Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын әлемде 1,3 миллионға жуық адам жол апатынан опат болады екен. Сонда ғалымдардың есебіне қарағанда, жол-көлік оқиғалары әлем бойынша қайтыс болудың оныншы себебі көрінеді. Ал осы апаттар салдарынан туындайтын қайтыс болу мен жарақат алатындардың 90 пайызға жуығы табыстары төмен және орташа деңгейдегі елдердің адамдары болып отыр.
Әлемдік деңгейде жол-көлік апаттарына ең көп ұшырайтындар 15-29 жастағы жастар. Онда қайтыс болатындардың тең жартысын жаяу жүргіншілер, велосипед және мотоцикл жүргізушілері құрайды. Бұған қоса тағы көптеген адамдар түрлі жарақат алып, өмір бойы мүгедек болып қалады.
Жол апаттары қайғы-қасіретпен қоса, адамдардың отбасыларына және тұтас алғанда елге экономикалық шығын әкеледі. Ол шығындар көптеген елдерде, ұлттық өнімнің 1 % - 3% құрайды. Кейбір елдерде бұл сан 5% жетуі де ықтимал. Сондықтан да Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 2010 жылғы 10 мамырдағы қарарына сәйкес ұлттық, өңірлік және жаһандық жағдайда жол-көлік оқиғалары кезінде қайтыс болу деңгейін азайту мен тұрақтандыру мақсатында 2011-2020 жылдар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-әрекеттің онжылдығы ретінде жария етілді.
Бұл «Іс-әрекетке он жыл» шарасы Жаңа Зеландиядан басталып және Мексикаға дейін ірі қалаларда жалғасын тапты. Сөйтіп онжылдықтың ресми нышаны ретінде жолдағы қауіпсіздіктің әлемдік қозғалысы сары белгі болып нақтыланды. Осы іс-шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы тосын жағдайлар мен әлемдегі жол қозғалысы қаупінің алдын алу барысына назар аудару мақсатында өткізілуде. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан жол-көлік оқиғаларынан жарақаттану және одан қайтыс болу секілді өзекті проблемаларды шешуге бағытталған іс-шараларға белсенді түрде атсалысуда.
Жол-көлік оқиғаларын ескерту бойынша іс-шараларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен 2011-2020 жж. жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-әрекеттің онжылдығы бағдарламасының ведомствоаралық ұлттық жоспарын әзірледі. Ондағы негізгі мақсат – жол-көлік оқиғаларынан опат болуды азайту, жарақаттанудан сақтау болып табылады.
Аталған жоспарда мүдделі министрліктердің өкілдерінің қатысуымен 2011 жылы 11 мамырда іс-әрекеттің онжылдығы кең көлемде өткізілуі, жол-көлік оқиғаларына шұғыл араласуды арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша ақпараттық материалдарды әзірлеу және шығару қызметтері қаралды.
Ал «Іс-әрекетке он жыл» дайындық кезінде Денсаулық сақтау министрлігі «Жарақаттануды ескертуге болады. Әрекет жаса!» ұранымен тұрмыстық және жол-көлік оқиғасынан жарақаттанудың алдын алу бойынша айлық, «Назар аударыңыз, бағдаршам!» сөз сөйлеу және фотосессия, жол қозғалысының жас инспекторлары отрядтарының слеттері, оған қоса «Жас санитар», «Қауіпсіз дөңгелек» секілді қалалық байқаулар өткізілді.
Ішкі істер министрлігінің бастамасы бойынша елдің барлық өңірлерінде 11 мамырда таяу онжылдыққа жоспарланған әртүрлі іс-шаралардың бастауы болатын, жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша кең көлемді насихаттау акциясы ұйымдастырылды. Онда «Онжылдық» шеңберінде балаларды жол оқиғасынан қорғауда олардың құқын сақтауға көңіл бөлу ұсынылып, нақты жобаларға жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша жеке іс-шараларды біріктіруді, сондай-ақ жол қауіпсіздігі саласында халықаралық ұйымдардың басқарушылық рөлін ретке келтіруді қамтамасыз ету ұйғарылды.
Нұрлан БАТПЕНОВ, Денсаулық сақтау министрлігі травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор, жол қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық үйлестіруші.