Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Болат Жылқышиев пен Израильдің СІМ жанындағы МАШАВ халықаралық ынтымақтастықты дамыту агенттігінің халықаралық жобаларды ілгерілету департаментінің директоры Ефраим Бен Матитьяудың кездесуінде Қазақстан мен Израильдің ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты әріптестігін дамыту мәселелері талқыланды.
Б.Жылқышиев Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені алдында тұрған міндеттер туралы хабардар етіп, ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытуды қамтамасыз ететін заңнамалар туралы әңгімеледі. Израиль тәжірибесін пайдалануға Қазақстан тарапының мүдделілігі туралы айта келіп, сенатор құс өсіру, тамшылатып суару, жылыжай шаруашылығын дамытуда осы заманғы технологиялар табысты қолданылып келе жатқанын атап өтті.
«Бізде ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықты күшейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда саланы жаңғырту, инновацияны енгізу үшін зор мүмкіндіктер бар», деп атап өтті Б.Жылқышиев. Израиль жағы ауыл шаруашылығының дамыған оқу орталықтарын құру, Алматы маңында жаңа технологияларды таныстыру алаңдарын жасау туралы ниеттерін білдірді.
Депутаттар С.Плотников, Ж.Нұрғалиев қатысқан кездесу барысында мелиорация кешенін дамыту, инфрақұрылымдар жасау мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің рыногын өркендету жөніндегі бірлескен жұмыстардың жобалары талқыланды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.