Өткен аптада Ақмола облысында қазақтың төменшіктеуі артта қалды ма деген тілі, енді ешкімге таба болмаспыз деген ар-намысы үлкен соққыға душар болды. Ол соққыны бізге бірінен соң бірі араға бірер күн салып осы өңірдегі жергілікті басылымдар жасады. Бұқаралық ақпарат құралдарында мұндай масқаралықты, тұтас бір ұлтты қорлаудың ең сорақы көрінісін кешегі аюдай ақырған кеңес заманында да көрмеп едік.
Әркімге бір иіліп төсек, жайылып жастық болған өзіміз нашармыз ба, жоқ әлде, біз қанша бауырымызға тартқанмен, пиғыл сондай ма, түсіне алмай отырмыз. Айталық, кешегі Көкшетау облысынан қалған ескі көз ғой деп өзіміз ана тіліндегі «Көкшетау» газетінен кем көрмейтін қалалық «Степной маяк» газетіне 2011 жылдың 26 мамырындағы №21 санында «Жилье бомжа-казаха» деген кроссвордты жариялап, сонша не көрінді?!. (Олар ресейлік журналдан еш өзгеріссіз көшіріп алған екен).
БОМЖ сөзінің төркіні түсінікті. Белгілі бір тұрағы жоқ қаңғыбас. Осы ел мен жердің иесі қазақты БОМЖ-ға, ал бүкіл ата-бабамыз, соның ішінде әлемді аузына қаратқан талай ғұламаларымыз дүниеге келген қасиетті киіз үйімізді сол БОМЖ-дың тұрағына теңеп, қаныңды басыңа тепкізетін бұл басылымды осыдан кейін сотқа берсе де обал жоқ. Шіркіндердің ақыры көшіріп басып отырғасын БОМЖ сөзін, тым құрыса, көшпенділер сөзімен алмастыруға өрелері жетпегені ме?!. Елбасының саясатын жүргізеді деген, бюджеттен қаржы алатын мемлекеттік басылымның өзі осыны істеп отырса, басқаларына не жорық?!.
Бұл екі ортада облыста шығатын жергілікті басылымдарда жарияланған 30 мамыр - 5 маусым аралығындағы теледидар бағдарламасында да өңің түгіл түсіңе кіріп шықпайтын сұмдық жағдайлар орын алып: «Кім-көрінгенге қолжаулық болған осы біз кімбіз?» деген төте сұрақ екі-үш күннен бері миымызды кеміруде.
Айталық, Көкшетау қалалық тәуелсіз «Курс», Бурабай аудандық «Бурабай», «Луч», Еңбекшілдер аудандық «Жаңа дәуір», «Сельская новь» сияқты газеттердің беттеріндегі «Хабар» телеарнасының сейсенбі, 31 мамыр күнгі бағдарламасындағы «Мағжан Жұмабаев» деректі фильмі «Мағжан Пятницабаев», ал, жексенбі, 5 маусым күнгі бағдарламасындағы «Бақытжан Жұмаділовті еске алу кеші» «Бақытжан Пятницаділовті еске алу кеші» болып жартылай қазақша, жартылай орысша шатылып-бұтылып, мына құбыжыққа нанар-нанбасымызды білмей, дал болып отырған жайымыз бар.
«Тіл туралы» алғашқы Заңның қабылданғанына биыл аттай 22 жыл. Алдағы желтоқсанда тәуелсіздігіміздің жарияланғанына 20 жыл толмақшы. Сонда жеткен жеріміз осы ма? Біз «жә» деп баяғы үйреншікті сыңай танытқанымызбен, сол нәубетте жазықсыздан жазықсыз атылып кеткен Мағжан ақын аруағы жай күнге де емес, дәл 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне дөп келген бұл сайқымазақтықты қалай кешеді?!. Сондықтан, егер тәуелсіз ел екеніміз рас болса, бұдан былай тұтас бір ұлттың намысын қорлайтын мұндай арсыздықтарға үзілді-кесілді тыйым салатын уақыт жетті.
Ал, енді «жұманың» орнына адамның ойына кіріп шықпас қайдағы жоқ «пятницалар» осы газеттердің (мүмкін, жалғыз бұл басылымдардың емес, республикамызда шығатын басқа газеттердің де) беттерінде қалай өріп кеткен? Ол кімнің, қай арандатушының ісі?!. Жөпелдемеде мұның анық-қанығына жете алмай отырмыз. Бірақ, қайткен күнде де жетіп, бір шара қолданбасақ, елдігімізге сын. Қазақ тіліне қарсы талай құқайды көргенімізбен, тап мынадай шектен шығушылық есте жоқ.
Мұндайда адал пейілді орыстілді басылымдарға қырағылық танытпаса болмайды. «Күл болмасаң, бүл бол» деу жөнсіз. Абырой болғанда, облыстық «Арқа ажары», тағы басқа газеттерде бұл қателерге жол берілмей, бетке салынған жерінен түзетілген. Ал, жоғарыдан түсетін теледидар бағдарламалары оқылмай, дайынға сеніп, сол күйі шығып жататын өзге басылымдарда осы оспадар қалпында кетіп қалған. Сонда қаптаған кезекші редактор, корректор, бас редактор ай бағып отырған ба?! Әлде бұл қасақана жіберілген қате ме?..
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА, журналист. Көкшетау.