• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2011

Мемлекеттік рәміздер мәртебесі

4054 рет
көрсетілді

Ел тәуелсіздігінің ең басты белгілерінің бірі – оның өзіне ғана тән мемлекеттік рәміздері­нің болуы. Бұл – елдің басқару билігін өз қолына алуы, мемлекеттік шекарасын айқындауы, төл теңгесін шығаруы сияқты аса маңызды егемендік си­пат­тарымен біте қайнасып жатыр. Тәуелсіз Қазақстанның рәміз­де­рін жасау, оны халық талқы­сына салу, арнайы құрылған мемлекеттік комиссияның са­раптамасынан өткізу – жоғары маңызды міндет еді. «Туы­мыз­дың түсі қандай болады?», «Ел­таңбамыздың ерекшелігі неден байқалады?», «Әнұранымыз ұлттық рух беріп тұра ма?» деп талай қазақ баласы егемен­ді­гіміздің елең-алаңында ұйқы қашырған болатын. Көне түркі дәуірлерін айтпағанның өзінде, бергі ХV ғасырдағы Қазақ хан­ды­ғының да өз байрағы, бай­тағы, шекарасы болған. Кешегі кеңестік дәуірде де одақтас республикалардың бірі ретінде кеңестік Қазақстанның туы, ел­таңбасы, әнұраны болды. Бір­ақ бұл толық дербестігімізге, егемендігімізге кепілдік бере ал­майтын еді. Біз Одақтың құ­рамын­дағы, бодандық құрсау­ын­дағы ел едік. Еліміз толық тәуелсіздікке 1991 жылы ғана қол жеткізді. Қазақ мемлекеті құрылды. Әлемдік қауымдас­тық дербес мемлекет ретінде тани бастады. 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев қол қойған заңдармен тұңғыш рет тәуелсіз еліміздің Туы, Елтаңбасы бекітілді, ал 1992 жылдың 11 жел­тоқсанында мемлекеттік Гимніміз туралы Заңға қол қойылды. Бұл мемлекеттік рәміздеріміз елдігіміздің айғағына айналды. 1996 жылғы 24 қаңтарда «Қа­зақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Қа­зақ­стан Республикасының Конс­титуциялық Заңына қол қой­ыл­ды. Яғни, мемлекеттік рә­міздер бір заң аясына топтастырылды. Президенттің 2004 жылғы №837 Жарлығына сәйкес, рес­пуб­ликамызда 4 маусым «Мемлекеттік рәміздер күні» ретінде аталып өтіліп келеді. Бұл ме­ре­кенің жөні ерекше. Себебі, әр­бір азаматтың жүрегінде Ота­нына деген сүйіспеншілікті, өз еліне деген мақтаныш сезімін оятуда мемлекеттік рәміздердің маңызы аса зор. 2007 жылғы 4 маусымда Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың қол қойып бекіткен «Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тәртібін нақты белгілеп, осыған байланысты мемлекеттік органдардың құзіретін ай­қын­дады, жауапкершілікті арт­тыр­ды. Көк аспан түсті Туы­мыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз – баға жетпес құндылықтарымыз. Ал осы құндылықтарға деген қарапай­ым халықтың құрметін қалып­тас­тыру, жас ұрпақтың сана­сы­на отаншылдық сезімді сіңіру, патриоттық аңсарды тәрбиелеу – басты мақсатымыз, перзенттік парызымыз болуы керек. Әрине, бұл орайдағы ұдайы жүргізілетін тәлімдік, тәрбие­лік, үгіт-насихат жұмыстары балабақша мен мектептен бастау алып жатқаны құба-құп. Ата-бабаларымыз: «Тәрбие тал бесіктен басталады», деп бекер айтпаса керек. Кейбір ортада мемлекеттік рәміздерді құр­мет­теу, оларды насихаттау тек мем­лекеттік органдардың, билік мекемелерінің міндеті деген сыңаржақ пікір бар. Ал Қа­зақстан Республикасы Конс­ти­туциясының 34-бабында: «Әр­кім республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті», деп тайға таңба басқан­дай жазылған. Ал сол міндеттілікті сезіну үшін, орындау үшін әрбір отандасымызға үйде, бала­бақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында, өндірісте, мекемелерде ұдайы тәлімдік-тәрбиелік жұ­мыстар жүргізілуі керек. «Біз­дің мемлекеттік туымыз неге көк түсті?» деген сауалға: «Туы­мыз­дың тұтас көк түсті болуы – бейбітшілікті сүйетініміздің, бір­лі­гі­міздің, бөлшектенбейтіндігі­міз­дің, біртұтастығымыздың белгісі», деп сайрап тұрған жасөс­пірімдерді көргенде қалай риза болмайсыз. 