Контадор жеген нанын ақтады
Атақты “Джиро д‘ Италия” көпкүндігі де аяқталды. “Астана” көздеп барған бас жүлдеге ие болмаса да командалық есепте бірінші орынға шықты. Роман Кройцигер жастар арасында жеңімпаздар киетін ақ жейдені иығына ілді. Он тоғызыншы кезеңде топ жаруға мүмкіндік туды. Жас команда үшін бұл аз табыс емес. Әу баста испан велошабандозы, экс-қазақстандық Альберто Контадордың “Джирода” бас бәйгені олжалайтындығы жөнінде ай бұрын сәуегейлік айтылған еді. Расында, “Тур де Франстың” 2007, 2009 және 2010 жылдардағы жеңімпазы, 2008 жылы “Вуэльта” мен “Джироны” да ұтқан испан жігітіне қазір жұмыр жерде шендесетін велошабандоз жоқ.
Контадорды футболда Мессимен салыстыруға болар еді. “Джиро” өтіп жатқанда “Барселонаның” “Манчестер Юнайтедті” қалай жеңгендігін дүние жүзі жанкүйерлері кірпік қақпай көрді. Ағылшындардың бетке ұстары Руни алғашқы он минутта ойын өрнегін тең жағдайда құруға тырысқанымен, Месси бастаған сұрапыл жігіттер қоғадай жапырып жіберді. Алаңда бір ғана команда ойнап жатқандай сезілген. Велошабандоздар бәйгесінде де осындай жағдайлар болды. “Астанадан” Saxo банкке” өткен Альберто Контадор тур барысында өзінің әлемдегі ең мықты шабандоз екендігіне жанкүйерлердің көзін тағы бір жеткізді.
Велошабандоз дегеніңіз – ершікке мініп алғаннан кейін әр кезең бойынша басыңды төмен тұқыртып мәреге құстай ұшатын жүйрік десеңіз қатты қателесесіз.
Бұл – командалық жарыс. Жеке-дара суырылып шығуға ешкім де жібермейді. Сондықтан әр команданың өзіне белгіленген міндеті бар. Мәселен, “Астананың” жағдайын алайық. Команда лидері – чехтың өрімдей жігіті Роман Кройцигер. Тактика осы жігітке құрылған. Командаластарының міндеті – оны қайнаған топтың ішінен ебін тауып алып шығып, жетекке алу. Жеке кетуге ешкімнің жүрегі дауаламайды, жібермейді де. Сондықтан команда капитанын күші жеткен командаластары соңына ілестіріп, топты жарып шығуға ниеттенеді. Топтан қара үзгізіп алып шыға алса, құдай бергені. Ондайда мәреге жақындап қалғанда жетекке алып келе жатқан шабандоз өзі жеңімпаз болу мүмкіндігі көрініп тұрып, артта келе жатқан капитанына мәреге бірінші жетуге мүмкіндік береді. Алдынан тайқып бір қапталға шығады. Өйткені, ұпай командаға жазылады. Капитаныңды мәреге бірінші әкелу оның рейтингін жоғарылатып қана қоймай, команданың турнир кестесіндегі орнын көтереді.
Біздің жігіттер тырысып бақты. Бірақ, Роман Кройцигерді алға шығаруға біздікілер аса ықыласты болғанымен, өзгелер келіспейді ғой. Дереу шабуылға шығып, екпінін тежеп тастайды. Ал, мықтының аты – мықты. Оның есебі де күшті, әр шақырымды ой елегінен өткізіп, шабуылдайтын тұстарын жоспарлап отырады. Альберто Контадорыңыз осындай жампоз. Мәселен, Ресейдің “Катюша” командасының ол дегенде атарға оғы жоқ. Әр команда жарыста топ жаруды көкірегіне арман етіп, жүрегінде әлдилеп әкеледі. “Катюшаның” мыңнан озған жүйрігі – испан жігіті Хоакин Родригес. Командаластары оның алға сытылуына бар жағдай жасаса да Контадор адымын ашырмай қойды. Есептей беріңіз, Родригес жеті рет топтан суырылып шыққанда Контадор алты рет қуып жетіп, алдын кесті. Мәреге бірінші жіберген жоқ. Орыстың супер командасы “Джиро д’ Италияда” бірде-бір кезеңді ұта алмады.
