Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Мәдениет министрлігінің Мәдениет комитеті Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына арнап 2011 жылғы 20-22 қазан күндері Петропавл қаласында І республикалық «Мағжан көктемі» өнер фестивалін өткізеді.
«Қазақтың асыл перзенті, алты алаштың ардақтысы, халқы үшін, елінің болашағы үшін жарқырап жанған, күнге ғана табынған, өзіне ғана бағынған, жүрегі мен жаны – от, иманы мен ары – от Мағжан Жұмабаев поэзия әлеміндегі сәулесі мәңгі өшпес жұлдыз, қайталанбас құбылыс!» – деп жазды Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында. «Бүгінгі күннің бар жазушының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын Мағжанның сөзі» (М. Әуезов) – қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ әлемдік деңгейге көтерді. Ол халқына бүкіл өлеңімен, өмірімен жанын сала қызмет етті. Мағжанның өз ұлтына деген махаббаты адамзатқа деген сүйіспеншілігімен жіксіз ұласып жатты. Мағжан Орта Азия ақындарының арасынан суырылып шығып, Тұран жұрты мен түркі құндылықтарын жырлады. Тұран халықтарының сонау гүннен басталатын тарихын шолып, осынау еуразиялық кеңістіктегі мәдени, рухани байланыстар бөгесіндеріне ересен қайрат көрсетті. Мағжан әлемін таныған, тереңіне бойлаған әр адамның жан дүниесі ерекше нұрланып, өрісі ашылары сөзсіз.
Фестивальдің басты мақсаты – ұлы ақынның шығармашылық мұрасын жүйелі түрде насихаттап, есімін ел есінде мәңгі сақтау, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, халықтың мәдени-рухани аясын кеңейту және әдебиет пен өнер, музыка салаларында озық дүниелердің келуіне мүмкіндік тудыру.
Фестиваль төмендегідей үш номинация бойынша өткізіледі:
І. Мағжанға арналған жазба ақындар мүшәйрасы. Мазмұны мен тақырыбы ұлы ақынның шығармашылық-адами келбетін, айнымас ұстанымын, елдік-ерлік қасиетін, ұлт тағдырындағы алатын орнын, туып өскен жерінің шежірелі тарихын, сұлу табиғатын, осы өңірде өмір сүріп жатқан халықтың ақ пейілді достық құшағын, Қазақстан экономикасын көтерудегі жасампаз істерін көрсететін туындылар болғаны абзал. Бұрын еш жерде жарияланбаған, орындалмаған, 14 кегльмен бастырылған, көлемі 4-5 беттік бір немесе бірнеше өлеңдерден тұратын топтамасы бүркеншік (псевдоним) атпен бірінші жеке конвертте жіберіледі.
ІІ. Мағжан өлеңдерін мәнерлеп оқу – көркемсөз оқушылар өнері. Ақынның мұрасы – өлеңдері, поэмалары, прозалары жатқа оқылып, аудиотаспаға, СD, DVD, немесе мини-дискіге жазылған түрінде бүркеншік (псевдоним) атпен бірінші жеке конвертте жіберіледі. Ұзақтығы: 7-8 минөт.
ІІІ. Мағжан өлеңдеріне жазылған жаңа әндер.
Музыкалық туындының ұзақтығы 3-4 минөттен аспауы керек. Ол аудиотаспаға, СD, DVD-дискілерге, немесе мини-дискіге жазылған түрінде, бұған қоса екі дана клавирі (партитурасы) мен екі дана өлеңі қоса жіберіледі. Бұлар бүркеншік (псевдоним) атпен бірінші жеке конвертте жіберіледі. Бір автордың бірнеше шығармасымен қатысуға құқығы бар.
Мүшәйраға қатысушылардың, мәнерлеп оқушылардың, әншілердің шеберлігіне, мәдениетіне, дауысының сұлулық иірімдеріне әділқазылар тарапынан үлкен мән беріледі. Қатысушылардың жасына шек қойылмайды.
Мүшәйра жыр-өлеңдері, мәнерлеп оқушылар өнері, жаңа әндер 2011 жылдың 30 қыркүйегіне дейін мына мекен-жайға жіберіледі: 642027, Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 58 үй, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі. Байланыс телефоны: (87152) 46-03-32.
Жеңімпаздарының гала-концерті 2011 жылы 22 қазанда өтеді.
Қатысушылар төмендегі құжаттарды екінші жеке конвертте қоса жібереді:
– жеке және салық төлеуші куәліктерінің көшірмелері;
– шығармашылық өмірбаяны;
– білімі жайындағы куәліктің көшірмесі (оқушылар мен студенттер үшін анықтама);
– түрлі-түсті 13х18 көлемдегі екі фотосурет;
– мекен-жайы, байланыс телефоны, электрондық поштасы.
Жеңімпаз атанған авторлар мен орындаушылардың жатын орнын, келіп-кету жолын (темір жол), тамағын ұйымдастырушы жақ көтереді.
Қазылар алқасына республиканың белгілі мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлері шақырылады.
Марапаттау жүлделері
Фестиваль жеңімпаздарына төмендегідей жүлделер тағайындалады:
- бір бас жүлде және лауреат атағы (үш номинацияға ортақ);
- бір бірінші жүлде және лауреат атағы (әр номинация бойынша);
- бір екінші жүлде және лауреат атағы (әр номинация бойынша);
- бір үшінші жүлде және лауреат атағы (әр номинация бойынша);
- екі көтермелеу жүлдесі және дипломант атағы (әр номинация бойынша).