Елбасының биылғы Жолдауында өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс. Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз, деп нақты тапсырма қойылды. Өте ұтымды айтылған ой. Биыл еліміз үшін мерейлі, ырысты жыл. Өйткені ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланатындықтан жұлдызымыз жарқыраған, мәртебесі асқан, мемлекет ретінде алға нық қадам басқанымыз қуантады.
Жақсылық қашанда – егіз. Текеліліктер қастерлі жылда қос мерейтойды атап өтпекші. Қаладағы №17 кәсіптік лицейдің 40 жылдығы да осы жылдың еншісінде.
1971 жылы ашылған училищенің алғашқы директоры В.Кононицын болды. Сондай-ақ білім беру мазмұны өзгеріп, 1976 жылдан оқушылар таңдаған мамандықтарына қоса орта білім алуда. Иә, кешегі күнге көз жіберсек, аталған оқу орнында аспаз-кондитер, менеджер-бухгалтер, медицинаның кіші медбикелері, темір ұстасы-жүргізуші, техник-механик, ЭЕМ операторы, құрылысшы, тас қалаушы, ағаш ұстасы, токарь, сылақшы-сырлаушы, сантехник мамандықтары бойынша 5000-нан астам жұмысшы-маман даярланыпты. Алғашқыда бұрғылаушылар жерасты электровоздарының машинистері сияқты мамандықтарды оқытса, еңбек нарығына сәйкес электрмен, газбен дәнекерлеуші, электр жүйелерін және электр жабдықтарын электрмонтаждаушы, аспаз-кондитер, электронды есептеу машиналарының операторы, шаштараз-модельер, қонақ үй шаруашылығына қызмет көрсетуді ұйымдастыру мамандықтары бойынша мамандар даярлануда.
Білікті, сапалы мамандарды даярлау үшін ең алдымен, лицейдің материалдық-техникалық базасын жылдан-жылға жаңарту, әр мамандыққа сәйкес толық жабдықтау лицей әкімшілігінің басты назарында. Осыған сәйкес, әр мамандық уақыт талабына сай жабдықталған оқу шеберханасымен қамтамасыз етілуі қажет. Мәселен, газ-электр дәнекерлеу үшін виртуалды оқыту жүйесінің жиынтық құралымен жабдықталған. Автомобильдерді жөндеу слесары мамандығы бойынша техникалық жөндеу орталығы ашылды. Мұнда арнайы компьютерлендірілген геометриялық жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Электронды есептеу машиналарының операторы мамандарын оқыту үшін лицейдің оқу ғимаратында талапқа сай 2 кабинет интерактивті тақта, мультимедиялық бейнепроектор, 32 дана тест құрылғыларымен жабдықталған. Облыстық байқауда «Ең үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы – 2010» лицей «Жаңашыл кәсіптік лицей» номинациясын жеңіп алуы осындай жұмыстардың жемісі.
Кәсіптік лицейде 17 оқу кабинеті мен 5 шеберхана, 2 компьютерлендірілген кабинет, кітапхана, жатақхана, асхана бар.
«Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының «Мамандарды қайта даярлау мен дайындық» бағытының жүзеге асырылуы негізінде 2009-2010 жылдары 408 жұмыссыз қайта даярлаудан өтіп, жаңа жұмыс орындарымен қамтылды.
Материалдық-техникалық базаның беріктігі мен дамуының арқасында №17 кәсіптік лицейдің инженерлік-педагогикалық ұжымы білікті мамандарды оқыту мен тәрбиелеуде көптеген жұмыс атқарып, соның жемісін көруде. Жастардың әлемдік стандартқа сай білім алуларына нақты мүмкіндіктер беріліп отыр.
Гүлнар Қоқымбаева, №17 кәсіптік лицей директоры.