Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен ұйымдастырылған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым: «АЛЖИР-ҚАРЛАГ» атты халықаралық жоба аясындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шаралар кеше Қарағанды аймағындағы Долинка кентінен бастау алды. Кезінде зорлық пен зомбылықты ұйымдастырушылардың басқару орталығы болған бұл орын туып-өскен, еңбек орталарынан Арқа төсіндегі сайын даладағы түрмелер мен тікенек сым қоршауларға жер аударылып қамалған он мыңдаған жазықсыз жандардың қасіретіне тікелей куә. Осында құрылған еске алу және еске сақтау мұражайы өткеннің қайғылы кезеңінен жан-жақты сыр шертеді.
Оның ашылу рәсімінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов сөз сөйлеп, Елбасының саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шараларға қатысушыларға үндеуін оқып берді. Чешен Республикасы парламентінің төрағасы Дукуваха Абдурахманов өзі бастап келген делегация атынан осы зұлматтың барлық халықтарға батқан зардабын айтып, тарихтан тағылым алу парыз екенін атады. Мұражайдың ашылуына қатысушы еліміздегі дипломатиялық миссия, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар өкілдері, заңсыз запа шеккендер ұрпақтары тоталитарлық жүйе құрбандары жайында құнды деректер, жәдігерлер топтастырылған экспозицияларды аралап көрді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде сол кезеңде көз жұмғандардың Қарағандыда, Спасскіде жерленген орындарына зиярат етіліп, оларға арналып қойылған ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде өткен «Өткенге тағзым – болашаққа тағылым» атты ғылыми-практикалық конференцияда зобалаң уақыт құпиясы туралы жаңа зерттеулер ортаға салынды.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.