• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2011

Ел тәуелсіздігінің нығаю жолы сараланды

508 рет
көрсетілді

Елордадағы «Пекин палас» қонақ үй кешенінде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ұйытқы болуымен «Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 20 жылдығы: азаттық, бірлік, тұрақтылық, өрлеу» тақы­рыбында халықаралық конференция ұйымдастырылды. Ұлы­британия, Франция, Италия, Испания, Ресей, Түркия, Польша, Оңтүстік Корея елдерінің және Қазақстанның белгілі ғалымдары мен сарапшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан жиында Қазақстанның экономи­ка­лық және саяси жүйелерінің қалыптасуы, демократияландыру үдерісі, мемлекеттің орнығуы мен даму жолының сан түрлі қырлары сөз етілді. Конференцияның ашылуында сөз алған партия Төрағасының бі­рінші орынбасары Нұрлан Нығ­матулин ел тәуелсіздігінің 20 жыл­дық кезеңіндегі асу-белестеріне көз жүгірте келе, түрлі сала­дағы өзгерістер жайына тоқта­лып өтті. Еліміз бірнеше күрделі де ауқымды кезеңдерді бастан өткізді. Мемлекеттік шекарамыз белгіленді. Конституция, ұлттық заңнамамыз қабылданды. Мемле­кет­тіліктің құрамдас бөлігі са­налатын армиямыз құрылып, ұлт­тық валютамыз айналымға енгізілді. Басқару инфрақұрылымы­ның негізі қаланды. Тәуелсіз Қа­зақ­стан қоғамы саяси тоталитарлық жүйеден демократиялық жүйеге ауысты. Соның нәтижесінде елімізде көптеген демократиялық институттар бой көтерді. Алайда, елімізді ілгерілету үшін әлі де талай жұмыстар атқарылуы керек. Осы орайда, бүгінгі халықаралық конференцияға жиналған шетелдік сарапшылардың, ғалымдар­дың ой-пікірлері мен байламдары біздің мелекетіміз қай бағытты бетке алуы керек деген сауалға белгілі бір мөлшерде жауап алуы­мызға сеп болуы мүмкін, деді Н.Нығматулин. Бұдан кейінгі сөз тізгіні алыс-жақын шет елдерден келген са­рап­шылар мен ғалымдарға беріліп, олар тәуелсіздік алған жыл­дар­дан бергі Қазақстан мемле­кеті­нің жүріп өткен жолы төңі­ре­гінде өз пайымдарын жеткізуге тырысты. Алғашқы болып сөз алған Ита­лиядағы «Vox Populi» ғылы­ми-зерттеу орталығының президенті Эрмано Визинтайнер «Қа­зақ­стан: саяси, әлеуметтік және экономикалық табыстың себептері» тақырыбында баяндама жаса­ды. Бүгінде Қазақстан – Орталық Азия елдерінің ішінде қоғамды модернизациялау мен алға жыл­жыту үдерістері бойынша үлгі көрсетіп келе жатқан бірден бір ел. Мұндай жетістіктерге қол жет­кізу оңай емес. Әсіресе, соң­ғы уақытта орын алған оқиғалар ислам әлемінің оңтүстік бөлігін күрделі өзгерістерге ұшыратты. Мұның сыртында Египет, Тунис, Ливия елдеріндегі, Таяу Шығыс­тағы шиеленісті жағдайлар әлем­ді әлі де айрықша алаңдатып отыр. Осы жағынан алып қара­ған­да, Қазақстан Президенті кон­фес­сияаралық текетірестерді бол­дыр­мау және алдын алу бағы­тын­да үлкен жұмыстар атқарып келеді. Мұндай саясат ежелден тамыр тартатын ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңаша демо­кра­тиялық қоғам құрудың алғы­шар­ты болып саналады, деді Эрмано Визинтайнер. Ал Ұлыбританиядан келген ғалым, Лондон университетінің про­фессоры Ширин Акинер өзі­нің сөзінде «Қазақстанның сырт­қы саясатындағы эволюция» мә­се­лесі жайында әңгіме өрбітсе, Испанияның Халықаралық істер жөніндегі Барселона орталы­ғы­ның зерттеушісі Николас де Педро «Қазақстан 20 жыл өткеннен кейін: қол жеткен табыстар, алда­ғы сынақтар» тақырыбында сөз қозғап, онысы өте әсерлі шықты. Ғалым көп этносты Қазақстан мемлекетінің өзіне тән моделінің ерекшелігіне тоқталып, демокра­тия­лық қоғам құру бағытындағы батыл бастамаларын тілге тиек етті. Ал М. Ломоносов атындағы ММУ Посткеңестік кезеңдегі қо­ғам­дық-саяси үдерістерді зерделеу жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының бас директоры Алексей Власов бүгінгі заман алға тартқан жаңа геосаяси және геоэкономикалық үдерістер үл­кен өзгерістерді қажет етіп отыр­ғанын, Ресей мен Қазақстан да мұн­дай әлемдік өзгерістерден сырт қала алмайтынын алға тартты. Бұл күні сондай-ақ, Оңтүстік Кореядағы Хангук халықаралық зерттеулер университеті Орталық Азия зерттеулер институтының профессоры Ким Санг Чхольдің, Түркиядағы Таяу Шығыс страте­гиялық зерттеулер орталығының директоры Хасан Канболаттың, Франциядағы Ғылыми зерттеулер ұлттық орталығының директоры Франсуаз Ролланның, Польша ха­лықаралық қатынастар инсти­туты­ның сарапшысы Томаш Си­кор­скидің сөздерінде де Қазақ­стан­ның әлем елдерімен әріп­тес­тік байланысы, 20 жылдық асуды бағындырған елдің экономика­лық және саяси жүйелерінің ерекшелігі жан-жақты сара­ланды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.