Қазақ жері қандай кең, қандай байтақ! Төрткүл дүниедегі бар құрлықтың 1,8 пайызынан астамын алып жатыр. Осыны бізден бұрын сақ ханшайымы Тұмар ханым білгендей. Білгені сол, «Басқа елдің қажеті жоқ... көгілдір күмбезді аспаны бар, бетегелі боз даламызды біз ешкімге бермейміз!» депті қасқайып тұрып. Сақтың тағы бір қызы Зарина жерінің, елінің бостандығын қанша сүйкімді болса да, сүйіктісінен жоғары қойыпты.
Сол сақ қыздары аңсаған, «Құдай қаласа барлық қазақтың басын қосып, Абылай хан дәуірін қайта орнатуымыз керек. Аллатағала бізге жар болғай!» деп Кенесары хан армандаған дәуір, қасиетті де қадірлі, еш нәрсеге теңгермейтін тәуелсіздік қазір қолымызға көк ту болып оралды. Бұл теңдессіз бақ, өлшеусіз бақыт. Бақ пен бақытты бағалай білу – қасиет. Қадіріне жетпеу – қасірет. Осындай ойды қозғауға не себеп болды дегенге келер болсақ, жақында ұлт рухын көтеретін, халқымыздың абыройын асыратын бір айтулы іске куә болдық. Ол Ұлытау өңірінде, Жезқазған қаласында жүзеге асты. Оны ұйымдастырған «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы мен Жезқазған қаласы әкімдігі еді. Абылай ханға еңселі ескерткіш қойып, ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Жезқазғанға жол тартқанда Жаңаарқа аудан орталығы Атасу кентіне тізгін тартқанымызда, бір кездері айтыста танымал болған, қазір аудандық мәслихаттың хатшысы қызметінде жүрген Д.Жұмасейітов тағылымды әңгімелерді алға тартты. Өзі де аңқылдаған азамат екен. Жаңаарқаға келген сапарында белгілі ақын Кәкімбек Салықов жаңаарқалық әншілерді тыңдай отырып, «Көкшенің әні Жаңаарқаға ауыпты, балапандай баулып, қыран ұшырып жатырсыңдар. Енді осы үрдістен айырылып қалмаңдар», деген ағалық сөзін мақтанышпен айтып, одан кейін өмір бойы қазақтың жоғын іздеп, тапқанын алты томда жинақтап кеткен Ақаңның – Ақселеу Сейдімбектің басына бастап барды. Мына жалғанның жалған екенін танытқан шын зиялы, «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірім қанбады» деп сұр тасқа жазылған қысқа да нұсқа өз сөзін өзі жамылып, бір төбенің үстінде үнсіз жатыр екен. Өркен (Кенжебек) деген ініміз суырылып шығып, құран бағыштағанда алақан жайып, бет сипадық.
Бір замандары атына заты сай Жезқазған қаласының қазіргі келбеті қораштау көрінді. Атақты мыс зауытының ішін қайдам, сырты алқам-салқам, ғимараттардың терезесі шұрық тесік, жамау-жасқау. Мына көрініс көзге түскенде қызығын көріп жатқандар немкеттілік танытпай, уақытша жүрміз демей, жұмыртқадай жұтындырып қойса қайтер еді, дейді екенсің. Оның үстіне қаланың кіреберісіне орналасқандықтан көзге бірден ұрып тұр.
Жезқазғанда бұрын Абылай ханға арналған ескерткіш болыпты. Әлгі ескерткішті «қаңбақ шал» деп атап кетіпті. Сыр-сымбаты бөлек жаралған Сәкен Сейфуллиннің де жансыз бейнесі сәніне сай келмегендіктен, алып тастапты. Ақын тұлғасына сай келетіні қашалып жатыр екен. Есті азаматтар жұрттың сынынан қорытынды шығарып, Абылай атындағы көше бойындағы жолбарыс жонындай созылып жатқан төбеге хан ескерткішін қондырыпты. Айбынды Абылайдың тас бейнесін көмкеріп тұрған ақ жамылғы сусып түскенде тіл ұшына жыр жампозы Мағжан Жұмабаевтың:
Бұл Тұран ежелден-ақ
Алаш жері,
Тұрансыз тарқамаған
Алаш шері.
