• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2011

Оңтүстік мақташылары оңды іс-шаралар күтеді

577 рет
көрсетілді

Жыл сайын Оңтүстік Қазақстан облысында 400-450 мың тонна мақта шикізаты жиналады. Әлемдік рынокта мақта талшығы баға­cының жоғарылауына қарамастан, республикамыздағы мақтаның өнімділігі сол баяғы төмен күйінде қалып отыр. Оның негізгі себеп­терінің бірі мақтаның зиянкестермен көптеп залалдануында болып табылады. Қоза баптаудағы агротехникалық іс-шаралар жүйесінде мақтаны зиянкестерден қорғау басым бағытқа ие. Жалпы алғанда, Оңтүстік Қазақстан облысының (бұдан әрі – ОҚО) мақта егілетін суармалы аймақтары өсімдік зиянкестерінің жаппай көбеюіне қолайлы саналады. Оған дәлел ретінде бір ғана дерек келтірейін: мысал­ға, мақта мамандарының айтуынша, вегетация кезеңінде дақылда 214-тен аса зиянкес өсіп көбейеді екен. Қазіргі таңда ОҚО-ның мақта­шы­лары зиянды организмдермен күре­су­де химиялық тәсілді көптеп қол­да­на­ды. Ал дамыған елдерде зиянкестерге қар­сы химиялық тәсіл аз пай­даланылады немесе тіптен қолданылмайды. Мамандардың айтуынша, химия­лық тәсілдің негізгі кемшіліктері сол, мақта көбелегінің жұлдызқұртына қар­сы химиялық улы препарат­тар­дың бір алқапқа 3-4 рет қолданылуы зиянкестің негізгі энтомофактарын жой­ғанымен, мақта битінің жаппай кө­беюіне алып келіп, соның салдары­нан табиғи тепе-теңдік бұзылады екен де, пайдалы жәндіктер құрып ке­тетін көрінеді. Сонымен қатар, инсектокарацидтерге төзімді зиянкестер пайда болып, яғни зиянкесте улы препараттарға деген имунитет жоға­ры­лап, химиялық препараттардың улы қалдықтары топырақта, мақта талшығында және мақта майында жинақталып қалатындықтан, адам ағзасына айтарлықтай зиян келтіріп, экологиялық жағынан таза өнім шығаруға кері әсерін тигізеді екен. Бүгінгі таңда мақталық алқап­тар­да улы химиялық препараттарды қол­данудың күн санап артуы жергілікті тұрғындардың алаңдаушылықтарын ту­­дыруда. Қоршаған ортаның лас­та­н­уы, адамдардың препараттарды қол­да­ну­да улануы, пестицидтердің қал­дық әсе­рінен өндірілген өнімде сақ­талып қа­луы әр түрлі онкологиялық, аллер­гия­лық және т.б. ауруларды туында­тып, адам денсаулығына қауіп төндіруде. Осыған байланысты мақтаны зиянкестерден қорғауда биологиялық шаралар секілді баламалы әдістерді қолданудың өзектілігі жоғарылай түсіп отыр. Ал биологиялық әдісті қолдану өсімдік қорғау бағытындағы шығын­дардың мөлшерін және хи­мия­лық препараттар қолданы­латын аумақтың көлемін азайтады, қорша­ған ортаға, адамға, жан-жануарларға және пайдалы насекомдарға зиянсыз. Биологиялық әдіс аз шығын жұмсай отырып зиянды организмдердің са­нын елеулі дәрежеде төмендетіп, жо­ғары экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осы себептерге байланысты қазіргі таңда өсімдік қорғауда биологиялық әдіс дүние жүзі бойынша басымдыққа ие болып отыр. Ал, елімізде бұл әдіс айтарлықтай дамымаған. Дегенмен де, ОҚО-да өсімдік қор­ғауда биологиялық әдіске көшу мақсатындағы алғашқы шаралар бас­талып, ағымдағы жылы Мақ­та­арал ауданындағы «Жетісай» биофабри­ка­сының құрылысы аяқталмақ. Биофаб­рика іске қосылған жағдайда 25-30 мың гектар алқапты биологиялық әдіс­пен қорғауға мүмкіндік туын­дай­ды. Бір айта кететін жәйт, оңтүстік өңірдегі биологиялық әдісті мақтада ғана емес, сонымен қатар, бақша, көкөніс, жеміс-жидек, дәндік жүгері және егіс көлемін 400 гектарға дейін жеткізу жоспарланып отырған жы­лыжайларда да қолдану тиімді. Өсімдік шаруашылығын биоло­гия­ландыру нәтижесінде улы химия­лық препараттардың қолданылу кө­ле­мі азайып, оны жүргізуге кететін шығын­дар да кемиді, ең бастысы – бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отырған экологиялық жағдай жақ­сарады, ауылшаруашылық өнімдерінің сапасы жоғарылап, бұл Қазақстан халқының денсаулығына оң әсер етеді. Сондықтан, жоғарыда аталған мә­се­лелерді қорытындылай келе айт­қан­да, Ауыл шаруашылығы министрлігі ОҚО-ның суармалы егіншілік аймақтарында өсімдік зиянкестеріне қарсы био­логиялық әдісті қолдану мен дамытуға қатысты қандай іс-ша­ра­лар жоспарлауда екенін, егер атал­ған жоба ми­нистрліктің жоспарында болса, оның қашан іске асырылуы қарастырылып жатқанын білудің ар­тық­шылығы жоқ. Өйткені, бұл мәсе­ле мақта ша­руашылығымен айналы­са­тындар үшін өте-мөте маңызды. Сондай-ақ және ең бастысы – өсімдіктерді зиянкестерден қорғауда биологиялық әдісті қолдануды мемлекет тарапынан субсидиялау қашан қолға алынатынының да мәні аса жоғары. Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Мәжіліс депутаты.