11 наурыздағы жер сілкінісінен зардап шеккен Жапонияның «Фукусима-1» АЭС-інің төртінші энергоблогында тағы да күшті жарылыс болды.
АЭС-тің операторы болып табылатын ТЕРСО компаниясының мәліметтері бойынша, жарылыс радиоактивті қалдықтарды жинаумен айналысып жатқан қашықтықтан басқарылатын бульдозердің жанында болған. Мамандар мәшине жерге көмілген газ баллонына соғылған деген жорамал айтып отыр. Жарылыс станса аумағына ешқандай зардап әкелмеген көрінеді.
Каддафидің тағдыры не болмақ?
Муамар Каддафи елден кете ме, әлде жоқ па деген сауал төңірегіндегі әңгіме соңғы кездері барынша өршіп тұр.
Ливия басшысы өзінің елден кетуі туралы мәселені талқылауға дайын деген сыбыс халықаралық коалицияның елдің бірқатар нысандарына, соның ішінде Каддафидің резиденциясына да әуеден соққы жасауы аясында туындап отыр. Екінші жағынан, қалай дегенде де мемлекет басшысының көзін жою – әлем қауымдастығы, әсіресе, араб әлемі көзқарасы тұрғысынан алғанда нақ бір жақсы жағдай емес. Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка тәрізді БРИКС елдері де НАТО-ның әлемдік тәртіп сақшысы болу идеясын қолдап отырған жоқ.
Германияда энергия тапшылығы туындай ма?
Атом электр стансаларынан бас тартуына байланысты Германияға не энергия тұтынуды қысқартуға, не Ресей энергия көздеріне деген тәуелділікті арттыруға тура келеді.
Атом энергетикасы жөніндегі сарапшы, Atominfo жобасының жетекшісі Александр Уваров Германияда қалыптасқан жағдайға байланысты осындай пікір білдіріп отыр. Өйткені, АЭС-тер өндіретін электр қуаттарының 20 пайыздан астамын баламалы энергия көздері көмегімен алмастыру өте қиын. Ресейлік сарапшының айтуынша, тағы бір нұсқа бар. Ол Балтық АЭС-і іске қосылғаннан кейін Германияның электр қуаттарын осы стансадан сатып алу мүмкіндігі.
Иран канцлер ұшағын өткізбей қойды
Иран үкіметі Германия канцлері Ангела Меркель отырған ұшақтың өз аумағы арқылы ұшып өтуіне рұқсат бермей қойған.
MIGnews агенттігінің хабарлауынша, ұшақ бірнеше сағат бойы Түркияның үстінде ұшып жүрген. Ұшқыштар жанармай жетпей қалуынан қауіптеніп Түркияға қонбақ болған кезде ғана ақыры рұқсат берілген. ГФР канцлері отырған ұшақ Түркиядан Үндістанға бара жатқан көрінеді. Неміс баспасөзі Иран осы арқылы Германияны Иранның ядролық бағдарламасына қарсы санкцияға қатысқаны үшін жазаламақ болды дегенді айтып отыр.
Бейбіт халықты атуға жол берілмейді
Ауғанстан президенті Хамид Карзай бұдан былай НАТО-ның бейбіт тұрғындардың үйлеріне авиасоққы жасауына жол бермейтінін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы мұндай мәлімдемені 28 мамыр күні НАТО әскерлерінің әуеден соққы беру арқылы елдің оңтүстігіндегі Хельманд провинциясында бірнеше әйел мен балаларды өлтіруінен кейін жасап отыр. НАТО-ның ресми өкілі Сансет Белински Х.Карзайдың мәлімдемесінен кейін НАТО-ның өз стратегиясын қайта қарайтынын хабарлаған. Бірақ ол өз тактикасының тез арада өзгере қоятындығы туралы ештеңе айтпаған. Жалпы, соңғы кездері бейбіт тұрғындардың оққа ұшуы тым жиілеп барады.
Отанын сатты деп айыптамақ
«Біртұтас Грузия демократиялық қозғалысының» жетекшісі Нино Бурджанадзе Грузия президенті Михаил Саакашвилиге, ішкі істер министрі Вано Мерабишлиге және басқа да бірқатар шенеуніктерге «салдыр-салақтық немесе отанды сатты» деген айыптар тақпақ.
Мұндай жағдай Грузия ішкі істер министрлігінің қарулы топқа қатысты деген күдікпен Кинцвиси монастырында 24 адам ұсталды деген мәлімдемесінен кейін орын алып отыр. ІІМ-нің мәліметіне сәйкес, топқа бүгінде Ресейде тұратын, Грузияның бұрынғы ішкі істер министрі Темур Хачишвили жетекшілік еткен. Бурджанадзенің айтуынша, Грузия билігі осындай ақпаратты ұстана отырып, елдің тәуелсіздігі мен егемендігіне қауіп төндіріп отыр.
Үндістандағы автобус апаты
Үндістанның солтүстік-шығысында орналасқан Ассам штатында автобус суға кетіп қалған.
Оның салонында үйлену тойына бара жатқан қонақтар болған екен. Қараңғы кеште орын алған апат салдарынан кем дегенде 37 адам қаза тапқан көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, қайғылы жағдайдың орын алуына тәуліктің қараңғы мезгілінде жолдың бұралаң екенін ескертетін жол белгісін байқамай қалған жүргізуші кінәлі. Жергілікті тұрғындардың күш-жігерінің арқасында автобус ішінде тірі қалған 6 адамды құтқарып қалудың сәті түсіпті.
Қиярдан туған қарбалас
Еуропада «қияр» дүрбелеңі барған сайын қарқын ала түсуде.
Оқиға Германияда асқазан-ішек инфекциясының бұрқ ете қалуына байланысты басталып отыр. Испаниядан әкелінген қиярды тамаққа пайдалану салдарынан елде 10 адам қайтыс болып, 1200 адам ауыр науқас белгілерімен ауруханаларға түскен көрінеді. Соған орай Ресейдің Еуропамен шекаралас өңірлерінде де қауіпсіздік шаралары қолға алынуда. Атап айтқанда, 30 мамырдан бастап Ресей Испания мен Германиядан көкөніс әкелуге тыйым салып отыр.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.