• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2011

Күре жолда күрмеу жоқ

427 рет
көрсетілді

Қызылорда облысына Пре­мьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев пен Бүкіл­әлем­дік банктің басқарушы ди­ректоры Нгози Оконджо-Ивела арнайы іссапармен келді. Жұ­мыс сапарымен келген қонақ­тарды облыс әкімі Болатбек Қуандықов аймақта атқары­лып жатқан ауқымды шаралармен таныстырды. Нгози Оконджо-Ивела капи­та­лы 50 миллион долларды құ­рай­тын Африкадағы әйел-кә­сіпкерлерді қолдайтын «Македа» қорының тең құрылтай­шысы. Сонымен қатар, әлемдегі ең ық­палды, іскер 100 әйелдің қата­рына кірген қайраткер. Ал ең бастысы, ол бүгінде батыс пен шығыстың арасын жал­ғайтын әлемдегі ең үлкен көлік дәлізі болады деп отырған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолын қаржыландыруға ық­пал еткен адам. Аталған жоба алғаш жоспарланғанда осы Оконджо-Ивела ханым бірден қызы­ғушылық танытып, қаржылай кө­мек беруге мүдделілік танытқан. Осы арада айта кетерлік бір жәйт бар: Бүкіләлемдік банк бұған дейін мұндай көлемдегі ірі жобаны қаржыландырмаған. «Батыс Қы­тай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі әлемдік банктің бел шешіп, тә­уе­кел етіп қаржыландырған ең үл­кен жобасы. Осы арада «Бүкіл­әлем­дік банк қанша қаржы бөл­ді?» деген заңды сауал туын­дай­ды. Айтайық. Қазақстан аймағы­нан өтетін жол үшін әлемдік банк 5,5 миллиард доллар бөлген. Оконджо-Ивела ханым өзі қар­жы бөлдіріп отырған жұмыс­ты көзімен көруге келіпті. Ол алдымен «Азеркорпу» компания­сы­ның қосынында болды. Қанша жолдың жасалғанын, қаржының қаншалықты игерілгенін егжей-тегжейлі біліп, жұмысшылардың жағдайымен жіті танысты. Мән-жайға толығымен қаныққан ха­нымның алғашқы сұрағы бізге жылы тигенін жасырмаймыз. Ол: «Осы іске қазақстандық мердігерлер қатысып, жергілікті халықтан жұмысшылар тартылып жатыр ма?» деді. Облыс басшысы ай­мақ­тағы және республика көлемін­дегі компаниялар жол құрылы­сына тартылғанын, жергілікті ха­лықтың жаңа технологияны мең­геріп жатқанын жеткізді. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дә­лізін салуға о баста біздің компаниялар да ынта білдірген екен. Дегенмен, Бүкіләлемдік банк мү­шелері біздің компаниялардың шамасына күмәнмен қарап, конкурстан өткізбеген көрінеді. Болатбек Баянұлы осы мәселені наз ретінде айтты қонаққа. Нгози Оконджо-Ивела да қағылез екен, алдағы уақытта қазақстандық ком­паниялар конкурстан сүрінбей өтетінін, халықаралық жобаларға тартылатынын мәлім етті. Онан соң мәртебелі меймандар жол құрылысы жүріп жатқан аймаққа атбасын тіреді. Төселген құм, тас, асфальттың құрамымен танысып, жасалып жатқан жұ­мыс­қа бағасын берді. Айта кетерлігі, осы жерде қосымша мердігер ретінде қазақстандық «УАД» серіктестігі де жол салып жатыр.  Нгози ханым «УАД» компания­сы­ның директоры Мұрат Үдербаев­қа күтпеген сауал тастады. «Жоба бойынша қанша әйел адам жұмыс істейді?». Үдербаев барлық са­нын айтқан. Дегенмен  Оконджо-Ивела жол-құрылысы саласын­да­ғы әйелдердің санын нақтылады. Аз екеніне көз жеткізгеннен соң «егер, осы жұмысқа әйелдерді көп­теп тартатын болсаңыз, Бүкіл­әлемдік банк сіздің бизнесіңізді қаржыландыруға дайын», деп ди­ректордың уәдесін алып кетті. Мұнан соң әлемдік банк өк­ілдерін бастаған Ербол Орынбаев Арал ауданында орналасқан Ақ­лақ су қоймасының тыныс-тір­ші­лігімен танысуға барды. Жалпы, Арал тағдыры әлемді алаңдатып отырғаны шындық. Дегенмен, «САРАТС» жобасының арқасында Аралдың кепкен ернеуіне су жетіп, кеберсіген жердің маңдайы жазылғаны ақиқат. Бұл арада ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың ерен еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз. – Арал теңізінің деңгейі бүгін­де 47-белгіге жетіп тұр. Енді екінші сатысын қолға алу керек. Облыс басшылығы өз жобаларын ұсынуда. Бүкіләлемдік банк Арал­ды қайта қалпына келтіру үшін қаржы бөлуін тоқтатпайды,– деді Нгози ханым. Алашты ғана емес, алты құ­р­лықты алаңдатқан Арал мәселесі толығымен шешілсе, онда ақ түйе­нің қарны жарылар еді. Об­лыс басшылығы бүгінде Көкарал бекетін бітеп, дамбаларын үлкей­тіп, теңіз деңгейін 52-белгіге жеткізуді ұсынып отыр. Өз тара­пы­мыз­дан мұның теңізге де, сол те­ңізді жаға­лай жатқан елге де ересен пайдасы барын айтқымыз келеді. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.