Тұранның топырағында
тыныштық тапқан,
Алаштың арыстаны
Абылай ері, – деген өлең жолдары оралды. Ескерткіштің ашылу салтанатында елге танымал азаматтар Абылай туралы ағынан жарылды.
Бұдан кейін С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қалалық қазақ музыкалық-драма театрында «Абылай хан және қазақ рухы» деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция болды. Конференцияны қала әкімі Берік Әбдіғалиұлы ашып, бұл игілікті іс «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бастамасымен іске асып отырғанын атап өтті. Ал «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин болса, өз сөзінде: «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында өткізіліп жатқан іс-шараның басты мақсаты – елдік, егемендік, тәуелсіздік секілді ұлы ұғымды азаматтардың, оның ішінде жас ұрпақтың бойына барынша сіңіру. Мерейлі тойды жоғары дәрежеде атап өте отырып, жеткен жетістіктер мен жеңістеріміздің қатарында тәуелсіздік жол ашқан маңызды оқиғаларды жұртшылыққа таныстырып отыруымыз қажет. Ондай елеулі оқиғалардың егемендіктің 20 жылдығымен қатар келуінің өзінде үлкен мән жатыр десек, артық айтқандық емес. Мысалы, алда аталатын Абылайдың – 300 жылдығы және Әлихан Бөкейхановтың – 145 жылдығы, Желтоқсан оқиғасының – 25 жылдығы, тағы басқа. Бұдан шығатын ой, біз тәуелсіздікке, кейде айтып жүргендей, кездейсоқ ие бола қалғамыз жоқ. Бұл ұзақ жылдар бойғы ата-бабаларымыздың жанкешті, табанды күресі нәтижесінде келген ұлы жеңіс. Мұнымен қоса, Абылай ханнан, Кенесарыдан бастап, Алаш азаматтары өз өмірлерін құрбан ете отырып, бізге елдік туын ұстатып кеткенін естен шығармауымыз керек. Ұлт рухына арналған мұндай конференцияны Жезқазғанда өткізудің өзіндік себебі бар. Әр қазақ үшін киелі саналатын Ұлытау бар қазақтың бірлігін бұрын да, қазір де сақтап келеді. Бұл жерде елдік мәселе шешілген. Ендеше, Ұлытау – елдіктің, бірліктің символы.
Тәуелсіздік алған жылдары мыңдаған нәрестеге Абылай есімі беріліп жатты. Сонда олардың ата-аналары өз балаларын Абылайдай батыр, не басшы болсын деген нышанмен ғана емес, ұлт оянсын, Абылай рухы қазаққа жетсін, тәуелсіздік тұсында ұрпақтың санасына дарысын деген ізгі ниетте болды.
Елбасы саясатының арқасында біз Тәуелсіздіктің 20 жылдық мәресіне лайықты келіп жеттік. Осы жылдар ішінде мемлекеттің іргетасы қаланды. Шекара бекіп, әскер жасақталды. Астана салдық, экономика өрледі. Енді осыны халқымызға түсіндіріп, ойына терең дарытуға ұмтылуымыз керек», деді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Абылай ханның мемлекет құру жөніндегі идеяларына тереңдеп барып, бүгінде мемлекетшілдіктің аса қажет екеніне назар аударды. Ассамблея Төрағасы орынбасарының өңірде өтіп жатқан мұндай алқалы жиынға қатысып, ұлттық рух, соның басында тұрған Абылай бабамыз туралы пікір айтуының өзі үлкен жетістік деп білеміз. Оның үстіне Ассамблеяда мемлекет негізін құрап отырған ұлт туралы бір алқалы жиын өтіп, онда қазақтың арғы-бергі тарихы мен алдағы болашағы сөз болып, ол құжат түрінде бекіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазақ әдебиетінің классигі Ғабиден Мұстафиннің бір кездері ұлтшылдармен күресіп едік, енді ұлтсыздармен күресуіміз керек дегені есте. Сол секілді Алаш рухы деген мәселе көпке дейін жабулы қалып келгені өзімізге мәлім. Қазір осыны қаузап, алдыңғы ағаларының үзіліп қалған ойын жалғастырып, Алаш идеясын ұйқылы-ояулардың санасына сәуледей сіңірсем деп шырылдап жүрген көрнекті ғалым, белгілі жазушы Тұрсын Жұртбай «Мәңгілік билік идеясы және Абылай хан» деген тақырыпта баяндама жасады. «Бұл басқосу тек қана бір өңірдің, бір қаланың жақсы атын шығаратын іс емес, Алаш рухымен астасып, бүкіл елге жететін игілікті жұмыс. Абылайға орнатылған ескерткіш қазақтың арғы-бергі алыптарына, нақтылай түссем, біздің мемлекетіміздің негізін қалаған, сол идеяны алғаш көтергендерге қойылған белгі деп ұққанымыз жөн», деген ол, мәңгілік идеяның негізінде ел еңсесінің биік болуы жатқанын, соның нәтижесінде ердің тізесі бүгілмей, азат ойдың алда жүргенін айта келіп, одан әрі бүгінгі мәңгілік туралы ұғымдардың көне түркі жазуларынан бастау алатынына нақты дәлелдер келтірді. Ол сонымен бірге Мағжан жырларындағы ұлт туралы ой байламдарға бойлап барды.
