Қазақстан бейбітсүйгіш мемлекет және халықаралық қауымдастық пен Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі ретінде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға белсенді қатысады, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Өткен жылғы қазан айында Қазақстан Республикасы мен Солтүстік атлант ұйымы (НАТО) арасында Ауғанстанның қауіпсіздігіне көмек көрсететін халықаралық күштер қызметіне Қазақстанның қатысуы туралы келісімге қол қойылған болатын. Аталған келісімнің мақсаты – Ауғанстанның қауіпсіздігіне көмек көрсететін Халықаралық күштер штабы қызметіне Қазақстан Республикасы әскери қызметшілерінің қатысуы үшін құқықтық негіз жасау.
Осы құжатты негізге ала отырып, Ауғанстанның қауіпсіздігіне көмек көрсететін халықаралық күштер құрамына жауынгерлік қимылдарға қатыспайтын қазақстандық төрт әскери қызметшіні жіберуге шешім қабылданды. Олар – үйлестіру қызметі, ақпараттық сарапшы, тылдық қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және эпидемиология офицерлері. Қазақстандық әскери қызметшілерді қауіпсіздікке көмек көрсететін Халықаралық күштер штабына жіберу Ауғанстан өкіметіне елдегі жағдайды тұрақтандыруға көмек көрсетуге мүмкіндік береді.