Ел азаттығын алып жатқан жылы, мектеп бітіріп, азамат атандық. Қоғамның аласапыран уақыты еді ол. Мемлекеттік құрылым түбегейлі өзгеріп жатқан. Саяси пікірқайшылықтар мен экономикалық қайта құрудың кезінде барар бағытымызды аңдай алмай қалған тұсқа тап болған жайымыз бар. Не істеу керек? Қолымызға аттестат алып, жүрегіміз атша тулағанымен, алдағы күніміз тұманды көрінгенін кімнен жасыруға болады?! Сонда да болса, армандастар жан-жаққа білім қуып, ел болашағының іргесін жұртпен бірге қалауға білек сыбана кірісіп кеттік...
Содан бері арада жиырма жыл өтіпті. Осы аралықта еліміз адам танымастай өзгерді. Елбасының салиқалы саясатының арқасында әлем картасында Қазақстан атты айбынды мемлекет құрылды. Экономикамыз өрге басып, әлеуметтің әлеуеті арта түсті. Еліміз ертегідегі баһадүрлер секілді күн сайын емес, сағат сайын өсті. Оған өзіміз куәміз. Осындай тарихи сәттің куәсі еткен Жаратқанға қалайша шүкіршілік айтпайсың.
Биыл мектеп бітіргенімізге 20 жыл өтіпті. Сыныптастар бас қосып, сонау балалық шаққа қайта оралғандай болып отырмыз. Кеше ғана, алғашқы ұстазымыз Саракүл Жүсіпбекова апайымыздың алдында жәудіреп отырғандаймыз. Әрбірімізге қалам мен қағаз ұстатып, аялы алақанымен шашымыздан сипап тұрғандай. Бір сыныпта 42 бүлдіршін әріп танып, сауат аштық.
Бастауыш саныптарды аяқтаған сәтімізде, ағылшын пәнінің мұғалімі Алуа Разақова апайымыз қолына алды. Біздің есейіп, өмірге деген көзқарасымызды қалыптастыра білді. Әрбірімізді өз баласындай мәпелеп, ата-анадан айырылған қамкөңіл қатарластарымыздың жағдайына үлкен жүрекпен араласты. Сыныптар жоғарылаған сайын, әрқайсымыздың мінезіміз ашылып, айналаға сын көзбен қарай бастағандай болдық. Тіпті кейбіреулеріміз, өзіміз болғандай әсерде жүрдік. Өр көңіл кеудеміздің өрекпік желін, тарих пәнінен сабақ берген Манат Сматова апайымыз су сепкендей басатын. Ол кісі келе жатқанда алдында қыздай сызылғанымызды сезбей де қалатын едік. Өмірге деген туралық пен шыншылдықты сол жаннан сіңірдік. Барлық бала өзімізше бір әлем едік. Іштегі бір арпалыс шығармашылығымызды дамытты. Бір-бірімізден ұрлана жазатын тақпақ, жырларымыз қаншама еді. Әдебиет пәнінен сабақ беретін Шара апайымыздың аузына қарайтынбыз. Енді ғана «сен кереметсің» деп айтатындай.
Азаттықпен бірге алтын ұя мектебімізден қарлығаштай ұшып шықтық. Өмір біз ойлағандай армандардан тұрмайтынын білдік. Сыныптар түгелге дерлік жоғарғы оқу орындарына түстік. Таудай болған талапкерлер, бытырап жан-жаққа шашылып кеттік.
Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толып отыр. Біздің де толысып, ел қабырғасының бір кірпіші болғанымызға осынша жыл болыпты. Сонау бір кездегі балауса жастар, әр салада еңбек етіп, елдің өркендеуіне үлес қосып жүр. Арамыздан оқымыстылар да, кәсіпкерлер де, шығармашылық жандар да шықты. Олардың бәрі ел болашағы үшін ерінбей еңбек етуде. Өйткені, олар – тәуелсіздіктің алғашқы түлектері. Ал ел үшін еңбек етуге баулыған, мемлекетшілдік сана қалыптастырған, азамат еткен ұстаздарымызға айтар алғысымыз ұшан-теңіз...
Сапар РАХМЕНШЕЕВ, Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы.