• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2011

«Жаңа Қазақстан» тобының отырысы

329 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы «Этномәдени білім беру проблемалары және оны шешу жолдары» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Мәжіліс депутаты, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының жетекшісі Қайрат Сәдуақасов жиналысқа модераторлық жасады. Дөңгелек үстелде Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Бах­риден Кәрімжанов – «Қазіргі заман қоғамы мен білім берудегі өзекті мәсе­ле­лер», Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің өкілі Серік Өмірбаев – «Жоғары мектептегі этно­пе­дагогтық білім беру проблемалары» деген тақырыптарда баяндама жасады. Мәжіліс депутаты, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшесі Мұрат Ах­ма­диевтің «Этномәдени білім беру жүйесіндегі «жексенбілік мектептер» қыз­метінің өзекті мәселелері» деген та­қы­рыпта сөйлеген сөзі тыңдаушыларды елең еткізді. Ең алдымен, «жексенбілік мектеп» дегеннің мағынасына тоқталған де­путат осы атау жайлы түсінік біздің елдің ешқандай нормативтік актісінде жоқ екеніне назар аударды. «Жексенбілік мектептердің» жағдайы, ұстаздар құ­рамы­ның білім-білігі, сабақ өткізілетін орны, қаржыландыру көзі жайында білмек болып, облыстардан ақпараттар сұра­тыпты депутат. Павлодар облысындағы «Достық үйінен», Ақмола облысында орта мектеп базасында құрылған «Шаңы­рақ» орталығынан ғана жұмыс жүргізіп жатқаны жайында жауап келген. Педагогика ғылымдарының докторы, Клара Қожахметова «Ұстаздың этно­пе­да­гогтық біліктілігі оқушылардың этнос­тық танымы мен азаматтық көзқара­сы­ның дамуының негізгі факторы» деген тақырыпта сөз қозғады. Ол дөңгелек үстелге қатысушылармен бүгінгі студент – ертеңгі ұстаздардың этнопедагогикалық даярлығының жағдайы, даярлық бары­сында кездесіп отырған мәселелер және олар­ды шешу жолдары жайында ой бөліс­ті. Ұстаздың айтуынша, этнопедагогика мен этнопсихология төңірегінде шешілмеген жайларды үлкен үш бағытта қа­растырған жөн. Олар: «Этнопедагогика» және «этнопсихология» ғылымдарының даму мәселелері; этнопедагогика және этнопсихологияны оқу пәні ретінде эт­но­педагогикалық және этнопсихологиялық даярлықтың өзегі деп қарастыру; үздіксіз оқу-тәрбие үдерісінің этнопедагогикалық және этнопсихологиялық негіздері, яғни этнопедагогикаландыру мен этнопсихо­ло­гияландыру мәселелері. Сонымен қатар, басқосуда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық универ­си­тетінің философия және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Элеонора Туганова, Павлодар қаласындағы «Ұлттық жаңғыру мектебі» мемлекеттік мекемесінің директоры Бақытжан Ахажанова, Оңтүстік Қазақ­стан облысы, Сайрам ауданы, Ю.Сареми атындағы №1 өзбек тілінде оқытатын гим­назия директоры Бахадүр Нұрәлиев, тағы басқалар отырысқа қатысты түрлі та­қырыптарда сөз қозғап, ойларын ортаға салды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жи­нал­ған дөңгелек үстелге қатысушылар эт­номәдени білім беру проблемалары мен оны шешу жолдары жайын қызу тал­қы­лап, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды. Басқосу қорытындысында Білім және ғылым министрлігіне ұсыным жасалды. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.