«Хандық дәуірдегі жыраулар поэзиясы» деген тақырыпта Мәжіліс депутаты, қазақ өнерінің қазіргі шоқтығы биік азаматтарының бірегейі Бекболат Тілеухан Асан Қайғыдан бастап, Махамбетке дейінгі жыраулардың жырларын төгілте келіп: «Қазақтың көзі де, сөзі де, тіреуі де, санасы да солар болды. Ұлт ұстаздары да солар еді. Оларға халық сенді, сол сенім халық тұтастығын сақтап, ұлтты қалыптастырды. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың да үлгісін көрсетті» деген ол ұлы жыраулардың жырларынан сол дәуірдегі хандардың ұстаған бағыт-бағдарын айқын көруге болатынын, мәселен Бұқар өлеңдерінде Абылай саясаты айқын көрініс тауып жататынын алға тартты. Бұқардың Абылай туралы: «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің. Дәулет құсы қонды басыңа, Қыдыр келді қасыңа», деп Шалкиіз, Дулатқа, одан Махамбетке жеткенде оның ереуіл атқа ер салмай, ұлы арманға бет бұрмай, Исатай деген ағам бар деп Баймағамбет сұлтанмен алыспай, Жәңгірмен жағаласпай жүре берсе, ол басынан айырылмас еді деді.
Шығыстанушы, қытайтанушы Бақыт Еженханұлы «Абылай ханға қатысты жаңадан табылған Қытай мұрағат құжаттары» деген тақырыпта жасаған баяндамасында ХVІІ ғасырдың 50 жылдарынан бастап, Абылай Қытаймен қарым-қатынас орнатқанын, сол тұстағы құжаттардың біразы мәнжу, көне қытай, араб, түркі, шағатай тілдерінде екенін еске салып: «Мәнжу деген халық жойылып кеткендіктен, сол тілдегі құжаттардың көбі оқылмай қалған. 2004 жылдан бастап біз соған зерттеулер жүргізгенімізде, қазаққа қатысты 3500 – 4000 құжаттың бар екенін анықтадық. Оның көбі жоғарыда айтқан тілдерде екен. Осы хаттарға, құжаттарға сараптау жүргізгенімізде Абылай Қытайға тұңғыш дипломаттарын 1757 жылы жіберіпті. Қазақ ханының Цинь патшасына жіберген екі хатының нұсқасы табылды. Ол хатта Абылай ел тұтастығы мен жер тұтастығы, көршімен жақсы қарым-қатынас туралы айтыпты. Цинь патшасы өзінің жауабында Абылайды қазақ ханы деп мойындап, құттықтау жолдаған. Біз Абылай хатын зерделеп қарасақ, оның түпкі ойы дәстүрлі қытай тіліне аударған кезде өзгеріп кеткен. Яғни, тең дәрежедегі қарым-қатынас жасау жөніндегі тұжырымды бодан болды дегенге қарай бұрмалап, өз саясаттарына ыңғайлап жіберген. Шындығына келгенде, Абылай хан ондай бағыныштылыққа бармаған. Бұған жолдаған хаттың негізгі нұсқасындағы толық сақталған ой да, стиль де, мазмұн да дәлел бола алады», деген ғалым әр дерегін қолындағы құжаттармен бұлтарыссыз дәйектеп отырды.