Ал, “Астана” ұтты. Қызық болғанда, сол Альберто Контадордың арқасында. Өзіміз тікелей куәсі болдық. Біздің міндет – таңертең жарыс жолына шығатын командамызды ақ тілеумен шығарып салып, мәреден тосу. Екі-үш сағаттан жолда жүруге тура келеді. Сәті түсіп, велошабандоздарымыздың жарысы өтіп жатқан Бергамо мен Макуняго тауларының арасындағы жолдармен жүріп өттік. Тау-таудың қойнауын тіліп салған тар жолдардың қалт бұрылыстары көп.
Италия – таулы жер. Жол бойы шағын ауылдардан көп өттік. Италияның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған алып концерн, зауыт, фабрикалар емес, шағын және орта бизнеспен шалабын шайқаған осы ауылдар көрінеді. Айнала аспан таулар. Төменде буырқанған бұлақтар, тау төсінен саңлау тауып сарқырап жатқан сарқырамалар, шаң қонбаған, иісі мұрын жарған арша-қарағайлар әдемі ертегіден осы табиғат көріністерін қиып әкелгендей көрінеді.
Осы жерде біздің жігіттің жұлдызы жанды. Бұл 19-шы кезең еді. 242 шақырымға созылған алапат айқас алаңы болатын. Жарыс жолына шыққан 23 команданың 200-ден астам жүйрігі “бүгін менің жолым онғарылса” деген тәтті үмітпен ершікке қонғаны анық. Түйдек-түйдек жүйткіп келеді. Үйірден бөлініп шыққысы келгендерді қуып жетіп, арқасын қыршып, қайта топқа қосатын сақа айғырдай бірін-бірі баққан жұрт. Мәреге жүз шақырым қалғанда түйдек ұзара түсті. Соңғы елу шақырымда үздік-үздік созылған. Он шақырым. Контадор алғашқы түйдекте келе жатқан біздің Паоло Тиралонгоны көзімен тауып алып, ым қаққан. Шабуылға шық деп. Тиралонго оқтай атылды. Соңынан Контадор кетті. Тау жолында сүмектеп балақтан аққан тер табаннан сорғалап жанын әрең алып келе жатқандар бұзық Тиралонгоны қазір-ақ Контадор үйірге қуып әкеліп шығардай көрген. Олай болмады. Екеуі қол ұстатқандай ұзап барады. Жырынды Контадордың бұларды алдап соққанын сезген қос италиялық Микеле Скарпони мен Виченцо Нибали соңғы күштерін қос аяққа жиып, қосақтала атылды. Бәрі кеш еді. Тиралонго мәреден өткенде өкіріп жіберді.
Түсінікті. Аттай он екі жыл мұндай үлкен жеңістің дәмін сезінбеген, командадағы міндеті капитанды жетекке алып, көмектесу болған қаршығадай жігіт дүние жүзіндегі ең мықты велошабандоздардан бұл жолы бәсі де, бағы да артып тұрса қалай еңіремейді. Біздің де күйді айтпаңыз. Сол 242 шақырымды өзіміз жаяу жүгіріп өткендей екпіндейміз. “Астана” - Қазақстан!” деп жау түсіргендей сүрен саламыз. Алып таудың баурайындағы бал қарағайлардың жұпар ауасы жетпегендей қылғынасың. Көзге ыстық жас тығылады.
Біздің хал түсінікті. “Контадорсыз да бәйге аламыз” деп күпініп келгенімізбен, жарыс аяғына тақалғанға дейін жеңіс дәмін сезінбедік. Италияға алғаш келген күні аспан тауға шығып кеткен команданың қоныс орнына қуып барғанда естіп қайтқанымыз “Астананың” бас спорттық директоры Джузеппа Мартинеллидің жалғыз ауыз сөзі. “Біз Кройцигерге әлі де сеніп отырмыз. Ол бір кезеңде үздік болады”. “Астана” болып, Қазақстанның миллиондаған жанкүйерлері болып күткен Роман Кройцигерді мұндағылардың артық бастырмайтынын көзіміз көрді. «Енді не болады?» деген соқыр сауал жетегінде жүргенде көп ішінде елеусіз жүрген Паоло Тиралонго айды аспаннан шығарып жатса қалай қуанбайсың?
Әйткенмен, іш бір кәкірді сезеді. Жырынды Контадор екі өкпесін қолына алып, мәреге тамтығы қалмай ұшқан Тиралонгоның соңында келе жатып неге жымияды? Озуға мүмкіндігі болып тұрып неге озбайды? Түйінді Тиралонгоның өзі-ақ сұхбатта таратып берді.
