• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2011

Әзірбайжан футболы туралы не білеміз?

1066 рет
көрсетілді

Еуропа чемпионаты іріктеу турниріне қатысып жатқан Қа­зақстан құрамасы 3 маусым күні Астананың «Астана-Арена» ста­дионында Әзірбайжан ұлттық командасын қабылдайды.  «Әзірбайжан футболы» тура­лы сөз қозғағанда, біздің есімізге ең бірінші болып сонау кеңес кезеңінде көрінген Бакудің «Нефтянигі» түседі. Ол заманда одақ­тас республикалар астан­а­лары атынан түсетін жалғыз команда сол жұмхұрияттың құра­масы сияқты еді. Кезінде осы мұнайлы өңір футболының флаг­маны саналған «Нефтяник» те сол есепте болды. Ол біздің «Қай­рат» секілді КСРО халық­тары спартакиадаларында рес­пуб­ликаның бас жасағы ретінде ұдайы өнер көрсетіп отырды. Біздің бұл жерде кейінірек (1968 жылдан) «Нефтчи» атана­тын ко­ман­даның «Нефтяник» бол­ған ке­зеңін ауызға алып отырған себебіміз, ол осы атаумен жүрген 1966 жылы Одақ чемпионатындағы ең жоғары табысына қол жеткізіп, бірінші және соңғы рет қола жүл­де­гер атанды. Ал қазақ және әзір­бай­жан футболының деңгейлері сол жылдары Алматының «Қай­раты» мен Бакудің «Нефтяник» («Нефтчи») командалары арасын­дағы кездесулер арқылы айқында­лып тұр­ды. Бұл жасақтар КСРО чем­пио­на­ты «А» класының жоға­ры тобының 1960 жылдан 1988 жы­лға дейінгі аралығындағы ке­зең­де бір-бірімен 40 мәрте кездесіп, солардың тең жартысында, яғ­ни 20-сында алма­ты­лықтар жеңіс­ке жетті. Тағы 4 ойынды тең ая­қ­таған біздің жерлестеріміз қалған 16 матчта жеңіс тізгінін қарсы­лас­тарына беріп қойды. Осы кездесулерде екі команда бір-бірінің қақ­пасына 48 реттен доп соғып, тең нәтиже тіркеді. Міне, бай­қалып тұрғандай, бакулік ко­ман­даның біріншіліктегі табысы біздікіне қара­ған­да, қомақтылау кө­рі­нгенімен, екі жақты кездесулер­дің ыңға­йында алматылықтардың десі біршама басым шықты.  Мұның есесіне, Апшерон тү­б­е­гіне футбол ойыны Қазақ саха­ра­сына қарағанда, бұрынырақ барды. Бұған, әлбетте, осындағы мұнай кен орындарын игеруге ағылшын кә­сіпшілерінің ара­ласуы тікелей әсер етті. Соның негізінде әзери­лердің алғашқы футбол клубтары 1905 жылы пайда болды. Олардың барлығы дерлік Баку мұнай өнер­кәсібі ком­панияларының аттарынан өнер көрсетті. Ал республи­кадағы бірінші ресми чемпионаттың өте бастауы 1911 жылмен тұспа-тұс ке­леді. Егер Қазақстандағы ең алғаш­қы футбол командасының 1913 жы­лы Семейде «Ярыш» («Жарыс») деген атпен қатарға тұрғанын еске ал­сақ, әзірбайжан қардаштары­мыз­дың бізден сәл де болса алда тұрғанын аңғару қиын емес. Олар өздерінің бірінші халықаралық жа­рыстарын 1912 жылы өткізді. Осы жолы «Баку» командасы Тбилисиде жергілікті «Сокол» командасымен ұшыра­сып, 4:2 есебімен жеңіп шықты. Әзірбайжан Республикасы КСРО-дан бөлініп, тәуелсіздік алып шыққаннан кейін, 1992 жылғы нау­рызда футбол федерацияларының ассоциациясын құрды. Ол 1994 жылы УЕФА мен ФИФА-ның құ­рам­дарына қабылданды. Тәуелсіз Әзірбайжан алғашқы дербес ұлт­тық біріншілігін өткізуді 1992 жылы қолға алды. Осы жылы чемпионат жүлдесін сарапқа салуға рекордтық мөлшердегі үміткерлер – 26 команда қатысты. Бүгінде біріншілігінде тұрақты 16 жасақ күш сынасатын Әзірбайжан елі бұл доданы Еуропада кеңінен тараған екі айналымдық жүйемен, яғни күз-көктем кезеңі бойынша өткізеді. 