Бас Прокурордың бірінші орынбасары Иоганн Меркельдің төрағалығымен өткен өңіраралық кеңесте ақбөкендерді заңсыз аулау және оны сатумен айналысатындарға қылмыстық жауапкершілікті қатайту керектігі айтылды. Бөкен атып, мүйізін шетке сататындар заңның жұмсақтығынан тайраңдап, басқа шығуға айналды. Қазір Қостанай қаласындағы кез келген аялдамада «Ақбөкен мүйізін сатып аламын» деген хабарламалар ілулі тұр. Бөкеннің ізіне түскендердің берген азын-аулақ тиын-тебеніне қызыққан ауыл тұрғындары табиғатты қорғау ісінде тұрлаусыздық танытады. Олар браконьерлерге киік жайылатын аймақтың жолын көрсетеді. Міне, тек қолына мылтық ұстаған браконьерлерді ғана емес, олардың пайдасына жанамалай ортақтасып, киіктің қырылуына осылай «үлес» қосатындарды да жауапкершілікке тартуды қатайтпаса, кейінгі ұрпақ киікті суреттен қарап қалары әбден мүмкін. Дала сұлуын қорғап, оның санын қалпына келтіруде ынтымақтаса жұмыс істеу туралы Қазақстанмен келісімге келген көрші Ресей мен Өзбекстан ақбөкенді өздерінің «Қызыл кітабына» енгізді. Оларда соған сәйкес киіктің бағзы түрін сақтаудың түрлі шаралары жасалуда. Ал мамандар Қазақстанда ақбөкенді «Қызыл кітапқа» енгізуге әзірге соншалықты мәжбүрлік жоқ екенін айтады.
Браконьерлер қырып кеткен ақбөкен өлексесі табылған сайын ол бойынша қылмыстық іс қозғалады. Бірақ кінәлі адамның нақты анықталмауына байланысты ол іс қысқартылады.
Бас Прокурордан бірінші орынбасары Иоганн Меркель Ішкі істер министрлігінен браконьерлік фактілерін дер кезінде анықтау және оладың жолын кесу, осы санаттағы қылмыстық істерді ашу, тергеу сапасын арттыру үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Табиғатты қорғау, аңдарды заңсыз аулауға, браконьерлік жолмен құртуға қарсы күресті реттейтін барлық заңнамалар жұмыс істеуі, қатайтылуы керек. Мемлекеттік органдар браконьерлікке қарсы күресті күшейтуге бағытталған қызметтерін үйлестірілгенде ғана ортақ істе нәтиже болмақ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.