– Контадор менің сыралғы досым, – деді ол. – Мәреге алты шақырым қалғанда шабуылға шығаруға өзі емеурін білдірді. Ол менің иығымнан қағып, алға шық деп белгі берді. Мен бұған дейінгі бар жарыстарда бар күшімді капитанның алға шығуына жұмсап келдім. Бұл жолы тағдыр-талайыма алдағы көште болу жазған екен. Мәреге жақындағанда жанымда келе жатқан Альбертодан қарсылас емес, көңілі жақын дос пиғылын таныдым. Ол менің озуымды шын көңілімен тіледі.
Тиралонгоның жеңісі “Астанаға” да, оның серкесі Кройцигерге де ауадай қажет еді. Альберто Контадор нағыз сақы жігіт екен. Өйткені, оның атақты жеңістерінде Паоло Тиралонгоның да сүмектеп аққан ащы тері бар еді. Соның бірі екеуі де «Астана» сапында жүргенде жеңіс алып берген «Тур де Франс» ең беделді көпкүндігі болатын. Сондықтан Контадорды алға шығару үшін талай рет топты жарып, жол салған еңбекқор Паолоға жәрдем беру оның міндеті сияқты көрінгені де рас. Италиялық газеттер әр нәрсеге жорып жазды. Жаза берсін, Паоло ешкімнің бақшасына түскен жоқ. Көшті жарған өзі. Ал, сайыпқыран Контадор қазақ жерінде жеген нанын ақтады.
Дархан Кәлетаев: “Команда өз міндетін орындады”
“Астана – ұлттық жоба”. Дүние жүзіндегі ең мықты саналатын командалардың санатында жүргендігі көз қуантады, жан жадыратады. Қазақстанда насихаты кемдеу болғанымен, біздің “Астана” командасы 50-60 жылдық тарихы бар командалардың қатарында ешқайсынан кем көрінбейді. Жанкүйерлері де көбейген. Біз Италияға арнайы сапармен келген “Самұрық-Қазына” қорының басқарма директоры Дархан Кәлетаевпен бірнеше мәрте жолығып, сауалдарымызға жауап алған едік. Алғашқы сауал, шаппай бәйге алып жүрген Альберто Контадор “Астанадан” неге кетті? Командада қалдырудың мүмкіндігі болды ма?! Болды.
Дархан Кәлетаевтың айтқан уәжі мынадай: “Астанаға” қымбатқа түскен Контадор ертіп келген серіктері аздай, командаға тағы да 5 испан шабандозын алуды ұсынған. Онда “Астана” бірыңғай испан жігіттерінен құралған болады. Онсыз да “жергілікті велошабандоздарға шекесінен қарайды” деп сыналып жүрген “Астананың” жағдайы қандай болмақ. Кіл испан жарысқан соң, онда қазақстандық жастарға орын жоқ. Талап ауырлау. Амал жоқ, қоштасуға тура келген. Әңгіме барысында Альберто Контадордан айырылу осы салаға жауапты кураторға оңай соқпағанын аңғардық.
– Әлі де екі-үш жыл жүре тұрғанда, жастарымызды өсіріп алар едік, – дейді ол тағы да.
Контадор кеткеннен кейінгі артықшылық – команда баяғыдай тек бір адамға емес, бір мақсатқа жұмыс жасауға бағыт алған. Жаңа серке чех Роман Кройцигер үш есе арзанға түскен, әрі жас, болашағы үлкен, өз қатарластары арасында әлемде үздік. Команда көшбасшыға атақ, ақша алып беруден гөрі Отан беделін көтеретін, намыс жолында тұра алатын тұтас ұжымға айналып келеді. Қазақ жастары қатарға тартыла бастаған.
“Джиро д’ Италия” көпкүндігі аяқталған соң Дархан Кәлетаевпен тағы жүздестік. Оншақты спорт құрылымдарын қаржыландырып отырған “Самұрық – Қазына” қорының осы саладағы басшысы “Астана” алдына қойған міндетін орындады”, деді. “Астана” жоба ретінде Еуропада толық мойындалды. Үлкен беделге ие. Ірі халықаралық жарыстарға Азиядан да сұраныс түсіп жатыр. Италия аспанында алғаш рет Қазақстан байрағы көтеріліп, әнұраны ойналды. Бұл – үлкен жеңістердің бастауы (Айта кететін бір жәйт, бұрындары Альберто Контадор жеңіске жеткенде “Астана” құрамында болса да Испания әнұраны ойналатын. Дархан Кәлетаев “Джиро” басшылығына ұсыныс білдіргеннен кейін Қазақстан байрағы көтерілді – Б.Т).