2008-2009 жылғы мау­сым­нан бастап мұндағы Жоғары лига біздегідей «Премьер-Лига» атанды. Осы кезге дейін Әзірбайжан құрамасы 4 реттен әлем және Еуропа чемпионаттарының іріктеу турнирлеріне қатысты. Әлбетте, оларда аузымен құс тістейтіндей табыс­тарға жете алмағаны айтпаса да түсінікті. Бірақ терме команда тіршілігінде ілгері өрлеу­ші­ліктің бар екендігі ешқандай күмән туғызбай­ды. Айталық, әзе­ри милли жасағы 1996 жылы мәреге жеткен Еуропа чемпио­натының іріктеу жарысында 10 ойынның біреуінде ғана тең тү­сіп, қалғандарында ұтылып, со­ны­мен қатар, қарсыластар қақпа­сына 2 доп қана салып, өзіне 29 доп жіберіп алса, 2008 жылы 12 ойында 1 же­ңіс, 2 тең және 9 же­ңі­ліс нәтиже­сімен доп айыр­ма­сын 6-28 етті. Әлем чем­пионаты үшін іріктеу турнирлерінде де осындай оң сапалық өзгерістер бар. Оның 1998 жылы аяқталған до­дасында 8 ойында 1 рет жеңіп, қал­ған­дарын түгел жеңіліс­пен бітірген, доп айырымын 3-22 көр­сеткішімен тиянақтаған әзе­рилер 2010 жылғы көмбеде 10 ойын­­дағы 1 ұтыс, 2 тең және 7 ұты­лыс көр­сет­кішімен қоса, 4-14 деген доп айыр­машылығын жа­сады. Еуропа бірін­ші­лігінің қазір­гі бесінші мәрте өткі­зіп жатқан турнирінде де әзери­лер­дің дәл қа­зіргі жағдайы біздікінен тәуірлеу. Атап айтқанда, олар 4 ойын­да 1 рет жеңіс­ке жетіп, 3 мәрте жеңіліп, 3 ұпаймен турнир көші легінде бесінші болып келеді. Доп айы­рымдары – 3:13. Ал одан бір ойынды артық өткізіп, соңғы орын­да тұрақтап қалған Қа­зақ­­стан құра­масы есебінде әзірге же­ңіліс­тен бас­қа көрсеткіш жоқ. Оның үстіне осы 5 ойында қар­сы­ластар қақ­пасы құл­пын бір рет те дәл көз­дей алмадық. Өзімізге өткіз­ген доп саны 14-ке жетті.    Тәуелсіздің жылдарында осы екі бауырлас елдің құрамалары бір-бірімен 8 мәрте кездесті. Олар­дың арасында Еуропа біріншілігі үшін іріктеу ойындар да, жолдас­тық кездесулер де бар. Мұнда қарсыластар көрсеткіш­тері барлық жағынан те­пе-тең тү­сіп тұр. Атап айтқанда, олар бір-бір реттен жеңіске жетіп, ал­ты ойынды тең бітірген. Екі жақтың бір-бірлерінің қақпаларына тү­сір­ген доптары да бірдей – 8:8. Екі команданы да шетелдік мамандар жаттықтырады. Атап айтқанда, әзерилер милли терме команда­сы­ның тізгіні неміс Берти Фогтстің алақанында болса, біз бас жасақ делбесін чех Мирослав Беранектің қолына бергенбіз. Біздің жаттық­тыру­шы осы жолы өзінің ресми матчтағы тұсауын кеспек. Әзірге оның Беларусь құ­ра­масымен өткен жолдастық кездесуді 1:1 есебімен тең аяқтатқан көрсеткішін ғана білеміз. Ал осының алдында бізде де құрама билігі неміс бапкерінің қолында болған. Ол көктетпегесін, өткен жылдың ақырында онымен ақыры қоштасуға тура келді. Футбол мамандары қазір Астанада өткелі тұрған бұл матч нә­ти­жесінің екі команда үшін де бет­бұ­рысты кезең болуы ықтимал еке­нін айтып отыр. Сондықтан екі құ­ра­ма­ның да жауапты ойынға жан-жақты дайындалып келетін түрі бар. Екі жақ та бұдан бірқатар уақыт бұрын осы кездесуге қаты­суы мүмкін ойыншылардың ұзын-сонар тізімін жасап қойды. Біздің құрамаға бір­қа­тар уақыт­тар­ға со­зыл­ған үзіліс­тен кейін Самат Смақов қайтып орал­ды. Оның есесіне, бас коман­да­ның соңғы кездердегі лидер­лерінің бірі, еліміздің өткен жылғы үздік футболшысы Нұрбол Жұ­мас­қалиев жоқ бұл сапта. Әзірбай­жан­дар бас жаттық­ты­ру­шысы Берти Фогтс 3 және 7 маусым күндері Қа­зақ­стан және Германия коман­да­ларымен кездесу үшін белгілеген құ­рамда мұндай өзгерістер жоқ есебі. Ал оларды тізіп көрсетіп беру жанкүйерге пә­лендей артық мәлі­мет бере қояды деп ойламаймыз. Себебі, біздің қа­зіргі құрамада кезінде «Қайрат­тың» тарландары та­ныл­ған мық­ты­лармен деңгей­лесе алатын бір­де-бір футбол­шының жоқ екендігі тәрізді, әзір­байжандар сапында да сол за­мандағы Бакудің «Нефтянигінде» атой салған Алекпер Мамедов, Юрий Кузнецов, Александр Семин, Вячеслав Брухтий, Яшар Бабаев, Казбек Туаев, Эдуард Маркаров, Анатолий Банишевский, Ни­колай Смольников, Рафик Кулиев, Виталий Шевченко, Игорь Пономарев сынды жұлдыз­дармен шегіне шендес келетін ешкім көрінбейді. Серік ПІРНАЗАР, Астана.