Атақты «Қорғас» және «Қалжат» кедендік бекеттерінде ұзақ уақыт бойы тауарларды контрабандалық жол арқылы өткізумен айналысқан ұйымдасқан тағы бір қылмыстық топ мүшелерінің әшкере болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Тағы бір дейтініміз, кедендегі мұндай жағдай бірінші рет орын алып отырмағаны белгілі. Және алдағы уақытта да оның тағы да қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайтыны анық. Ал оларға қылмыстық қамқорлық жасап келген Алматы облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің бұрынғы бастығының ұсталуы және тағы бірқатар беделді деген құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қылмыстық топқа қолдасып қолға түсуі, өзге де қылмыстық топ жетекшілерінің табылуы көптеген сұрақтардың туындауына әкелді.
Осыған байланысты бүгінгі күні ҚМ Кедендік бақылау комитеті төрағасы қызметтен кетті, оның екі орынбасары және бірқатар басқарма басшылары өз еркімен қызметінен босаған. Олардың кінәсі болмаса неге жұмыстарын жалғастыра бермейді? Қып-қызыл ақшаның ішінде қалтаны әбден қалындатқанша жүріп, сосын әшкере болғанда өз еркіңмен тыныш қана кете алсаң қандай жақсы? Жемқорлардың қашан жұлыны үзіледі? Алайда, бүгінде бұл сұрақтарға қанағаттанарлық жауап табу мүмкін емес. Мәселен, кеше ҚМ Кедендік бақылау комитетінің баспасөз мәслихаты өтіп, онда осы көкейтесті сұрақтар көтерілді. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, мардымды жауап жоқ.
Әрине, кеденде атқарылып жатқан оңды істер де аз емес. Біз мұндай келеңсіздіктермен осы орталық аппарат күшімен күресіп жатырмыз, дейді Кедендік бақылау комитетінің өкілдері. Бұл күресте түрлі амалдарды, оның ішінде әдістемелік бағыттарды да ұстанудамыз. Кеден жұмысында Қытай бағыты қашанда өзекті мәселе болып келе жатқаны жасырын емес. О жақтан өте көп тауар түрі жеткізіледі. Егер олардың бәрін каталог бойынша өлшеп, декларациядан тізіп өткізу қажет болса ол оңай шаруа емес екені түсінікті. Біз кезінде мұндай жағдайды ұшақ арқылы жеткізілетін жүктерді ресімдеуден өткізу барысында жатпай-талмай жұмыс істеп бастан кешіргенбіз. Енді жоғарыдағыдай келеңсіз жағдай қайталанбас үшін электронды декларациялау әдісін, яғни, адамның қатысынсыз тауарларды ресімдеу амалын таңдап отырмыз дейді. Бұл дегеніңіз кез келген адам өзінің тауарын интернет арқылы декларациялай алады. Ал кеден инспекторының бұл тауарды тек декларация арқылы өткізуге, яғни төлемді қабылдауға ғана мүмкіндігі болады. Бұл амалды қазір біз қолға алдық дейді, кеденшілер.
Олардың айтуынша, кедендік ресімдеуді жеделдету және жемқорлықты болдырмаудың негізгі шарттарының бірі бизнес-амалдарды автоматтандыру және электронды декларациялауға көшу. Осы мақсатта Комитетте «бір терезе» ақпараттық жүйесін ендіру жұмысы басталған. Мұндай жүйелерді құрудың өзге елдердегі тәжірибесі бұл жобаны жүзеге асыруға жылдар жұмсалатынын көрсетіп отыр, себебі басқа министрліктер мен ведомстволармен өзара ақпараттар жүйесін және іс-әрекетті біріктіру талап етілетін көрінеді. Бұл бағыттағы жұмыс Қазақстан Республикасы Үкіметінің бақылауында, ол үшін Премьер-Министрдің басшылығымен ведомствоаралық комиссия құрылған.
Үстіміздегі жылдың соңына дейін Комитет экспорттық баж алуға жатпайтын тауарлар экспортын электронды декларациялаудың пилоттық жобасын ендіруді жоспарлап отыр. Егер бұл жүзеге асса, онда декларацияны ұсынуды, кеден төлемдерін төлеуді және басқа да кедендік ресімдеуге қажетті құжаттарды ұсынуды интернет арқылы жүзеге асырып, Қорғастағы жүктердің декларациялануын ашық бақылауға мүмкіндік береді.
Осы тақырыптың қозғалуына орай, Қорғас өткізу бекетінде жүктердің жиналып қалуы қытай жағында орын алып отырғанын айту керек, дейді Кедендік бақылау комитетінің ресми өкілі Е.Байтанаев. Мұның себебі, аталған жүктер Қытайда жалған құжаттар негізінде ресімделген, ондағы мәліметтер нақты деректерден алшақ жатыр, сондықтан да өткізушілердің кеден органына ұсынуға батылы бармай отыр. Талапқа сай ресімделген тауарлар, қазіргі кезде, еш кедергісіз кедендік ресімеуден өткізіліп жатса керек.
Үстіміздегі жылдың 5 айында Қытай Халық Республикасынан әкелінген тауарлардан түскен кеден төлемдері мен салықтарына жүргізілген салыстырмалы талдау 1 автокөліктен өндірілген қаржы мөлшерінің өскендігін байқатты. Елімізде 2011 жылы 1 автокөліктен өндірілген орташа ақша 1372,4 мың теңгеге тең болды, бұл 2010 жылдың көрсеткішінен 37 пайызға артық, дейді Е.Байтанаев. Жалпы қазіргі таңда Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті Қытайдан әкелінетін тауардың 1 автокөлігінен алынатын кеден төлемдері бойынша мониторингті және талдауды күнделікті жүргізіп отырған көрінеді. Ал 2011 жылдың қаңтар-мамырында кеден органдары бюджетке 455155 миллион теңгенің кеден төлемдері мен салықтарының түсуін қамтамасыз еткен. Соның нәтижесінде Кедендік бақылау комитеті 398 302 миллион теңге көлеміндегі болжамдық тапсырманы 114,3 пайызға орындаған. Сонда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кеден төлемдері мен салықтары 214 975 миллион теңгеге немесе 89,5 пайызға артық түсірілген. 2011 жылдың қаңтар-мамырында республика бюджетіндегі салық түсімінің 35,0 пайызын, Мемлекеттік бюджеттегі Ұлттық қор түсімдерін ескергенде 15 пайызын кеден төлемдері құрап отырған болып шығады.
Кеден одағы – экономикалық бірігудің одаққа мүше мемлекеттер арасындағы өзара саудаға қойылатын шектеулер мен тыйымдарды, кеден баждарын болдырмайтын нысан. Кеден одағының басымдылығы ортақ рынокпен байланысты, яғни Кеден одағының бірыңғай аумағын құру жолымен тауарлардың ішкі шекара арқылы еркін айналысы, бақылаудың сыртқы шекарадан ішкі шекараға ауысуы болып табылады. 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап ішкі шекаралардағы бақылаудың алынуы Кеден одағы комиссиясы жоспарының 2009 жылы 21 қазанда бекітілген, яғни мемлекеттік бақылаудың келісілген түрлерін Қазақстан-Ресей шекарасынан Кеден одағының ішкі шекарасына көшіру бойынша жүзеге асырылады, дейді Кедендік бақылау комитетінің ресми өкілі.
Үстіміздегі жылы Қазақстан және Беларусь Республикаларының кеден органдары тауарлар декларациясының электрондық көшірмелері, кедендік кіріс ордерлері және алдын ала шешімдер бойынша дерек қорын электронды алмасу жұмысын жалғастыруда. 16-18 маусымда Алматы қаласында Кеден одағының кеден қызметтері басшыларының кезекті кездесуі жоспарланып отыр, онда кеден қызметтерінің өзара ақпарат алмасуына, 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап кедендік бақылаудың алынуына қатысты мәселелер талқыланбақшы, бірқатар техникалық құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.
Қазақстан Республикасының оңтүстік шекарасында бақылауды күшейту бойынша шаралардың шеңберінде өткен жылы Қазақстан тарапынан инфрақұрылымдарының деңгейі және жабдықталуы төмен 13 өткізу бекеті қысқартылды. Бүгінгі күнге оңтүстік шекарада 25 өткізу бекеті қалып отыр. 2011 жылдың аяғына қарай Кеден одағының қазақстандық бөлігіндегі ішкі шекарасына кіретін өткізу бекеттері кедендік бақылаудың заманауи, жоғары технологиялық құрылғыларымен толығымен жабдықталатын болады.
Қазіргі кезде оңтүстік шекарада 7 кеден бекеті мен өткізу бекеттерінің құрылысы және қайта жөнделуі жүріп жатыр, олардың жобасында кедендік бақылаудан басқа санитарлық, фитосанитарлық, ветеринарлық және көліктік бақылауды жүзеге асыруға қажеттіліктер ескерілген. Бұл аталған бақылауларды Кеден одағының кедендік шекарасында жүргізу құзыреттілігі кеден органдарына берілгенін естеріңізге саламыз, дейді кеден өкілдері.
Оңтүстік шекаралардағы кеден органдарының кадрлар құрамын күшейту үшін 2010 жылдың 1 наурызына Қазақстан-Ресей шекарасынан Кеден одағының қазақстандық бөлігіндегі ішкі кеден шекарасына жеке құрамнан 133 қызметкер ауыстырылған. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін оңтүстік шекараларға 500 қызметкерді жіберу жоспарланып отырған көрінеді. Солтүстік шекарадан оңтүстік өлкелерге ауыстырылған кеден органдарының қызметкерлеріне 2010 жылы Қорғаста 18 пәтерлік тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биылғы жылға қызметтік мақсаттағы 478 пәтер салыну жоспарланған. Осындай атқарылып жатқан жұмыстар арқылы кеден органдарындағы жемқорлықтың саябырситынына үміттенеміз. Алайда, «алтын көрсе періште жолдан таяды» дегендей, жемқорлықты жоюдың жаңа тетігі жасалмаса баяғы жартас сол жартас болып қала бермек. Кеден сосын қайдан көгерсін?..
Александр ТАСБОЛАТОВ.