2006 жылы мемлекеттік Гимн­і­мізді қайта жаңартып қа­был­да­дық. Бұл – біз үшін аса бір көңіл толқытарлық жағдай болды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде, ызғарлы да ызбарлы дүлей күшке қарсы шығып, теңіз­ей толқыған қалың қазақтың уыздай жастары композитор Шәмші Қал­даяқовтың «Менің Қазақ­станым» әнін кеудеміз намысқа тола, бо­дан­дықтың бұғауынан шығудың жолын аңсай жүріп шырқаған едік. Шын мәнінде осы ән сол бір қиын-қыстау сәттегі егемендікті аңсаған еліміздің әнұраны еді. Енді, сол құдіретті әннің ресми түр­де тәуелсіз Қазақстанның Ән­ұранына айналуы тарихи тұр­ғыдан алғанда, заңды да еді. Әні Шәмші Қалдаяқовтың, сөз мәтіні Жұмекен Нәжімеденов пен Нұр­сұлтан Назарбаевтың авторлығы­мен шыққан жаңа мемлекеттік Гимн – ерліктің, елдіктің, намыс­тың дастаны болды. Қазақтың рухын асқақтатты. Әнұранымыз­д­ың тек қана мемлекеттік тілде орындалатыны – қазақ тілінің мәртебесін биіктетті. Сөз жоқ, «Менің Қазақстанымның» елі­міз­дің мемлекеттік рәміздерінің біріне айналуына күллі қазақ қау­ымы қуанды, қолдады, соның ішін­де желтоқсандықтардың қуа­­ны­шы ерекше болғаны дау­сыз. Осы жаңа Әнұранымызды Парламент Мәжілісіндегі талқы­лауға қатысқанымды, оны қолдап дауыс бергенімізді ойлағанда кеудені патриоттық сезім кернейді. Гимнді шырқағанда оң қолы­мызды жүрек тұсына қойып айту жөніндегі ұсынысқа да біз толық құптап дауыс бергенбіз. Бұл жаңа мемлекеттік Әнұранымыздың Қа­зақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың кезекті Президенттік сай­лаудағы жеңісінен кейінгі дү­ниежүзінің ел басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысуымен болған ұлықтау рә­сімінде алғаш рет ресми орын­далуы – тарихи маңызды оқиға бол­ды. Мұндай сәттер ел та­рихында, мемлекет шежіресінде мәңгілікке қалары сөзсіз. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық тарихындағы тәуелсіз­дік­пен түйдей құрдас жастары­мыз­дың сана-сезімі, отансүйгіш­тігі, Қазақ еліне деген құрметі қай деңгейде?! Осы жиырма жыл­да егеменді елдің жастары өз отаны үшін, өз елі үшін намысқа толы, ерлікке пара-пар әрекетке қабілетті азаматтар ретінде қа­лыптасты ма?! Тәуелсіздігін әлем таныған Қазақстанның қатардағы азаматтары еліміздің мемлекеттік рәміздеріне қаншалықты құрмет­пен қарайды?! Бұл сауалдар көп ойларға жетелейді. «Мен жас­тарға сенемін!» деп Мағжан ақын айтпақшы, біз де болашағы­мызды жас ұрпақтың жүректерін­дегі еліне, жеріне деген өлшеусіз махаббаттан сезінсек дейміз, со­ларға сенеміз. Өз басым Қазақ­стан спортшыларының әлемдік спорт сайыстарында, Олимпиада­лық жоғары спорт ойындарында еліміздің көк Туын желбіретіп, тәуелсіз Қазақстанның Әнұранын асқақтатып тұрған сәттерін көр­ген­де ерекше тебіренемін, тол­қи­мын. Олардың жүзінен «Осы жеңісімді, Отаным, саған ар­надым!» деген жазуды үнемі оқысам  деймін. Мемлекеттік рәміздерге құр­мет халықаралық, мемле­кет­ара­лық қарым-қатынастың тәжі­ри­бесінде қалыптасқанын және ресми орнық­тырылып отыра­ты­нын білеміз. Мемлекет бас­шыларын қарсы алу және шыға­рып салу кезінде сол елдердің