Кеше Астана төрінде Қазақстан құрамасы Әзірбайжан командасын қабылдап, 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі алғашқы жеңісіне жетті. Есеп – 2:1. Осы кезге дейін Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне екінші рет қатысып, соның екеуінде жеңісті тойлаған ұлттық құрама үшін кешегі Әзірбайжанмен болған жиырмасыншы ойын жеңісті күндеріміздің жалғасы болса дегіміз келеді.
Бүгін Қостанайда өтетін Патриоттар форумының алдында қостанайлық теңбіл доп шебері Сергей Гридин бүкіл қазақстандықтарға тамаша қуаныш сыйлады. «Тобыл» командасының құрамында шебер ойынымен көпке танылған жас шабуылшы еліміздің құрама командасында алғаш рет өнер көрсетіп, алғашқы ойынында... екі бірдей гол соқты. Мұндай жағдай футболда сирек кездеседі. Әдетте құрама командадағы алғашқы ойында асып-саспайтын адам аз. Ондайда әдеттегі жүрісінен жаңылып, өз командасындағы ойын өрнегінен де айырылып қалып жататындар жетеді. Ал Сергей «Астана-Аренадағы» тұңғыш матчта-ақ кәнігі шеберлердей қимылдады, командаға табиғи түрде кірігіп кеткендей әсер қалдырды. Осы кездесуде тәжірибелі ойыншылармен бірге соңғы кезде жасыл алаңда көпшіліктің көзіне түсіп жүрген жас ойыншылар да өнер көрсетті. Соның бірі жаңағы айтқан Сергей Гридин болса, онымен жанын беріп, ойында бүкіл күш-қайратын жұмсаған Ұлан Қонысбаев, Қайрат Нұрдәулетов сияқты ойыншылар. Ал құрамаға Бернд Шторк кезінде көптен бері алынбай, «Ақтөбенің» намысын қорғап жүрген Самат Сымақов, Марат Хайруллин секілді тәжірибелі ойыншылардың орны бөлек, әрине. Бұл матчта жарақатына байланысты қақпашы Давид Лория мен жартылай қорғаушы Андрей Карпович ойнамады. Капитанның жейдесін киген Нұрбол Жұмасқалиев тіпті құрамаға шақырылмады. Құраманың жаңа бапкері Мирослав Беранектің алдағы уақытта Нұрболдай басқа да тәжірибелі ойыншыларды команда сапына қосатынына сенеміз. Ал кешегі ойында дубль жасаған Сергей Гридинге негізгі құрамға қосып, өзін көрсетуге мүмкіндік бергенін Қазақстан құрамасына жетекшілік тізгінін жаңа қолға алып жатқан чех жаттықтырушысы Мирослав Беранектің көзінің қырағылығының белгісі деп сенгіміз келеді.
Қазақстан командасына Вугар Надиров соққан алғашқы гол тұтастай қорғаушы Юрий Логвиненконың кінәсі деуге болады. Айтқандай, Әзірбайжан командасының бапкері Берти Фогтс ойыншыларды алмастыруда өте сәтті шешім қабылдады. Сол голдың авторы Вугар Надиров біздің қақпаға доп соғардан екі минөттей ғана бұрын Джавид Гусейновті алмастырған болатын. Осы ойында Мирослав Беранек те ойыншыларды сәтті алмастыра білді. Ол екінші таймда құрама сапына көптен бері қосылмай, алаңда өзінің ойынын таба алмай жүрген Сергей Остапенконы Сергей Хижниченкомен, Юрий Логвиненконы Михаил Рожковпен алмастырды. Ал Марат Хайруллинді Александр Кировпен алмастырғаны бізге түсініксіздеу болып көрінді. Осы ойында Сергей Гридиннің екінші голына әдемі пас берген Марат ойынын жалғастыра бергенде біздің шабуылшылар есепті тағы еселей түсер ме деген ойымыз болғаны жасырын емес. Дегенмен, ойын біздің пайдамызға шешілді. Ең бастысы осы. Стадионда құрамаға болысып, «Алға, қазақтар!», «Қазақстан!» деп 94 минөт бойы ұрандатқан жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ. Бұл жағдай басқаға болмаса да бізге түсінікті нәрсе. Өйткені, Қазақстан құрамасы УЕФА-ға 2002 жылы кіргенімен, 2006 жылдан, яғни Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысқан кезден бері үшінші жеңісіне жетіп отыр. Алғашқы жеңісті біз 2007 жылы Алматыда Сербияны 2:1 есебімен ұтып, тойлаған болатынбыз. Ал екінші жеңісімізге сол жылы Арменияны сырт алаңда 1:0 есебімен жеңгенімізде жеткеніміз есімізде.
Біз ойыннан кейін осы репортажды жазып үлгеру үшін редакцияға асықтық та, матчтан соңғы баспасөз мәслихатына қатыса алмадық. Стадионнан шыққан бетте бірер ауыз тілдескен жанкүйер – кәсіпкер Серікбек Боранбаев ойыннан алған әсерін былайша бөлісті: «Әзірбайжан командасының мұның алдында Түркия құрамасын өз алаңында жеңгенін білгендіктен осы ойынға алаң көңілмен келгенім рас еді. Шынын айтқанда, қонақтардан мұнан әлдеқайда шебер ойын күткен болатынмын. Әзірбайжандықтардан маған 22-ші нөмірлі Афран Измаилов қатты ұнады. Техникалық тұрғыдан өте сауатты. Алаңды жақсы көре біледі. Өз футболшыларымыздың арасынан Сергей Остапенконың, Ұлан Қонысбаевтың, Казбек Гетериевтің жанын салып ойнағаны көзге ұрып тұрды. Сонымен бірге қорғаныс шебіндегі селкеуліктер әлі де жан ауыртады. Қалай дегенде де Қазақстан командасының ойын өрнегі Шторктың тұсындағыдан ілгері. Жаңа бапкердің жаңа ойыншыларды, жас ойыншыларды құрамаға тарту талабы да құптарлық. Футболшыларымыз психологиялық тұрғыдан әлі де шыңдала түссе деймін. Жеңісіміз құтты болсын!».
Біз де осыны айтамыз. Жеңісті күндерде жүздесуге жазсын. Айтпақшы, біздің құраманың осы жеңісіне шын жүрегімен Ресейдегі футбол жанкүйерлері де қуанып жатқаны көңіл өсіреді. Матчтан кейін интернет сайттарды ақтарып отырғанымызда, өзінің атын атамаса да Қазақстаннан Ресейге көшіп кеткен бір жанкүйер былай деп жазыпты: «Нижний Новгородта арабтың бір телеарнасынан матчты қарап отырмын. Бірнеше жыл ішінде құрама жаңартылыпты. Маған ұнады, шабуылға батыл шығып жүр. Гридин таңғалдырды. Оны енді Ресей премьер-лигасында көрсем деймін. Жерлестер, жеңістеріңіз құтты болсын!». Біздің бұған алып-қосарымыз жоқ. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді.
PS: Осы күні Лихтенштейн мен Литва құрамаларының кездесуіне төрт қазақстандық төреші қазылық жасады. Бас төреші Артем Кучин (Қарағанды), қапталда Евгений Бельский (Тараз), Рүстем Сүйінов (Павлодар), төртінші төреші қостанайлық Анатолий Вишниченко болды.
Суреттерді түсірген Орынбай Балмұрат.
Дастан КЕНЖАЛИН.