• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2011

Маңызды заң жобалары мақұлданды

431 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі жалпы оты­ры­сын­да бірқатар заң жобалары мақұлданды. Әуелі «Қаржы на­рықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыға салынды. Бұл заң жобасы бойынша Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқов баяндама жасады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Өткен жылы Кеден одағына қатысушы үш мемлекеттің бас­шы­лары Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) қалыптастыру бой­ынша халықаралық келісімдер пакетіне, оның ішінде Қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау туралы келісімге қол қойғаны белгілі. Бірыңғай экономикалық ке­ңіс­тік қалыптастыру Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың өткен ғасырдың 90-жылдарының ба­сын­да ұсынған Еуразия идеясын жүзеге асыруға ықпал ету болып табылады. Заң жобасына Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қабиболла Жақыпов қосымша түсінік берді. Ол Қаржы нарықтарында капи­тал­дың еркін қозғалысын қам­та­масыз ету үшін жағдай жасау ту­ралы келісім 2010 жылғы 9 жел­тоқсанда Мәскеуде жасалғанын айтты. Келісімге Беларусь Рес­пуб­ликасы, Қазақстан Респуб­ли­касы және Ресей Федерациясы қаржы нарықтарында капи­тал­дың еркін қозғалысын қамта­ма­сыз ету үшін жағдай жасау, қар­жы секторында өзара тиімді ын­ты­мақтастықты дамыту мақса­тын­да қол қойды. Тал­қылаудан кейін заң жобасы мақұлданды. Келесі кезекте тағы бір ха­лық­аралық маңызы бар заң жо­басы талқыланды. «Қазақстан Рес­публикасы мен Түрік Рес­пуб­ликасы арасындағы стратегия­лық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жо­ба­сы жөнінде Қазақстан Респуб­ли­касы Сыртқы істер министрі­нің орынбасары Қайрат Сарыбай баяндама жасап, екі ел арасын­дағы шарттың мәнін түсіндірді. «Осы Шарт 2009 жылғы 22 қазанда Анкара қаласында, Елба­сымыз Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баевтың Түркияға ресми са­па­ры барысында қол қойылған және «Қазақстан Республикасы­ның халықаралық шарттары ту­ра­лы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес ра­тификациялауға жатады. Шарт екі ел арасындағы ынтымақ­тас­тық­ты нығайту және оның өзекті бағыттарын жаңа деңгейге кө­те­ру­ді қамтамасыз ету, сондай-ақ Қа­зақстан мен Түркия ара­сын­да­ғы шарттық-құқықтық базаны жетілдіру мақсатындағы маңыз­ды құжат болып табылады. Со­ны­мен қатар, Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарын жанданды­ру Ор­талық Азиядағы мемлекет­тер­дің көшбасшысы ретінде Қа­зақ­стан­ның халықаралық мәрте­бе­сін ны­ғайтуға жәрдемдеседі»,  деді Қай­рат Сарыбай. Ал Халықаралық істер, қор­ға­ныс және қауіпсіздік комитеті­нің мүшесі Сауырбай Есжанов қо­сым­ша баяндама жасады. Депутат заң жобасының маңызды­лы­ғын айта келіп: «Сонымен қа­тар, осы Шарттың біздің мүдде­ле­рі­мізді Оңтүстік-Шығыс Еуропа және Таяу Шығыс бағыт­тарында одан әрі жылжытуда түйінді ма­ңызы бар. Тараптар көкейкесті ха­лықаралық мәселе­лер бойын­ша терең ынтымақтас­тық орнату және ортақ мүдделер шеңберін айқындау мақсатында екіжақты саяси үнқатысуды да­мытады», – деді. Талқылаудан ке­йін бұл заң жо­басы да то­лықтай мақұлданды. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне тұрғын үй қа­ты­настары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқы­лымда талқыға шығарылды. Эко­номикалық реформа және өңір­лік даму комитетінің мүшесі Аманғос Өтегенов баяндама жасады. Заң жобасының негізгі мақ­саты мемлекеттік тұрғын үй қо­рын коммуналдық тұрғын үй қо­ры, мемлекеттік кәсіпорындар­дың тұрғын үй қоры және мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қоры деп, олардың аражігін ажы­рату бөлігінде тұрғын үй қаты­настары туралы заңнаманы жетілдіру; мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерді берудің шарттары мен тәртібін, сондай-ақ тұрғын үйлерді жекешелендіру тетігін және азаматтарды авария­лық үйлерден көшіру тәртібін нақтылау болып табылады. Заң жобасы 2011 жылғы 2 нау­рызда бірінші оқылымда ма­құл­данған-тын. Заң жобасын екінші оқылым­ға дайындау барысында комму­нал­дық шаруашылық саласында­ғы уәкілетті орган мен жергілікті ат­қарушы және өкілді орган­дар­дың, үй-жайлар (пәтерлер) иелері жиналысының құзыретіне, сон­дай-ақ үй-жайлар иелерін тіркеуге және қайта тіркеуге қатысты нормаларды нақтылау жөнінде ұсыныстар түсті. Бұдан басқа, кондоминимум объектісін күтіп-ұстау және басқару жөніндегі функ­циялардың аражігін ажы­ра­ту бөлігіне түзетулер енгізілді. Сөй­тіп, заң жобасы екінші оқы­лымда мақұлданды. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасы Кодексінің жобасы үшінші оқылымда қаралды. Әлеу­меттік-мәдени даму коми­теті­нің төрайымы Динар Нөкетаева баяндама жасап, аталған жобаға қан­дай толықтырулар енгізілгенін баяндап берді. «Неке (ерлі-зайып­тылық) және отбасы туралы» Қа­зақстан Республикасы Кодексі­нің жобасы 2009 жылдың 13 мамы­рында бірінші оқылымда, ал 2010 жылдың 23 маусымында екінші оқылымда мақұлданған болатын. Парламент Мәжілісінің Регламентіне сәйкес, бұл кодекс жоба­сын үшінші оқылымға дайындау кезінде депутаттардан жұмыс то­бы­на 50-ден аса жазбаша түрде ұсыныс­тар келіп түсті. Барлық ұсыныстар салыстырма кестеге енгізілді, бірнеше рет жұмыс то­бының отырыс­тарында талқыла­нып, қаралды. Осыны ескерген палата депу­таттары заң жобасын үшінші оқы­лымда мақұлдау туралы ор­тақ шешімге келді. Жалпы отырыста Ерлан Тұр­лыбеков пен Константин Плотниковті Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызме­тіне тағайындау туралы мәселе қаралды. Палатаның қабылдаған қаулысына сәйкес аталған азаматтар Есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындалды.