Кеше Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Кәсіби мереке қарсаңында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшім әріптестеріне өз құттықтауын жеткізіп, салада жемісті еңбек еткендерге құрметті төсбелгілер мен алғыс хаттар табыс етті.
Кәсіби мерекенің шығу тарихына тоқтала келіп, оны барлық әлемдік қауымдастықтың атап өтетіндігін, оның ішінде Қазақстан да 5 маусымды экологтардың кәсіби мерекесі ғана емес, осы саладағы мәселелерді кеңінен талқылайын күн ретінде қарастыратынын жеткізді. Министр өз сөзінде кәсіби мерекенің маңыздылығын атап өтіп, орталық аппарат пен құрылымдық бөлімшелер алдында тұрған міндеттерге тоқталды. Оның ішінде Киото хаттамасын жүзеге асыру барысындағы бірқатар маңызды міндеттер мен парниктік газдарды азайту, парниктік газдар шығарындыларын ішкі квоталау да бар.
Сондай-ақ шара қонақтары Премьер-Министр дипломына арналған «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» атты республикалық сайысқа қатысушылардың үздік жұмыстарын тамашалады. Оның басты ойы балалардың экология проблемасын, өзінің табиғатқа деген нақты көмегін қалай түсінетіндігін анықтау болып табылады.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.