ән­ұрандары орын­да­лады. Бұл – бір мемлекеттің екінші мемлекетке ресми түрде көрсеткен жоғары дәрежедегі құрметі. Шетелдердегі әртүрлі ресми іс-шараларға, Парламент­аралық мәжілістерге қатысқа­нымызда да мемлекеттік Туы­мыз жанымызда тұрады. Туы­мызға құрмет – елімізге құр­мет екенін талай-талай мәр­тебелі жиындарда сезініп жүр­міз. Мәселен, ТМД елдерінің Парламентаралық Ассам­блея­сы­ның отырыстары Санкт-Петербург және басқа қала­лар­да жылына екі рет өткізіліп жүр. Әр елдің Парламент депу­татт­ары осы жиынға келіп қатысқанда, өз елдерінің тула­ры қатар-қатар тізіліп тұрса ғана мәжілістің шырайы еніп, жоғары деңгейдегі ресми сипат алады. Әлемнің көптеген елдерінде болып жүргенде бір байқағаным, Жер шарының қай түкпірінде де Қазақ­ста­ным­ның көк Туы маған ерекше ыстық. Осындай сезімді менің көптеген әріптестерім де бастан кешетіндерін айтады. Тіпті, біздің мемлекеттік туы­мыз­ға ұқсайтын басқа елдер­дің туының жоқтығы – Қазақ­станның тағы да бір ерекшелігі. 2008 жылы Нью-Иоркте, Біріккен Ұлттар Ұйымында бол­ғанымда, оған мүше елдердің тулары арасында елімнің көк байрағы ерекше желбіреп тұр­ғанын көргенде, Қазақ мемле­кетінің әлемдік қауымдас­тық­та ерекше орны бар екендігіне көзім жетті. Бұл – Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың мемлекет құрудағы, оны дамы­тудағы, елімізді әлемдік дең­гейге көтеру­дегі зор еңбегінің нәтижесі. Рәміздерге байланысты қа­дағалау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуі керек. Мемлекеттік мекеменің маңдай­ша­сы­на көк Туымызды қададың ба – енді оның түсі оңып кетпеуін, бүлінбеуін, биікте желбіреп тұруын бақылауға міндеттісің. Кейбір мекеме басшылары көк туы боз туға айналып кеткенше мән бермейді. Кейбір мемлекеттік мекеменің басшыла­ры тудың, елтаңбаның жұмыс бөлмесіндегі ережеге сай белгіленген орындарын да ауыс­тырып алып жатады. Бұл ұсақ-түйек емес қой. Мемлекеттік рәміздерге құрмет мемлекеттік қызметші үшін оны қалай ұстап, қалай пайдалануды білуден бастау алса керек. Ірі спорт жарыстарында кей кезде жеңіске жеткен спортшы қуа­ныш үстінде қолындағы мемлекеттік туымызды тастай салып, жанкүйерлерімен құ­шақ­тасып жатқанын көргенде еріксіз қынжыласыз. Тәрбие табалдырықтан басталады. Сырт көз сынай қарап отыр­ғанда қолыңдағы туға жай бір зат ретінде қарауға болмайды. Рас, еліміздің бар аймағын­дағы мемлекеттік мекемелерде елдігіміздің рәміздері көзге айрықша шалынып тұрады. Астананың қақ ортасында биіктігі 115 метрлік (матасының ұзындығы 30 метр, ені 15 метр) ғажап Көк туымыз да желбіреп тұр. Бұл мемлекеттік туымызға айырықша құрмет­тің белгісі деп білген жөн. Дәл осындай Туға қойылған тірі ескерткіш әлемнің көптеген елдерінде жоқ. Мемлекеттік рәміздерді бәрінен де жоғары қоюдың шынайы үлгілері көп ғасырлар бойы қалыптасқан Жапония, Ұлыбритания немесе Америка Құрама Штат­та­рын­­дағы дәстүрлерді зерт­теу­дің, зерделеудің де тағылымды болары сөзсіз. Ал өзіміз қо­лы­мыздағының қадірін білейік. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің биылғы ата­лып өтілетін 20 жылдығы қар­са­ңын­да біз мемлекеттік рә­міз­дері­мізді қастерлеудің та­маша үлгілерін көрсетіп, оны салт-дәстүрлерімізбен са­бақ­тастыр­сақ, бұл да біздің мемлекетімізге, ұлтымызға, елдігімізге қосқан үлкен үлесіміз болмақ. Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты,  «Нұр Отан» ХДП Саяси Кеңесінің Бюро мүшесі.