Италияда, атап айтқанда, Милан төрiнде, анығырақ айтқанда, қазақтың бұлбұл көмей әншiсi Амангелдi Сембиндей ақтаңгерлер ән салған, дәрiс алған атақты Ла- Скала театрының қыр арқасындағы алаңда «Джиро д, Италия» көпкүндiк велошабандоздар бәйгесiнiң соңғы күнiнде Қазақстан байрағы көтерiлдi. 7 мамырдан берi велосипед ершiгiне қонған 200-ден астам жүйрiктiң, қатысқан 23 команданың жарыс нәтижесi шығарылды. Экс-қазақстандық испан Альберто Контадор күтілгеніндей, бас бәйгенi олжалады.
Ал, «Астана» терген жемiстерге келетiн болсақ, есеп бойынша «Астана» командасы бiрiншi орынға шықты. Байрағымыз көтерiлдi, әнұранымыз ойналды. «Астананың» жүйрiгi Паоло Тиралонго соңғы кезеңдердің бiрiнде мәреге бiрiншi келдi. Команда капитаны, көкөрiм жігіт Роман Кройцигер жастар арасынан ең үздiк болып ақ жейде кидi. Жалпы, есеп бойынша 6 орынға тұрақтады. Қысқа қайырғанда осы. Ал үш аптаға созылған көпкүндiктiң қызықты оқиғалары мен саңлақтардан алған сұхбаттарды газетiмiздiң алдағы нөмірлерінен оқитын боласыздар.
Бахтияр ТАЙЖАН, Шымкент.