Бірақ соны бәріміз білеміз бе?
Елордадағы нейрохирургия орталығының ашылғанына биыл тура үш жыл. Осы уақыттан бері орталық халыққа алдыңғы қатарлы медициналық технологияны пайдаланып, жоғары сапалы нейрохирургиялық көмек көрсету үстінде. Бұл жерде тек операциялар ғана емес, нейрохирургия саласындағы ғылыми зерттеулер де жасалады, сондай-ақ, орталықтың ғылыми-әдістемелік қызметінің аясында нейрохирургия саласындағы мамандарды қайта даярлау үшін шетелдерге оқыту жолға қойылған.
Біз бүгінгі әңгімемізде осы орталықта жасалатын түрлі бағыттағы операциялар туралы айтпақпыз. Жалпы, бас сүйекке, ми тамырларына, өңеш, жұтқыншақ, безге жасалатын операциялар ең бір күрделі оталардың қатарында екені даусыз. Батыс Еуропа елдерінде микроскоппен жасалатын операциялардың құны қазіргі кезде 125-130 мың АҚШ доллары шамасында екенін ескерсек, біздің елде бұл он есеге дейін арзан. Жоғарыдағы орталықта нейрохирургия саласындағы операциялардың түгелге жуығы жасалады. Мәселен, ересек адамдар мен балалардағы ми және жұлын ақаулары, ісіктер, бас сүйек-ми жарақатының зардаптары, әртүрлі тектегі сумилық (гидроцефалия), бас сүйек пен ми дамуындағы кемістік, омыртқадағы кінәрат, перифериялық жүйкедегі жарақат, ауру туындататын синдромдар, т.б. Сондықтан өз медицинамыздағы жетістікті көрмеу немесе білгір дәрігерлерге сенім білдірмеу енді артта қалуы тиіс деп ойлаймыз. Өйткені шет елдерде қымбат операция жасатып, күтінбей іле-шала елге оралғаннан гөрі, өз еліміздегі бардың бағасын білу әлдеқайда дұрыс болар. «Күтінбей» деуіміздің де мәні бар. Білікті дәрігерлердің айтуынша, көптеген операциялардан кейін міндетті түрде күтім қажет болғандықтан, науқастар арнайы бөлімдерде біраз уақыт емделуі қажет. Ал, елімізден шет елдерге барған науқастар көбінше операциядан кейін ары кеткенде бірер апта аялдап елге қайтады. Өйткені көп уақыт жататын қаржысы жоқ, қаржысын операцияға жұмсап жіберген. Мұндай жағдайлар өте жиі кездеседі.
Қазіргі кезде орталықта арнайы микрокатетер мен микроспиральдың, сондай-ақ, арнайы медициналық биожелімнің көмегімен адам санының тамырлары арқылы жалпы қан айналым жүйесінен ми тамырларындағы ақауларды сылып тастау арнайы операцияның бір түріне жатады. Бұл көп уақытты алмайды және аурудың денсаулығы тез арада түзеліп кетеді екен.
Одан кейінгі бір бағыт – транссфеноидальды хирургия деп аталады. Бұл мұрын арқылы жасалатын ота. Бастағы ісікті бұрын бассүйекті тесу (трепанация) арқылы сылып тастайтын. Ендігі әдіс сүйекті тескен соң орын алатын қолайсыздықтар мен қиындықтарға жол бермейді. Бұл операция арқылы бастағы без ісігін, бассүйекте түзілген обырды (рак), ангиофиброма, менингиома, краниофарингеома сияқты бірқатар ісіктерді жоюға болады. Отаның осы түрі орталықта 2009 жылы енгізілген екен. Содан бері 25 адамға жасалыпты. Оған 14,5 миллион теңге шығын кеткен.
Ендігі бір бағыт – нейронавигация. Бұл арқылы ми құрылымдарында терең орналасқан ісіктерді дәл анықтап, миға зақым келмейтіндей етіп ота жасауға болады. Қазіргі кезде орталықта жасалатын операциялардың үштен біріне осы әдіс қолданылады екен. Бұл 2009 жылы енгізілген, содан бері 150 адамға жасалған. Ми құрылымдарының маңызды жерлеріне дендеп орналасып алған, яғни, ота жасау барысында мидың кез-келген бөлігін жарақаттап алу қаупі өте жоғары ісіктерге бұрын елімізде операция жасалғанымен, дәл нейронавигациялық әдіс сияқты сәтті бола бермегенін ескерсек, орталықтағы нейронавигация бөлімдері еліміздегі әлгіндей науқасқа шалдыққан кез келген жанға көмек көрсетуге әзір.
