«Нұр Отан» партиясы әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, соның ішінде «электронды үкіметті» енгізу барысын да үнемі бақылап отырады.
Осы бағдарламада халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімдігі мен сапасын қамтамасыз етуге баса назар аударылады. Қазақстанда ХҚКО-ларды құру идеясын 2005 жылы Мемлекет басшысы ұсынғаны белгілі. Орталықтар ең алдымен жемқорлық көріністері үшін жағдай тудыратын мүмкіндіктер ретінде қызметкерлер мен азаматтар арасындағы тікелей байланысты барынша шектеу мақсатында құрылған болатын.
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік органдар алдына мемлекеттік қызметтердің сапасын одан әрі арттыру, электронды қызмет стандарттарын, ең алдымен, қызмет көрсету орталықтары жұмыстарын жақсарту мен оңтайландыру, «Нұр Отан» партиясына бағдарламаларды іске асыруда қоғамдық бақылауды күшейту міндеттерін қойған болатын.
Жасалып жатқан жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында «Нұр Отан» партиясы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен Байланыс және ақпарат министрлігімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өткізілді. Құжатқа партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров пен Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев қол қойды. Құжат алдағы уақытта Қызмет көрсету орталықтары жұмысының сапасын арттыруда маңызды орын алатын болады.
Нұрлан Нығматулин «Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, жемқорлықпен күрес – бұл тек арнайы мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – бүкіл азаматтық қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан, бүгінгі жасалып отырған келісімдер осы жұмысқа аса маңызды үлес қосады деп сенеміз», – деп атап өтті.
Келісілген жұмыс арқылы тараптар ХҚКО қызметін аз уақыт ішінде жетілдіруге қол жеткізілетініне сенімді.
«Егемен-ақпарат».