• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2011

Шуақты кештер

423 рет
көрсетілді

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының елордадағы гастрольдік сапары театр репер­туарын­дағы опера және балеттердің ең үздік көріністерінен құралған гала-концертпен қорытындыланды. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі түрлі мәдени шаралармен әспеттеліп, құнды тартулармен атап өтілуде. Соның ішінде өзіндік өрнектерімен өзгеше болып көрінгені – бас қалаға Абай атындағы опера және балет театрының гастрольдік сапармен келуі. Торқалы тойға шашу ретінде ұсынылған опералар мен балеттердің қай-қайсысы да көрермен тарапынан ыстық ықыласқа ие болды. Тағы бір есте қалатын тұсы – мұнда елімізге белгілі сахна тарлан­дары өнер көрсетіп, көркем бейнелер асқан шабытпен өрілді. Ұлттық операдан А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан басты партиялар шырқалып, әлемнің классикалық қойылым­да­рынан Дж.Вердидің «Травиата», Р.Вагнердің «Тангейзер», Г.Доницеттидің «Махаббат шырыны» спектакльдерінің әсерлі сәттері әдемі жеткізілді. А.Хачатуряннің «Спартак», С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балеттерінен үзінділер бас театр мектебіне тән бояумен тартымды ойналды. Жалпы абайлықтардың елордадағы күндері жарқын үнмен жан дүниені баураған айшықты беттерге толы болды. Жұртшылық өздері ұнатып тыңдайтын танымал әр­тістерімен емен-жарқын қауышқан тамаша сәттерді бастан кешті. Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның сомдаған Ажарына риза болған көрермен ықыласынан зал іші дүр сілкінді. ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жәмила Баспақова мен Шахимардан Әбілов өнерімен кестелі өрілген бейнелер ұмытылмастай әсер қалдырды. Әр опера мен балет жайында ұзақ әңгіме қозғауға болар еді. Мұның бәрі өзге театрлардың сахнасында да көрерменін үйіріп, үздік үлгіге айналған туындылар десек те, Абай атындағы опера және балет театрының әр кейіпкерді, болмысты түйіндеуі басқа­лар­дың салған соқпағына, жаттанды жолға түсіп кетпейді. Шеберлік мектебі қалыптасқан ортада тыңнан жаңалықтардың шығып жатуы заңдылық болатыны сияқты, мұндағы сомдалған бейнелер де кезінде театр сыншыларынан бағасын алып, бағытын айқындаған тағдырлар болып саналады. Олардың киім үлгілерінен бастап, үн, іс-қимыл, әрекеттеріне дейін қайталанбас өрнекте бедерленуі сол үзілмей келе жатқан ежелгі мектептің арқасы екені белгілі. Торқалы тойға тоғыз тарту ұсынған өнер ұжымының гастрольдік сапары мемлекет мерекесінің ажарын кіргізген шаралардың бірі болып қалғанында дау жоқ. Ажар ОСПАНОВА.