Өлкетанушы Сағындық Қожамсейітов, Абылай хан мен Ұлытау туралы әңгімелесе, ғалым Серік Ерғали ханның дара тұлғасы, Төле бидің ұлылығы, көріпкелдігі бала Абылайдың бойындағы ерекше қасиетті ерте танығаны екендігі жайлы ой сабақтады.
Саясаттанушы Айдос Сарым өз ойын тереңнен қозғап: «Шыны керек, соңғы кездері тарихты өзіміз сүйіп ішетін қымыздай көретін болдық. Сапыра берсек, көпіре беретін секілді. Шын мәнінде, тарих тұнып тұрған судай мөлдір де тұнық болуы керек. Бақыт Еженханұлы құжаттар арқылы нақтылағандай, біздің ата-бабаларымыз тек қана өзінің ауылымен, жерімен шектелмеген. Өз әлемін жақсы түсінген, білген. Әлемдік деңгейге шығуға сол кездің өзінде шама-шарқынша тырысқан. Аталған құжаттардың біразы қалмақ тілінде жазылғаны айтылды. Бұл не деген сөз? Бүкіл мемлекеттік дипломатиялық институттардың сол кезде де болғанын көрсетеді», деді. Белгілі журналистер Көлбай Адырбекұлы мен Берік Уәли ұлы тұлға туралы ой тербеп, өңір өндірісіне Қаныш Сәтбаев қосқан айтулы үлестер туралы мысалдармен сөйледі.
Конференциядан кейін табан тиген жер: «Орыстарға Кремль қандай қадірменді болса, меніңше Қазақ елі үшін Ұлытау да соншалықты қастерлі» деп Қ.Сәтбаев айтқандай, Жезді кенті болды. Өткен ғасырдың ортасында ұлы ғалым ашқан мырыш осы жерде өндірілгені тарихтан белгілі. Жездінің аты сол тұста төрткүл дүниеге танылған. Қазіргі көрінісі көңілге мұң ұялатады. Кезінде екінің бірінің қолы жете қоймаған бес қабатты үйлерді жау жайпап кеткен секілді. 13 мың халықтан 6 мыңы қалыпты. Көңілге медеу болатыны, келген жұрт барып көретін кент орталығындағы Кенесары ханның ескерткіші мен кешегі КСРО аумағындағы екеудің бірі саналатын Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы дер едік. Хан Кене ескерткішінің Ұлытау өңіріне орнатылуының себебі, 1840 жылдары Кішітауда ақкиізге көтеріп, оны хан сайлады деген дерек бар. Ал мұражайды кезінде аудан көлемінде айтарлықтай лауазымды қызмет атқарған Мәкен Төрегелдин шыр-пыры шығып жүріп ұйымдастырыпты. Мұражайда сақтардың мыс қорыту пешінен бастап, ХІХ ғасырда ағылшындар әкелген отарбаға дейін бар. Жалпы, мұражай туралы алдағы уақытта кеңінен толғап, жазуға болатын секілді.
«Таңбалы тас» саябағының ашылуы рәсімінде сөз алған аудан әкімі Әнуар Омаров бұл жұмыстың басталуы мен аяқталуы туралы жан-жақты баяндап берді. «Таңбалы тастың» айналасына тоғыз балбал тастардың көшірмесі қойылыпты. Әлкей Марғұлан өзінің жазбаларында осындай 3 мыңға жуық балбал тастардың болғанынын айтқан екен. Таңбалы тас туралы академик Манаш Қозыбаевтың пікірін еске түсірер болсақ, ғалым сондай таңбалы тастар қазақтың конституциясы еді деген пікір қалдырыпты. Төрт метрден асатын еңселі тасқа қазақ жұртының алпыстан аса таңбасы қашалыпты.
Аудан орталығының қақ төріне «Хан ордасы» аталатын алып кешен салынып жатыр екен. Ұлытаудың бір саласы саналатын Қыземшектің бөктерінен Асан Қайғыға тұрғызылып жатқан ескерткіш еңселі көрінді. Адам бейнесіндегі Ұлытау образы, таудан шығып тұрған рух десе болғандай. Ақ мәрмәрдің үстінде тұрған ақ киімді, ақ сақалды абыз қарт құшағын ашып, алақанын жайып, бата беріп тұр.
