Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Чешен Республикасы мен Ингуш Республикасының парламенттік делегациясын қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Мәжіліс Төрағасы сөз басында Қазақстан мен Ресей арасындағы қалыптасқан ынтымақтастық байланыстың нәтижесін барлық саладан көріп отырғанымызды айтты. 2010 жылы екі мемлекет арасындағы сауда айналымы 15 млрд. доллардан асты. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы нәтиже бойынша алыс-беріс 1,5 есеге өскенін көреміз. Үш ел: Қазақстан, Беларусь және Ресей Кеден одағына бірігіп отыр. Келешекте Бірыңғай экономикалық кеңістік құрғалы тұрмыз. Мұндай ықпалдастық үлкен жетістіктерге жол ашатыны сөзсіз. Сонымен қатар, парламентаралық байланыс та қарқын ала түсуде. Қазақстан Парламенті Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесімен және Мемлекеттік Думамен өзара тығыз байланыс орнатқан. ТМД ПАА, ЕҚЫҰ ПАА, ЕурАзЭҚ ПАА, ҰҚШҰ ПА шеңберінде өтетін іс-шаралар негізінде ынтымақтаса жұмыс істеп келеді, деді О.Мұхамеджанов.
Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымдары туралы, елдің экономикалық-әлеуметтік дамуы, үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасының жүзеге асуы жөнінде әңгімелеп берді.
– Үстіміздегі жылы 28 ақпанда Чешен Республикасы президентін сайлау өтіп, онда Рамзан Қадыров жеңіске жетті. Біз чешен халқын осы жеңіспен құттықтаймыз, – деді Мәжіліс Төрағасы. – Біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың чешен елінде үлкен абыройға ие екенін білеміз. Біздің тарихи байланыстарымыз тереңде жатыр.
Өз кезегінде Чешен Республикасы Парламентінің төрағасы, делегация жетекшісі Дукуваха Абдурахманов сөзін Қазақ еліне деген ізгі тілегін білдіруден бастады. Қазақ халқының қиын күндерде қол созып, шынайы қамқорлық жасағанын чешен халқы ешқашан ұмытпайтынын айтты. Рамзан Қадыровтың атынан қазақ халқына ыстық сәлемін жеткізді. Айта кету керек, 2007 жылы Грозный қаласының көрікті бір көшесіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Қазақстан басшысының бастамасымен Грозный қаласының орталық алаңында көп қабатты тұрғын үй салынды. Ол ресми түрде «Қазақ-чешен достығы үйі» деп аталады. Алайда, Дукуваха Абдурахманов өз сөзінде бұл үйді жергілікті тұрғындар «Қазақтар үйі» деп құрметпен атайтынын жеткізді.
Сонымен қатар, Чешен елінің бастамасымен Грозный қаласындағы №1 лицейге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Аталған лицей – республикадағы тарихы мол және өте танымал білім ордасы. Қазақстан Президенті атынан лицейге «Ford» шағын автобусы, қазіргі заманғы компьютерлік сынып жабдықтары табыс етілген.
Мәжіліс Төрағасы кездесу соңында Грозный қаласындағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы №1 лицейге суретші Ермековтің «Іле Алатауы» атты картинасын, Қазақстан және Мемлекет басшысы, елдің жетістіктері туралы құнды кітаптарды табыс етуді меймандарға аманаттады.