Төртінші бағыт эндоскопиялық тривентрикулостомия деп аталады. Қарынша жүйесіне жіңішке шарайнамен (эндоскоппен) жасалатын төмен инвазивті ота. Бұл көбінесе әртүрлі тектегі сумилыққа (гидроцефалия) жасалады. Негізінде кәдімгі сау адамдарда жұлындағы сұйықтық ми цистернасына құйылу арқылы сіңіріліп отырады. Ал, сумилыққа ұшыраған дімкәстерде бұл сұйықтық мидың қарыншасына жиналады екен. Жоғарыдағы операция арқылы ми қарыншасындағы жұлын сұйықтығын ми цистернасына айдау орындалады. Бұл бұрынғы жасалып жүрген шунттық отадан әлдеқайда арзан әрі сапалы. Мысалы 2009 жылдан бері осы операция 26 адамға жасалған және оған 8 миллион теңге кеткен. Сонда әр адамға 308 мыңнан түскен деп есептесек, ал шунттық операцияның құны әр адамға 1 миллион теңгеге жуық, яғни, үш есеге дейін қымбат.
Орталықта ғылыми-тәжірибелік бөлім жұмыс істейді. Осы бөлімнің негізгі қызметі диагностиканың ең жаңа әрі белгілі әдістері мен орталық жүйке жүйесіндегі ісіктерді емдеуді клиникалық тәжірибеде қолдануды жолға қою болып табылады. Осы күні бұл бөлім нейроонкологиялық аурулар мен орталық жүйке жүйесіндегі басқа да ауру түрлерінің емдеу әдістері мен қандай хирургиялық құралдарды қолдану керектігін, қалай ота жасауға болатынын анықтап, клиникалық тәжірибеге дайындауда. Соның ішінде менингиома, 3-ші жүйкедегі невринома, гипофиз ісігі, мидың нейроэктодермальды ісігі сияқты бірқатар ауруларды емдеу табысты жүргізілуде. Бұл орайда осы ауруларға микрохирургиялық техникамен ота жасаудың өзіндік жеңілдіктері мен оң нәтижелері бар екен.
Орталық қызметкерлері туралы айтар болсақ, оларды негізінен осында қайта даярлайды, яғни, шетелдерге оқуға жібереді және орталықта шетелдік білгір ғалымдар мен дәрігерлердің шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, кәсібиліктерін шыңдап отырады.
Нейрохирургия – медицинадағы жаңа бағыт. Еуропадағы заманауи нейрохирургия жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысынан, дәлірек айтсақ Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң бастау алады. Оған дейін нейрохирургияның мәселелері неврологтар мен жалпы хирургтардың айтуы бойынша ғана белгілі болып жүрген. Тек 1949 жылы Парижде өткен неврологтардың конгресінде чилилік Альфонсо Асенджио есімді азамат нейрохирургтердің бір тобын жинап, саланы халықаралық дәрежеге көтерудің, нейрохирургияны медицинаның бір бағыты ретінде мойындатудың мәселесін көтеріпті. Содан кейін сең қозғалғандай болады. Арада біраз жыл өткенде медиктердің Лиссабон конгресінде неврология мен нейрохирургия ажыратылып, екіншісі бөлек сала ретінде мойындалады. Сосын барып саланың өз конгрестері мен жиындары өткізіле бастайды. Мұны айтып отырған себебіміз, нейрохирургияның жеке сала немесе бағыт ретінде мойындалғанына енді жарты ғасыр болғанымен, әлемнің дамыған елдерінде осы салада атқарылып жатқан жұмыстар өз деңгейінде. Соның ішінде біздің елімізде де тәуелсіздік алған соң нейрохирургияға жете көңіл бөлініп, оған бөлек отау тігіп берді. Яғни, осыдан үш жыл бұрын ашылған орталық ең алдымен тәуелсіздіктің жемісі.
Р.S. Осы күндері елордадағы «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында» Нейрохирургиялық қоғамдастықтардың Дүниежүзілік федерациясының, Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақ нейрохирургтары Ассоциациясының қатысуымен халықаралық конференция өтуде. Соның ішінде Нейрохирургиялық қоғамдастықтардың Дүниежүзілік федерациясының президенті, профессор Питер Блэк пен аталған федерацияның білім беру комитетінің төрағасы Йоко Като және Мәскеудегі Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми зерттеу институтының директоры, академик Александр Коновалов бар. Аталған азаматтар конференциядан тыс шеберлік сыныптарын өткізіп, лекциялар оқуда.
Айгүл СЕЙІЛОВА.