Былтырғы жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын табысты аяқтаған Қазақстан шілде айынан бастап мүше елдерінің саны жағынан БҰҰ-дан кейінгі екінші орындағы халықаралық ұйым – Ислам Конференциясы Ұйымына төрғалық қызметіне кіріспек. Осы орайда біздің тілшіміз еліміздің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі Асқар МУСИНОВКЕ ғаламтор арқылы бірнеше сауал қойған еді.
– Құрметті Асқар Ахметұлы, өзіңізге белгілі, біздің еліміз тәуелсіздігі қолына тиген күннен бастап, көпвекторлы саясат ұстанумен келеді. Сыртқы саясаттағы осындай Қазақстанның жемісті жолын араб әлемі де қуаттап отыр деп айтуымызға болатын шығар?
– Әрине, оған толық негіз бар. Қазақстан өз даму жолында ешкімді сыртқа теппейтін бейбітшіліксүйгіш қалыбынан айнымай келеді.
Ал еліміздің Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығына қатысты айтатын болсам, ИКҰ-ның 2006-2016 жылдарға арналған он жылдық жоспарында ұйымға мүше мемлекеттер арасында саяси-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше маңыз берілген. ИКҰ-ға мүше мемлекеттер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы бастамасына қолдау білдіріп, Азия Кеңесінің жұмыстарына белсенді түрде қатысуда. Соңғы үш жыл ішінде Иордания, Біріккен Араб Әмірліктері, Ирак және Бахрейн секілді төрт араб мемлекеті Азия Кеңесінің толыққанды мүшелеріне айналды.
2010 жылдың 7-8 маусымында Ыстамбұлда өткен Азия Кеңесінің ІІІ саммитінде БАӘ Сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Наһаян сөз сөйлеп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған кеңесті құру туралы бастамасы табысқа жетіп, бүгінгі күні Азия Кеңесі халықаралық беделді ұйымға айналғанын атап өткен болатын. Шейх Абдалла бен Заид Әл Наһаянның пікірінше, АӨСШК аймақтық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді жан-жақты талқылау және олардың нақты шешімдерін табу бойынша маңызды рөл атқарады. Осы ретте, 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитін араб елдерінің көптеген саясаткерлері «тарихи оқиға» деп бағалап, еліміздің дипломатиясының айқын да жарқын жемісі деп танығанын атап өткен жөн. Ал республикамыздың сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі ретінде араб және ислам әлемінің мемлекеттерімен белсенді әрі берік ынтымақтастық орнатуды және өзара байланыстарды одан әрі тереңдетуді атауға болады.
– Әңгіме ауанын төрағалық барысына қарай тұрсақ.
– Еліміз Ислам Конференциясы Ұйымына мүшелікке 1995 жылы өткені белгілі. Қазақстанда тұратын халықтың басым бөлігі ислам дінін ұстанатындықтан, дүниежүзілік мұсылман қауымдастығы Қазақстанды өзінің ажырамас бір бөлшегі ретінде қарастыратыны анық. Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы Э.Ихсаноғлу: «Қазақстан ИКҰ үшін маңызды мемлекет болып табылады» деп мәлімдеген болатын. Қазақ елінің тарихы мұсылман әлемімен ғасырлар бойы сабақтасып, халқымыздың рухани мәдениеті ислам дінінің өркениетімен ежелден тамырлас екені айтпаса да түсінікті жәйт қой.
Еліміз ИКҰ-ға мүшелікке өткен кезеңнен бастап ислам әлемінің жетекші мемлекеттерімен тікелей қарым-қатынастар орнатып, халықаралық және аймақтық үрдістерге белсене қатысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саяси бастамалары ислам және араб әлемі тарапынан үлкен қолдауға ие болып, еліміздің халықаралық сахнадағы беделі өсіп, салмағы артты. ИКҰ-ға мүшелікке өту арқылы елімізде ірі экономикалық жобаларды жүзеге асыруға арналған көлемді инвестициялар мен қаржылай ресурстар тартылды.
Ислам әлемінің мемлекеттері еліміздің осы жылғы ИКҰ-ға төрағалығына үлкен сеніммен қарап отырғанын атап өту керек. Қазақстан Ұйымға мүше мемлекеттермен барлық бағыттар бойынша белсенді ықпалдастық саясат жүргізетін болады.
– Біздің еліміздің екі жыл қатарынан халықаралық беделді ұйымдарға төрағалық етуі Батыс пен Шығыс арасын жақындастыруға ықпал етеді деген пікірлер айтылып қалады. Осы оң ниет, ізгі ойлардың жүзеге асуына қандай негіз қалануда.
