• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2011

Жауапкершілік тетігі нығайтылуы тиіс

328 рет
көрсетілді

Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Парламент Мәжілісі депутаттарының, министрліктер мен ведомстволардың, ғылыми орталықтар мен ұлттық компаниялар өкілдерінің қатысуымен Парламент Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы өтті. Жиын өзегі «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлға­лардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Бір атап өтерлігі, аталған заң жобасы алғаш биылғы жылдың 30 наурызында Қазақстан Президенті жанындағы Құқықтық саясат жө­нін­дегі кеңес жиынында талқы­лан­ған-тұғын. Ол жиында заңды тұлға­ларды жауапкершілікке тарту жүйе­сіне оң көзқарас танытушылық бай­қалған еді. Десек те, Қоғамдық па­ла­таның кезекті отырысы бары­сын­да заң жобасының таласты тұстары әлі де бар екендігі, сондықтан, мә­се­лені жан-жақты, байыппен қа­растырған жөн екендігі айтылды. Жиынды ашқан Парламент Мә­жілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның төрағасы Владимир Боб­ров аталған заң жобасы қабыл­дан­ғаннан кейін жұмыс тобының 20-дан астам отырысы өткендігіне, олар­да қарама-қайшы пікірлер орын алғандығына тоқталып өтті. «Яғни, бұл заң жобасы еліміздегі әрбір азаматқа қатысты болғандықтан, оны қоғамдық палатаның отырысы аясында талқылауды дұрыс деп шеш­тік», – деді В. Бобров. Бұдан кейін сөз алған Эконо­ми­калық және сыбайлас жемқор­лық­пен күрес агенттігі төрағасының орынбасары Андрей Лукин өз баян­дамасында аталған заң жобасы­ның Мемлекет басшысының 2009 жыл­ғы 3 желтоқсандағы тапсырмасына сәйкес әзірленгенін тілге тиек ете келе, бұл мәселені ішкі әлеуметтік-экономикалық жағдайға сәйкес қа­растыру қажет екендігін атап атап өтті. «Жалпы, заңды тұлғалардың әкім­шілік заң бұзушылықтары олар­ға ескертпелер жасаудан, сондай-ақ, заң бұзушылықтың орнын толтыру үшін жасалатын қадамдардан ана­ғұр­лым күрделі. Сондықтан, мұн­дай жобаның жүзеге асқаны дұрыс. Мәселен, шетелдік ауқымды компания өз елінде үлкен әкімшілік заң бұзушылықтардың орын алуы­на жол бермейді. Бұл үдерісті заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту жүйесімен мықтап бекіткен. Яғни, біз талқылап отыр­ған мәселе тек Қазақстанды ғана емес, көршілес елдерді, оның ішінде Ресейді де алаңдатып отыр», – деді Андрей Лукин. Отырыс барысында басқа да сан қилы пікірлер айтылды. Мәселен, Қоғамдық палата мүшесі Ал­тын­шаш Жағанова: «Бүгінде кез келген заңға өзгеріс енгізу сәнге айналып барады. Бұл дұрыс емес. Мәселеге түбегейлі, байыппен, жан-жақты қараған дұрыс. Әрине, мен өзгеріс­тің енгізілгеніне толықтай қосыла­мын. Десек те, еліміздегі бизнес-климатқа зиян тигізбеу жағын да ойлауымыз қажет», – десе, Қоғам­дық палатаның тағы бір мүшесі Марат Бәшімов заң жобасы бірінші кезекте тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталғанын, сондық­тан да оның қолдау тапқанын қа­лай­тынын жеткізді. Жиын соңында оған қатысу­шы­лар заңды тұлғалардың қыл­мыстық жауапкершілігін енгізу әлемдік тә­жірибеде экономи­ка­лық, эколо­гия­лық, сыбайлас жем­қорлық қылмыс­тарына қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін құру қажеттілігінен туын­дағанын, демек, бұл тәжірибенің тиімді тұс­тарын елеп-екшеп, өз елімізде де қолдану қажет деген пікірлерін ортаға салды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.