• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2011

Астананың абаттандырылуы өзге қалаларға үлгі болуы тиіс

327 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордада құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан мәдени-рухани және халықты сумен қамтамасыз етуге арналған бірқатар нысандарды аралап көрді. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – ХХІ ғасырдың маңызды мәселелері. Қазіргі кезде қала халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету ойдағыдай шешіліп жатыр. Бұл бағытта жүзеге асырылған жұмыстар да жетерлік. Соның бірі – Сорғы-сүзгі стансасы болып табылады. Осы нысанға арнайы атбасын бұрған Елбасы оның жұмысымен таны­сып, аталған нысанның Аста­на­ны таза ауыз сумен қамтамасыз ету­де маңызы ерекше екеніне баса мән берді. Станса басшы­лары­ның хабардар еткеніндей, бұл нысан толық пайдалануға берілген кезде, оның қуаты тәулігіне 200 мың текше метрден 300 мың текше метрге дейін артатын болады. Бүгінде «Астана су арнасына» қарайтын стансада үздіксіз жұ­мыстар жүріп жатыр. Суды тазалау үдерістерінің барлығы халық­аралық стандарттарға толық сәй­кес келеді. Су хлорланып, коагуляция жасалады, тұндырылып ба­рып сүзгіден өткізіледі. Содан кейін тазартылған су қайтадан хлорланады. Су құбыры суының сапасы өңдеудің барлық кезеңде­рін­де үнемі тексеріліп отырады. Ал микробиологиялық көрсет­кіш­тер тәулігіне бір рет, орга­но­леп­тикалық (иісі, түсі, лайлы­лы­ғы) тәулігіне 6-12 рет, қалған хлор сағат сайын анықталады. Сорғы-сүзгі стансасында күн сайын 800 химиялық, 100 бак­те­рио­логиялық талдаулар жасала­ды. Станса басшылары Президентті қазіргі кезде аяқталған жұмыс түрлерінен де хабардар етті. Бүгінде бұл нысанның 99 пайызы дайын, енді стансаны іске қосу жұмыстары қолға алы­нып жатыр. Мемлекет басшысы бұдан кейін «Жерұйық» саябағына аял­да­ды. Саябақтың жалпы алаңы 21 гектарды құрайды. Саябақты абат­тандыру 2007 жылдың 1 шілдесінде басталған еді. Бүгінде оның аумағындағы 95 мың шар­шы метр жерге шөп егілген. Сон­дай-ақ саябаққа 400-ден астам түрлі ағаштар отырғызылған. Көпші­лік­тің демалуына қажетті барлық жағдайлар жасалған. Саябақ ас­та­налықтар мен елорда қонақта­ры­ның жиі келетін демалыс ор­нына айналып келеді. Ал Астананың жаңа орталы­ғындағы Тәуелсіздік және Бауыр­жан Момышұлы атындағы көше­лердің қиылысында құрылыс жұ­мыстары қарқынды жүргізіліп жат­қан нысанның елорданың ажа­рына ажар қосатын тамаша бір ғимарат болатыны қазірдің өзінде байқалып тұр. Бұл – Оқушылар шығармашылығы сарайы. Елба­сы мұнда да біршама аялдады. Ны­санның құрылысы Прези­дент­тің тапсырмасымен өткен жыл­дың желтоқсанында басталған болатын. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарының 40 пайыздан ас­тамы жүзеге асырылыпты. Құры­лыс жұмыстарын жүргізушілер осынау бірегей ғимаратты үсті­міздегі жылдың желтоқсанында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Оның жалпы аумағы 8 гектардан асады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ Тәуелсіздік сарайының маңындағы жаңа «Әзірет Сұл­тан» мешітінің құрылысымен де та­нысты. Мешіт құрылысын Түр­кияның «Сембол» компаниясы жүр­гізіп жатыр. Бұл имандылық үйі келушілерге есігін осы жыл­дың аяғында ашатын болады. Құ­ры­лыс жұмыстарымен танысқан Мем­лекет басшысы осы жерде жур­налистерге шағын сұхбат берді. Осы маңдағы бой көтерген нысандардың барлығы жаңа ғи­ма­раттар, қала құрылысының аяқ­талу сатысына кірісіп отыр­мыз, деді Президент. Біз елордаға қа­жетті спорт кешендерін, денсау­лық сақтау мекемелерінің барлы­ғын салдық. Тұрғындардың ба­рып демалатын орындары да пай­далануға берілді. Оқу орындары­ның ғимараттары да есіктерін айқара ашып жатыр. Енді мәде­ниет орындарын салу жұмыс­та­ры қолға алынуда. Ал іргесі қа­ланған осы мешіт біздің дінге деген сый-құрметіміз болып табы­лады. Алдағы уақытта Астанада қажетті барлық рухани-мәдени орындар бой көтеретін болады. Мемлекет басшысы Сорғы-сүзгі стансасының елордалықтар үшін ерекше маңызды екендігіне де тоқталды. Елбасының атап өткеніндей, қаланы таза ауыз сумен, жылумен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп жатыр. Енді астаналықтар ең таза ауыз суды тұтынатын болады, деді Президент осы туралы. Бұл көзге кө­рінбейтін мәселе болғанымен, таза ауыз сусыз қаланың да, қала тұрғындарының да жағдайы бол­майды. Сонымен қатар, елордада сая­бақтар мен көгалдандыру жұ­мыстары тұрақты жүргізіле береді. Астана «Адам – Табиғат» деген идеологиямен салынған бола­тын. Сол идеямыз бүгінде ойда­ғыдай жүзеге асырылу үстінде. Елбасы, сондай-ақ Жеңіс даң­ғылында жүргізіліп жатқан күр­делі жөндеу жұмыстарының және қаланың оңтүстік жағында­ғы Н.Тілендиев даңғылы бойын­дағы тұрғын-жай алабының ин­фрақұ­ры­лымымен де танысты. Елор­да­дағы нысандарды аралау кезінде Мемлекет басшысымен Астана қаласының әкімі Иман­ғали Тасмағамбетов бірге жүрді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.