арналған театрла­н­дырыл­ған қойылымдармен ашы­лып, одан әрі «Корелевство пластика» және «Арт и Шок» театр­ларының өнерпаздары жиылған көпшілік­тің көңілін көтерді. Сахнадан тыс­қары алаңдарда балалар шы­ғар­машылық ұжымдары, қуыр­шақ театрлары мен түрлі үйірмелер өз туындыларын ұсын­са, салта­натты шараны тамаша­лау­ға келген қала жұртшылығы қол­данбалы өнерден, граффити сурет салудан, көше биінен арнайы өткізілген шеберлік сабақтарына тікелей қа­тысып, қызғылықты ойындар мен сайыстарда бақ­тарын сынап көрді. Қала әкімі Ахметжан Есімов флористикалық конкурс жеңім­паз­дарына дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті. Ол өз сөзінде қала басшы­лы­ғы­ның ма­ңызды міндеті экологияны жақ­сарту екендігін атап өтті. Биыл Алматыда 180 мың шаршы метр (2010 ж.–110 шаршы м.) жерде жасылдандыру жұмыс­тары қолға алынып, үй қабыр­ғалары гүлді шырмауықтармен көмкерілмек екен­дігін айтты. Кешкісін, түрлі гүл шоқ­тарымен безендірілген мәши­не­лер, байкерлер мен велосипедшілер, сондай-ақ музыканттардан құралған үлкен лек «Мега» ойын-сауық орталығынан бастап, Әл-Фараби даңғылының бойымен шеру тарта отырып, Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті атын­дағы саябаққа келіп кірді. Күні бойы танымдық бағдарламалар мен концерттік қойылымдарды тамашалаған демалушылардың көңіл-қошын жылжымалы «гүл­дер шеруі» шынымен де арт­ты­рып жіберді. Демалушыларға Қа­зақ­стан эстрадасының жұлдыз­дары ән мен күйден, мың бұрал­ған әсем биден тұратын концерттік сый ұсынды. Алматының мақ­пал түнін қызылды-жасылды түспен көмкерген отшашу сал­танатты шараның сәнін кіргізді. Қанат ЕСКЕНДІР. Алматы.