Бәсекеге қабілеттіліктің бағасы артқан тұста еркін елде өсіп, тәуелсіздігімізбен бірге жас буынға бақыттың дәмін сезінтумен қатар жауапкершілік жүктеген де жөн. Алтын асықтай ұлдарымыз бен инабатты қыздарымыз еліміздің өркендеп, көркеуіне үлестерін қосуды мақсат етуде. Ел мүддесін асқақ ұстайтын дарыны мен қарымы келіскен жастар Текеліде аз емес. Тіпті халықтардың үштен бірін жастар құрайды. Қай іске жұмылса да, заманауи тың бастама көтеріп, жалынды жігер танытып, келешекке деген сенімнің отын лаулата түседі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Отан» жастар қанатының І съезінде жастар саясатының аса маңызды міндеті толымды да бәсекеге қабілетті тұлғаны – «болашақ қазақстандықты» тәрбиелеу қажеттігін атап айтқан болатын. Бұл тұрғыда «жасотандықтар» білім-біліктерін тәжірибемен тоғыстырған. Туған ел, Отанға деген сүйіспеншілікпен сабақталған үлестерін қосуды қатар ұстануда. Тәуелсіздік құрдастарының өзі ат жалын тартып мініп, жиырмаға келіп жатқанда ұлтымыздың ұяты мен ар-ожданы текті ұрпақтың Отан алдындағы шексіз жауапкершілікті сезінуі ең басты күш дер едім. Бүкіл ел қолдау көрсетіп, сенім артып отырғанда жастардың ағат басып, салғырттық танытуына жол жоқ екені де басы ашық әңгіме.
Қазақстанның болашағы бүгінгі жас ұрпақтың ойына сіңіп, бойына даритын тәлім-тәрбиеге байланысты. Текеліде мемлекеттік жастар саясатының ізімен жүзеге асырылған шаралардың өз тағылымы бар. Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі атқаратын жұмыстардың басым бөлігі отаншыл рухты, білімді, бәсекеге қабілетті жастардың азамат ретінде қалыптасуына оң ықпал етуге бағытталған.
Дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген жастар форумы олардың қоғамдық белсенділігін, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін, көшбасшылық қасиетін дамытуымен бірге қоғамдық саяси тұрақтылықты насихаттауға негізделген. Қаладағы жастардың қарым-қабілетін екі жыл қатарынан танытқан «Өркендеудің сара жолы – ынтымақ пен бірлікте» жастар форумы мен «Елдігімнің белгісі – мемлекетік рәміздер» атты облыстық фестиваль өскелең буынның өнеге алар, өрісін кеңейтер ашық айдынына айналды.
Өңірлік мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында текелілік жастар арасында Елбасының халыққа Жолдауын насихаттау шаралары, жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында «Жолдау рухы – жастар жүрегіне» акциясы, этносаралық келісімді нығайту бойынша «Ынтымағы жарасқан ырысты мекен», «Қазақстанның әлемдік өркениеттегі беделі мен ЕҚЫҰ төрағалық етудегі басты ұстанымдары» семинарлары, ұлттық құндылықтар мен дәстүрімізді дамыту, саламатты өмір салтын насихаттауда «Ел үмітін ер ақтар, ел бірлігін ер сақтар» пікірталасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін дәріптеу мен насихаттауда «Елдігіміздің таңбалары – ең қасиетті мақтанышымыз» байқауы ұдайы ұйымдастырылып, жастар пікірлерін ортаға салды.
Мемлекеттік жастар саясаты елдің ең бір өзекті, стратегиялық құндылығы жоғары бағыты болса, жастар мәселесіне аға буынның пайым-парасат биігінен қарағаны дұрыс дер едім. Жастардың жан-жақты дамуының түрлі жобаларына қолдау көрсету назардан тыс қалған емес. Жастардың қоғамдық белсенділігіне түрткі болатын әлеуметтік мәселелерін шешу, тұрғын үймен қамту өмір талабы. Текеліде соңғы жылдарда пәтерге ие болған жас мамандар қатары өсе түскен. Жұмыспен қамту жағдайына көз жүгіртсек, жастар тәжірибесімен былтыр 96, ал жыл басынан бері 15 жас маман жұмысқа кірісті. Қаламызда кәсіптік тұрғыдан қайта мамандануға мүмкіндік өте үлкен. Түрлі себептермен оқуын жалғастыра алмағандар да, жаңа кәсіпке қызығушылық танытқандар да қайта даярлау курстарының жемісін көруде.
Туған табиғатты аялауға баулуға, туризмнің қыр-сырын тануға, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге қалалық мәдениет үйінің жанында жұмыс істейтін «Тау самалы», «Брейк Данс», «Жас дарындар студиясы», «Штурм», «Тау мергені» сынды үйірмелердің маңызы зор. Мұның бәрі де жастардың республикалық, облыстық байқаулар мен жарыстарда биік тұғырды бағындырып, жүлделі орындарды иеленуіне ықпал етуде. Отаншыл ұрпақ туған табиғатты да сүйе білуі керек. «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Жасыл желек» экологиялық сенбілігі, «Жасыл елдің бір күні», «Жастар ядролық қарусыз болашақ үшін» акцияларымен бірге Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Жасыл жапырақ», «Тәуелсіздікке тарту» акциялары өткізіліп, қала жасыл желекке оранды. «Жасыл Ел» республикалық бағдарламасы аясында жыл сайын кәсіптік лицей оқушылары мен жұмыссыз жастар қамтылып, туған қаламызды көркейту, абаттандыру жұмыстарына атсалысуда. Маусым қорытындысы бойынша қала әкімдігі «Ең үздік жұмыс беруші» номинациясы бойынша республикалық «Жасыл Ел» штабының дипломымен, сондай-ақ Алматы облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Жастықтың жалынды күші алмайтын қамал жоқ десек оның көзін ашуға біз де барлық мүмкіндік бар екенін мақтанышпен айтуға болады.
Нұржамал ШОХАНОВА, Текелі қаласы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы.