Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Елбасының Астананың азық-түлік белдеуі мен жасыл аймағын құру, сондай-ақ Нұра-Есіл арнасының сағасын тазалау жөнінде берген тапсырмаларының жүзеге асырылу мәселелеріне арналған жұмыс кеңесін өткізді. Оған Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облысы әкімдіктерінің өкілдері мен өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Жиында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов, АШМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Игорь Коваль және АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Анарбек Орман баяндама жасады. Отырыстағы талқылаулар нәтижесі бойынша Ө.Шөкеев Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Астана әкімдігіне айтылған сын-ескертпелерді есепке ала отырып, азық-түлік белдеуін құру жөніндегі кешенді шараны дайындау үшін жұмыс тобын құруды тапсырды. АШМ Орман және аңшылық шаруашылық комитетіне, Астана қаласы мен Ақмола облысы әкімдіктеріне жасыл аймақ құру бағдарламасының жүзеге асырылу кестесін жасап, оны қысқа мерзімде Үкімет қарауына ұсыну, сондай-ақ АШМ Су ресурстары комитетіне Үкімет отырысында қарау үшін Нұра-Есіл өзені арнасының сағасын тазалау жөнінде ұсыныстарын дайындау туралы тапсырмалар берілді.
«Егемен-ақпарат».