Мен Ұлытауға әкім болып келгенге дейін біраз сөздің тиегін ағыттым. Енді сол сөзді іске асыруға жан салып жатырмын, дейді алғашында Ұлытауда, қазір Жезқазған қаласында әкім болып жүрген Берік Әбдіғалиұлы. Ол Ұлытауға бара салып «Ұлытау – қазақтың хан ордасы» деген атқа сай болсын деген ізгі-ниетпен көптеген жұмыстарға ұйытқы болыпты. Ең бастысы, туризм орталығына айналдыруды қолға алғанына, ол өзінің нәтижесін бере бастағанына көз жеткіздік. Экономикамен қатар, халықтың рухын көтеретін дүниелерге ерекше мән беріпті. Ең алдымен жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу үшін, өздері мақтан тұтатын ұлы тұлғалардың атын жаңғыртыпты. Мысалы, «Жоңғарға бодан боламыз ба, әлде қасық қанымыз қалғанымызша соғысамыз ба?» деген Қарақұм құрылтайына биыл 300 жыл толады екен. Сол құрылтайды басқарған Тәуке ханның есімі Қоскөл ауылындағы орта мектепке беріліпті. Тағы бір айтарымыз, тарихта «Бұланты шайқасы» деген атпен қалған қалмақтарға жойқын қарсылық Қарсақбай мен Байқоңыр жерінде болғаны мәлім. Өкінішке қарай, бұл да жиі айтыла бермейді. Сол шайқасқа Әбілқайыр хан қолбасшы болған ғой. Осындай жағдайлар ескеріле келіп, Байқоңыр ауылындағы білім ұясына Әбілқайыр ханның, Мибұлақтағы мектепке Қасым ханның, ал Алғабастағы мектепке Хақназар ханның аты берілсе деген ұсыныс жоғарыға жолданыпты. Мұнымен қатар, Ұлытаудың тағы бір ауылы Қорғасын кентіндегі білім ұясына Кейкі батырдың есімін беру ұйғарылыпты. Бұлардың бәрі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында қолдау тауып жатса, құба-құп болары анық.
Енді Жезқазғандағы оң істерге келетін болсақ, қаланы дамытудың 20 тармақтан тұратын бағдарламасы жасалыпты. Ұлытауда білім мекемелеріне хандар мен батырлардың есімін беру үрдісі қолға алынса, Жезқазғанда Алаш арыстарының аты жаңғыра бастапты. Мысалы, Ш.Уәлиханов, Ә.Бөкейхановтан бастап, М.Дулатов, М.Шоқай, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Б.Момышұлы, Д.Қонаев, Қ.Рысқұлбеков аттарын мектепке беру жөнінде тиісті орындарға өтініш түсіріліпті. Сол секілді генерал Сабыр Рахимовқа және Кеңес ауған соғысында көрсеткен жеңісі үшін КСРО Батыры, одан кейінгі қаһармандығына орай Ресей Батыры атағын алған жалғыз қазақ Қайыргелді Майдановқа қаладан көше аттары беріліпті. Желтоқсан да жаңғырыпты. Алдағы уақытта Жақсыгелді Сейіловтей композитор да ескерусіз қалмайтын көрінеді.
«Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу –адамшылық ісі», деп А.Байтұрсынов айтқандай, ұлт руханиятының жанашыры болып жүрген әкімнің қасында жазушы А.Қаражігітұлы, қобызшы Б.Сәдібақасов, әнші Қ.Әбеуов, мұратанушы Б.Байжанатов, өзге де азаматтардың құлшынып жүргені көңілге медеу ұялатты. Сонымен түсініп-түйсіне алсақ, Ұлытау өңірінде ұлтқа бет бұрып, тастағы тарих жаңғырып, жаныңа жылу, ойыңа от салатын алып ескерткіштер бой көтере бастапты. Бұл ақжолтай іс өзгелерге сабақ болса , қане.
Сүлеймен МӘМЕТ, Суреттерді түсірген Еркін Қуатайұлы.