“Астананың” құрылтайшысы “Самұрық-Қазына” – мемлекеттік мекеме. Қаржы – бюджеттікі. Яғни, халық қалтасынан шығып жатқан қаржы. Сондықтан, ысырап етіп пайдалануға болмайды. Қаржы Қазақстанды шет елдерге жақын таныту, мемлекет беделін көтеру үшін жұмсалып жатыр. Жарысқа қатысып жүрген командалардың барлығында жағдай осындай.
Ендігі жауапты бәсеке – “Тур де Франс” көпкүндігі. Бұған команда ардагері Александр Винокуров тыңғылықты дайындалып жатыр. Аз-кем тынығып алғаннан кейін Роман Кройцигер бастаған жігіттер қайтадан ершікке қонып “Виноға” (Винокуровтың велошабандоздар арасындағы аты) көмектесуге барады. Бұл – Винокуровтың көпкүндіктердегі соңғы жарысы. Ол тым болмаса бір-екі кезеңде жеңіске жетуді мақсат етіп отыр. Одан соң Александрдың “Астана” командасының менеджері болуға ойы барға ұқсайды. Дархан Кәлетаев Винокуровты республика велошабандоздарын даярлайтын орталықтан көргісі келетіндігін айтады. Әйтсе де, Еуропада жайғасып қалған, үй-жайлы Винокуровтың патриоттық намысы оянып, Қазақстанға қайтуы, республика велоспортын көтеруі – ол алдағы әңгіме, әзірге жауабы белгісіздеу тақырып. Әңгіме барысында Дархан Кәлетаев “Астана” атауын ұлттық бренд қылып, әлемге бірнеше спорт түрлерімен шығаруға талпыныс жасалып жатқанын айтты. “Реал-Мадрид” сияқты. Несі бар, жақсы бастама. “Астана” танылса, артында Қазақстан тұр. Дүние жүзінде бар үрдіс.
“Астана” қазаққа керек пе? Керек!
Осы сұрақ талай рет көлденең тартылған. Құрамында бір қазақ жоқ, кілең еуропалықтардан құралған команда Қазақстан ақшасын текке шығындауда деген сындар айтылған. Осыған өзіміз де қосылғанбыз. Италия сапары біздің ыстықтай қауып жүргенімізді көрсетті. “Астана” қазаққа, Қазақстанға керек екен. Жүз жылдық тарихы бар командалардың қасында терезесі тең, беделі биік. Мықты шабандоздар “Астана” құрамында болуды іштей армандайтын да көрінеді. Мұнайлы, бай ел деп бағасын көтеретіндігі болмаса. Тамызда жаңа команда құрамы жасақталады. Сонда осы жарыста бестікке іліккен екі жігітті “Астана” құрамынан көруіміз мүмкін. Аты-жөнін жобаласақ та, келісім-шарт түзілгенге дейін айтуға болмайтын қағидатты сақтадық.
Кез келген мемлекет өзінің әлем алдында беделі биік, әлеуеті мықты екенін танытуға ұмтылады. Мәселен, Қытай Бейжің Олимпиадасын өткізуге екі-үш олимпиада ұйымдастыруға жарайтын қаржы жұмсады. Есесіне елін көтерді, атақ-даңқын аспандатты.
Мемлекетті әлемге әйгілі ету, насихаттау оңайға түспейді. “Астананың” көп қаржыға құралған ұлттық жоба екені белгілі жәйт. Алайда, өз шабандоздарымыз жоқ деп сырт қарауға болмайды. Әлемде тек өз елі азаматтарынан құралған бірде-бір команда жоқ. Дегенмен, қазақ ұландарының да ершікке қонатын күндері алда деп тілейік. Сөз соңында айтпағымыз – арақ-шарап түгілі сыраны да ауызға алмағанымызға 16 жылдың жүзі болған. “Астана” командалық есепте бірінші орынға шыққанда оларға тартылған алып құмырадағы шампаннан ауыз тидік. Жеңісті күндер біздің қазақ жігіттеріне жұғысты болсын, Қазақстан әлемге әйгілі болсын деп...
Бақтияр ТАЙЖАН,
Италия,Тирано – Марбеньо – Макуньяго – Бергано – Милан.