Мемлекеттік салалар қызметінің заңға сай жүргізілмеуіне байланысты арада туындаған наразылықтар соңы қашанда жақсылыққа апармайды. Ондай кемшіліктерді дер кезінде жойып, заң талаптарын жолға қою құқық қорғау органдарының басты міндеті болып табылады. Солардың ішінде қосымша құн салығын қайтаруға қатысты салық дауларын шешу мәселесі кезек күттірмейтін іс. Мұндай жағдайда қадағалау органдары жергілікті жерлерде бизнес өкілдерінің құқықтарын және мемлекет мүдделерін сақтап, салық төлеу саласында заңдылықтың бұзылуын анықтау және олардың бастапқы кезінде жолын кесу үшін түбегейлі шаралар қабылдап, нақты құқық қорғаушылық міндеттерін жүзеге асырулары тиіс.
Осыған орай Бас прокуратураның алқа мәжілісінде қосымша құн салығын (ҚҚС) қайтаруға қатысты салық дауларына байланысты, сондай-ақ алдын ала қамау орындарындағы адамдарды азаптауға және оларға қатыгездікпен қараудың басқа да түрлерін қолдануға қарсы тұру мәселелері талқыланды. Жалпы нөлдік ставка арқылы салық салынатын айналымдар бойынша ҚҚС сомасын мемлекеттің қайтару рәсімі салықтың қайтарылатын сомасының пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және қызмет көрсетулердің айналымы үдерісінде бюджетке алдын ала төленіп қойғанын білдіреді. Бірақ алақол салық төлеушілер салықтан жалтарудың күрделі сызбаларын пайдалана отырып, бюджетке нақты төленбеген ҚҚС-тың едәуір сомасын заңды түрде қайтаруды ұсынып отыр, дейді Бас прокуратура өкілдері. Мұндай келеңсіздіктер мемлекеттің мүддесіне қайшы келеді, өйткені, алақол салық төлеушілердің және экспорттаушылардың талаптарын қанағаттандырған жағдайда бюджет айтарлықтай зиян шегеді.
Аталған алқада қаралған осы мәселелерге байланысты Бас Прокурор А. Дауылбаев салық тексерулерінің нәтижелері бойынша кәсіпкердің кінәсі ретінде көптеген бұзушылықтар тағатын уәкілетті және құқық қорғау органдары салық төлеушінің «кінәлілік презумпциясы» тәрізді жөнсіз тәжірибеден бас тартулары қажет, деді. Мұндай жағдай бизнесті жүргізудегі кедергілерді жою жөніндегі Мемлекет басшысының саясатына қайшы келеді және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға ыңғайлы жағдай туғызуы мүмкін. Демек, мұндайға жол бермес үшін іскерлердің құқықтарын шектеу деректерін жою мақсатында салық қызметі және қаржы полициясы органдары бизнес құрылымдарымен тығыз және тиімді өзара іс-қимыл орнатулары керек. Осындай өзара іс-қимыл бір мезетте кәсіпкерлердің құқықтарын және мемлекеттің мүдделерін қорғауды қамтамасыз ете алатын көрінеді. Өйткені, салық органдары адал салық төлеушілердің құқықтарын бұзу деректерін болдырмауы қажет. Ал Қаржы министрлігі нақты экспорттаушыларды ынталандыратын, мемлекеттік бюджеттен ҚҚС қайтарудың жаңа пәрменді тетігін әзірлеуі тиіс.
Елімізде азаптауларға қарсы тұру бағытында соңғы жылдары көп жұмыстар атқарылғаны және азаптауға қарсы күрес саласында жүйелі шаралар қабылданғаны белгілі. Құқықтық жүйені реформалау, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру барысында айтарлықтай іс тындырылды. Ұлттық заңнамалар халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Бас прокуратурада бас бостандығынан айыру мен уақытша ұстау орындарының заңдылығын қадағалау жөніндегі арнайы департамент құрылды. Бас Прокурор мамандандырылған мекемелерде ұсталатындарды қатыгездікпен қинау және өзге де заңсыз әрекеттер туралы арыздар мен өтініштерді тексеру туралы арнайы нұсқаулықты бекітті. Осыған орай аталған қылмыстардың алдын алуда А.Дауылбаев құқық қорғау органдарының жұмыс нәтижелігі анықталған азаптау деректерінің саны бойынша емес, ол тәуелсіз қоғамдық және халықаралық ұйымдардың ресми баяндамаларындағы қатыгез қарым-қатынасқа қатысты өтініштердің шынайы азаюымен бағаланатынына ерекше назар аударды.
Талқылау қорытындысы бойынша алқа мәжілісінде айтылған жәйлерге байланысты Әділет министрлігі заңнамаларға өзгерістер енгізу туралы мәселеге, атап айтқанда, тергеу изоляторлары жанынан сотталғандарды уақытша ұстауға арналған тасымалдау-аудару бекеттерін құруға бастамашы болғаны жөн. Ал Ішкі істер министрлігі азаптауларды қолдану деректері үшін анықтау және тергеу органдары лауазымды тұлғаларының дербес жауапкершіліктерін арттырып, сондай-ақ ұсталғандарды қызметтік бөлмелерге жеткізу үдерісін бейнежазбаға түсіруді қамтамасыз етіп отыруы қажет.
Негізінде прокуратура органдарының осындай заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау қызметтерін жетілдіру, көбінесе, ақпараттық технологияларды тиімді пайдалануымен байланысты екені анық. Міне, осы орайда, Астанада Бас прокуратураның Call-орталығы өз жұмысын бастады. Call-орталығының операторлары шағымдарды тәулік бойына 115 нөмірі арқылы қабылдай алады.
Олардың айтуынша, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзу деректерімен байланысты жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қабылдау және тіркеу орталықтың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Атап айтқанда, ондай хабарламалар қылмыс, хабар-ошарсыз кеткен адамға іздеу салу, заңсыз алып кету бойынша арыздарды тіркеуден негізсіз бас тарту секілді қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне қатысты болуы мүмкін. Call-орталығы арқылы кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу туралы, соның ішінде заңсыз тексерулерге байланысты, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттеріне қарсы шағымдар бойынша хабарласуға болады.
Александр ТАСБОЛАТОВ.