– ИКҰ-ның 2006-2016 жылдарға арналған он жылдық жоспарында толеранттылық құндылықтарды бекіту, экстремизм мен зорлық-зомбылықтан бас тарту және лаңкестікпен бірлесіп күресу секілді маңызды бағыттар айқындалған. Осы ретте, Астанада үш мәрте табысты өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің cъезіне ислам мемлекеттерінің діни жетекшілері жоғары деңгейде қатысып, аталған жиынның әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға қосатын маңызды рөлін атап көрсетіп келеді.
Қазақта «Жауластырмақ – жаушыдан, елдестірмек – елшіден» деген сөз бар ғой. Сол сөз бекерге айтылмаған. Қазақстан Батыс пен Шығысты жақындастыруда осы елшілікті бетке ұстайды. Мысалы, 2009 жылдың 1-2 шілдесі күндері Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III cъезіне БАӘ атынан қатысқан БАӘ Президентінің діни және құқықтық істер бойынша кеңесшісі Сеид Али әл-Хашими Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған бастамасы басқа мұсылман мемлекеттерінің басшылары үшін үлгі болуы тиіс деген пікір білдірген болатын. Қазақстанның ИКҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалығы барысында дінаралық ықпалдастықты дамытуға қатысты іс-шаралар мен бастамалар өз жалғасын табады деп күтілуде.
Еліміздің ИКҰ-ға төрағалығы барысында Ұйым шеңберіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мен Ислам Даму банкі секілді ірі қаржы институттарымен байланыстарды одан әрі дамытуға ерекше маңыз берілмек. Ислам Даму банкінің Алматыдағы аймақтық бөлімшесі 1997 жылы ашылған. 2003 жылы Алматыда Банк жетекшілері кеңесінің кезекті отырысы өткізілді. Осы уақытқа дейін Ислам Даму банкі елімізде Қарағанды-Астана жолының құрылысы, Сызганов атындағы Хирургия орталығы ғимаратын салу, Қазақ гуманитарлық заң университетінің жаңа ғимаратын салу секілді бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырды.
Қазіргі кезде елімізде Ислам банкингі жүйесі қалыптаса бастағанын атап өткен жөн. 2009 жылдың 16-17 наурызы күндері Президент Н.Назарбаевтың БАӘ-ге ресми сапары барысында елімізде «әл-Хилял» тұңғыш Ислам банкін ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізіліп, сол жылы маусымда «әл-Хилял» банкін ашу туралы келісімге қол қойылды. Келісімге сәйкес, аталған банк еліміздің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлік және туризм салалары бойынша жобаларды қаржыландыратын болады. ИКҰ-ға төрағалық барысында араб және мұсылман мемлекеттері тарапынан Ислам банкингі жүйесі бойынша тәжірибе жинақтап, пайдалы кеңестер алуға мүмкіндік жасалады.
– Бұл ретте төраға ел көтерер жүк аз емес дейсіз ғой.
– Әрине, Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалық етуі шеңберінде 7-9 маусым аралығында VII Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумының (БИЭФ) Астанада өткізілуі ислам әлемі елдерімен өзара тиімді сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдетуге үлкен септігін тигізбек. БИЭФ төрағасы Тун Мұса Хитамның пікірінше, «Ислам Давосы» деп аталатын экономикалық форумның Орталық Азия аумағында бірінші рет Қазақстанда өтуі еліміздің қол жеткізген саяси-экономикалық жетістіктеріне берілген жоғары баға болып табылады.
Халықаралық сахнада беделі биік, салиқалы сыртқы саясат жүргізіп, ел ішінде түрлі халықтар мен діндер өкілдеріне бейбіт өмір сүруге жағдай туғызған Қазақстан ИКҰ-ға төрағалығына үлкен жауапкершілікпен келіп отыр деп айта аламыз. Қазақстанның төрағалығы барысында ИКҰ-ның 2006-2016 жылдарға арналған он жылдық жоспарындағы мақсат-міндеттерден бөлек, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы араб мемлекеттерінде орын алып отырған дағдарыстарды еңсеруге қатысты бастамалар ұсынылатын болады. Сонымен қатар, кедейшілік, сауатсыздық, аштық және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тиісті деңгейде көңіл бөлінбек.
Жалпы алғанда, ислам және араб әлемінің мемлекеттері Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығына үлкен сеніммен қарайды.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.